Accessibility links

"Ескертусіз атуды ақтауға болмайды". Қазақстандағы оқиғаға халықаралық құқық тұрғысынан қарау


Республика алаңын наразылық шеруіне шыққандардан тазартуға бара жатқан әскерилер. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
Республика алаңын наразылық шеруіне шыққандардан тазартуға бара жатқан әскерилер. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Human Rights Watch ұйымының Еуропа, Орталық Азия, Америка, Африка елдері мәселелерімен айналысатын заң кеңесшісі, осы ұйымда 2006 жылдан бері жұмыс істейтін Эшлинг Рейдимен сұхбат.

АТУ ЖАЙЛЫ БҰЙРЫҚТЫҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫ

Азаттық: 7 қаңтарда, Қазақстандағы оқиғалар ушығып тұрғанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертусіз атуды қауіпсіздік күштеріне бұйырғанын мәлімдегенін білесіз. Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда бұл заңды ма?

Эшлинг Рейди: Бұл сұрақтың жауабы оңай: ескертусіз оқ атуға бұйрық беру – заңсыз. Шын мәнінде ол кездері негізгі мақсат – наразылыққа шыққандарды жарақат алудан қорғап, құқықтарының сақталуын қадағалау болуы керек еді. Негізгі міндет осы болуы керек тұғын, сондықтан ескертусіз атуға бұйрық беру – наразылық кезінде күш қолдану және тәртіпті сақтау жөніндегі халықаралық стандарттарды бұзу.

Азаттық: Тоқаевтың дипломатия, халықаралық қатынастар саласында тәжірибесі мол. Ол елдің сыртқы істер министрі болған, БҰҰ-да жұмыс істеген. Осы саладағы халықаралық құқық қағидаларымен жақсы таныс. Ескертусіз атуды бұйыра отырып, ол мұндың қандай салдары болатынын білді. Тоқаев бұл жайлы "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында айтып, мұндай жағдайда "елдің мүддесі Батыстың реакциясынан да маңыздырақ болды" деді. Батыс реакциясы туралы айтсақ, олардан қандай реакция күтуге болады? Саяси, құқықтық немесе басқа да салдары бола ма?

Эшлинг Рейди: Халықаралық қауымдастық биліктің наразылықтарға деген реакциясына әртүрлі жолмен жауап бере алады деп ойлаймын. Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше. Екі ұйымға мүше елдер Қазақстаннан адам өліміне байланысты зерттеу туралы, оның сөзінен соң тәртіпті бақылаған қауіпсіздік күштеріне қандай бұйрық берілгені туралы ақпарат беруін талап етіп, адам өлімі мен қамауға алу оқиғаларына қандай уәжі барын сұрай алады. Содан кейін БҰҰ немесе ЕЫҚҰ органдарының бірінде халықаралық міндеттемелерге сәйкес Қазақстанды жауапқа тарта алады. Осылайша бұл екі ұйым Қазақстаннан қаңтардың басында не болғанын түсіндіруді талап ететін шығар.

Азаттық: Биліктің долбарына сеніп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті расымен саботаж жасап, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды, наразылардың кейбірі агрессия таныта бастады делік. Мұндай жағдайда ескертусіз оқ атуға жүгінбей әрекет етуге болар ма еді?

Эшлинг Рейди: Әрине, егер зорлық-зомбылықты тоқтату керек болса, қауіпсіздік күштері күш қолдана алады. Бірақ бұл күш мөлшерімен, тікелей төнген қауіпке жауап болуы керек. Қауіп төндіретін күш қолданбас бұрын сондай әрекетке барғалы жатқаны анық болатындай ескерту жасалуы керек. Осылайша күш көрсетіп жатқан адамға күш қолданылмас үшін әрекетін тоқтатуға мүмкіндік беріледі. Содан кейін өмірді сақтап қалуға немесе дене жарақатынан қорғану үшін қажет болып жатса, күш қолдануға болады, белгілі бір жағдайда өлімге апаруы мүмкін күш те қолданылады. Бірақ ескертусіз оқ атуды ешқашан ақтап алуға болмайды.

Азаттық: Ескертуге келсек. Қазақстанның бірқатар қаласында адамдардан сұрастырғанда, олардың кейбірі үкіметтің әрекетін ақтағандай болады. "Тоқаевтың не айтқанын естідіңдер ғой? Неге сол жерде жүрдіңдер? Неге бірден үйге кетпедіңдер?" дейді. Бірақ алаңдарда болып, бейбіт наразылық білдірген куәгерлер мен жапа шеккендер билік интернетті өшіріп тастағандықтан, не болып жатқанын білмегенін айтады. Кейбірі наразылыққа қатыспағанын, дүкенін қорғауға немесе ауырып жатқан туысына дәрі алуға шыққанын айтады, енді біреулер бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен туыстарын іздеген. Мемлекеттік телеарнадан төтенше жағдай жарияланса, адамдарды негізсіз атпады деуге бола ма?

Эшлинг Рейди: Жоқ. Егер құқыққа негізделген демократиялық қоғам туралы айтсақ, онда адамдарға көшеге шығуға, жиналуға және бейбіт наразылық білдіруге рұқсат беріледі. Егер билік төтенше жағдай енгізетін уақыт келді деп шешсе, оны жариялай алады және бұл заң аясында болуы керек. Бірақ содан кейін олар халықтың төтенше жағдайға байланысты енгізілетін кез келген ережеден хабардан болғанына көз жеткізуі керек. Интернетті өшіру, байланыс орнатуға шектеу қою секілді үрдіс осы ережелер жайлы, төтенше жағдай кезінде не істеуге болатынын, не істеуге тыйым салынғанын халыққа жеткізуге қайшы келеді. Қазір бұған жүгінетін елдер баршылық. Тіпті, біреу комендант сағаты талаптарын сақтамаса немесе бұйрықты орындаудан бас тартса, күш қолдануға болмайды. Әсіресе, өлімге апаруы мүмкін күшті өмірге қауіп төнгенде немесе зақым алудан сақтану үшін ғана қолдануға болады.

Егер адамдар төтенше жағдай ережесін бұзып, далада жүрсе, бірақ агрессия танытпаса, ешкімнің өміріне қауіп төндірмесе, полиция мен қауіпсіздік күштері ескертусіз оқ атпауы керек. Бәрі оңай. Бірақ адамдардың наразылыққа шығуға, көшеде жүруге, жүріп-тұруға хақылы екенін назарға алу керек және олардың бұл хақысы бірінші кезекте қорғалуы керек.

АДАМДАРДЫҢ ҚАЗАСЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?

Азаттық: Зерттеу жүргізілуі мүмкін бірнеше алаң туралы айтқаныңызға оралсақ. Билік оқиғалар кезінде 227 адамның қаза тапқанын айтқанымен, аты-жөнін жарияламады. Қазір солардың өліміне Тоқаев жауапты деген айыптаулар айтылып жатыр. Бұл сөздер еститін жерге жете ала ма? Егер дәлелдер болса, қылмысқа апарған шешімдерге президенттерді жауапқа тартудың қандай да бір механизмі бар ма?

Эшлинг Рейди: Мұндай алаңдардың бірі – Қазақстанның өзі. Қауіпсіздік күштерінің операцияны қалай жүргізгеніне мемлекет басшысы жауап бере ала ма? Егер жауап бере алса, онда әр адамның өлімін ғана емес, жалпы операцияның жоспарлануы мен жүзеге асырылуын да, кім, қашан әрекет еткенін де ескеру керек. Президент қылмыстық жауапқа тартыла ма деген мәселе Қазақстан Конституциясына байланысты. Жаңа айтқанымдай, БҰҰ мен ЕҚЫҰ-да жауапкершілік мемлекет пен үкіметке жүктеледі. Бірақ бұл екі ұйымның ешбірі қылмыстық жауапқа тартпайды. Сондықтан, біреуді қылмыстық жауапқа тарту үшін алдымен елдің ішінде зерттеу жүргізілуі керек.

Азаттық: Бұған дейін бізге сұхбат берген сарапшылар сіз айтқан механизмдердің бірі жайлы баяндаған. Олар ЕЫҚҰ-ның адам құқықтарының бұзылуы жайлы Мәскеу механизмі осындай зерттеу жүргізуге жақсы алаң бола алады деген пікірде. Бұл механизм бұрынғы Югославия секілді бірнеше елде қолданылған. Сіз осы мәселе бойынша Гаагада бұрынғы Югославия жөніндегі Халықаралық трибунал прокуратурасында сот заңгері болып жұмыс істегенсіз. Мәскеу механизмі жайлы не айта аласыз? Қазақстан халықаралық зерттеуден бас тартса, осы механизм қолданылуы мүмкін бе?

Эшлинг Рейди: Иә, әлбетте. Мәскеу механизмі елдің билігі зерттеу жүргізе алмай, жауапқа тартуға қарсы шыққанда қолданылады. Мысалы, Югославия мен Беларусьте наразылықтарды күштеп басты. ЕЫҚҰ екі тергеушісі Мәскеу механизмін қолданды. Осы жақтағы жағдайға келсек, Қазақстан мемлекет ретінде елдің басшылығы мен үкіметі ЕЫҚҰ алдында халықаралық құқық ережелеріне сай жауап береді. Бірақ жеке адамды жауапқа тарту туралы айтып отырған жоқпын.

Олар қылмысқа кімнің жауапты екенін анықтай алады, бірақ бұл адамдарды сот тәртібімен жауапқа тарту мемлекеттік жүйеге жүктеледі. Қазір жеке қылмыстық жауапкершілікті анықтайтын жалғыз халықаралық трибунал – Халықаралық қылмыстық сот. Ол соттың Қазақстанда болған оқиғаны қарастыруы екіталай, себебі бұл ең соңғы амал саналады.

Мемлекеттегі сотта біреулерді жауапқа тартуға ниет те, ерік-жігер де, қауқар да жоғы анық байқалса ғана Халықаралық қылмыстық сотқа жүгінеді. Яғни, адамзатқа қарсы қылмыс жасалғаны, елдің ішінде кінәлілерді жауапқа тартуға мүмкіндік жоғы белгілі болса, іске Халықаралық қылмыстық сот араласады. Осылайша БҰҰ мен ЕЫҚҰ Қазақстан халықаралық міндеттемелерін қалай бұзғанын қарастыруы керек. Содан кейін Қазақстанды кінәлілерді ел ішінде жауапқа тартуға итермелеуі керек.

Азаттық: Гаагадағы халықаралық сот туралы айтып отырсыз ба?

Эшлинг Рейди: Иә, Гаагадағы халықаралық сот.

Азаттық: Сіз айтқан мемлекет жүргізуі керек зерттеуге келсек. Жаңа айтқанымдай, 227 адамның аты-жөнін әлі білмейміз. Бірақ Азаттықтың Қазақ қызметі ашық дереккөздерден, туыстары мен құқық қорғаушылардан қаза тапқандар туралы ақпарат жинай бастады. Содан байқағанымыздай, олардың көбі қарапайым азаматтар, тіпті, кәмелетке толмағандар да бар. Бұл адамдар президент ескертусіз атуды бұйырған соң қауіпсіздік күштері жүргізген арнайы операция кезінде өлтірілгені дәлелденсе, олардың туыстары мемлекеттен қандай өтемақы ала алады? Билік оларға жағдайды қалай түсіндіріп, кінәсін қалай ақтап ала алады? Ең бастысы, мұны кім дәлелдеуі керек? Президент Тоқаев халықаралық зерттеу жүргізуден бас тартты. Егер халық ішкі зерттеу нәтижесімен келіспесе, мұндай жағдайда тәуелсіз зерттеу жүргізуге мүмкіндік бола ма?

Эшлинг Рейди: Сұрақ көп. 227 өлімнің әрқайсын зерттеу керек. Олардың кім екенін, қандай жағдайда қаза тапқанын анықтау керек. Негізгі міндет осы. Күш қолданған сайын немесе адам өлген сайын мұқият тергеу жүргізілуі керек. 227 адамның ішінде қауіпсіздік күштері қызметкерлері болуы да мүмкін, олардың болатынын түсінеміз. Бірақ сіз айтқандай, көбі қарапайым азаматтар, арасында балалар да бар. Сондықтан зерттеу жүргізіп, олардың кім екенін, қалай өлтірілгенін, олардың өліміне кім жауапты екенін анықтау керек.

Егер Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес мұндай зерттеу жүргізуге тәжірибе мен білім жетіспесе, бұл халықаралық стандарттар бойынша әдістемелік нұсқаулықтар бар. Мысалы, БҰҰ-ның адам өлімін зерттеу жөніндегі Миннесота хаттамасы. Яғни, Қазақстанда нұсқаулық бар, бірақ мемлекет соны түсінуге көмектесе алатын халықаралық сарапшыларды тарта алады. Нұсқаулық таңдалған соң, құрбандар үш түрлі құқықтық қорғауға ие болуы керек.

Біріншіден, олар адамдардың өміріне кінәлілердің жауапқа тартылатынын білуі керек. Кей жағдайда қауіпсіздік күштерінің төменгі құрылым қызметкері адам өлтіруі мүмкін. Одан жоғары тұрғандар да, сол күні қауіпсіздік күштерін басқарғандар, әскери қарудан оқ атқан да, наразыларға оқ атуға бұйрық бергендер де жауапқа тартыла алады. Олар тікелей бұйрық алмаса, "Күш қолдануды қажет еткен жағдайға сіздердің қандай әрекеттеріңіз итермеледі?" деген сұраққа жауап алу үшін әрекеттерді кім жоспарлағанын білу керек. Қандай құқықтық норма бойынша ескертусіз оқ ату керек болды? Егер оған негіз болмаса, бұл заңсыз күш қолдану болады да, зардап шеккендерде өтемақы алу құқығы болады. Әрине, ақшалай өтемақы болуы керек. Бірақ халықаралық стандарттарда бір адамның өліміне қандай өтемақы берілетіні белгіленбеген. Бірақ отбасылар өтемақы алуы керек.

Меніңше, бұл жерде негізгі мәселе мынада. Жеке адамдарды жауапқа тарту керек, зардап шеккендерге өтемақы беру керек, содан кейін мұндай жағдайлар қайталанбасы үшін бұл зерттеулер тәжірибенің өзгеруіне алып келуі керек. Әскерилерді дайындауда, бұйрық беруде, операцияны жоспарлауда, қандай кемшіліктер анықталды? Адамдар ақпарат ала алмауы үшін интернетті кім бұғаттады? Осы кемшіліктердің бәрі анықталып, жағдай қайталанбайтындай түзетілуі керек. Сондықтан бұл жерде жауапкершілік, өтемақы және болашақта оқиғаның қайталанбауы негізгі мәселе болып отыр. Адамдар көшеге шығып, наразылық білдіргісі келсе, мұндай әрекет, мұнша адам өлімі қайталанбауы керек. Ал демократияның негізгі элементі бейбіт наразылықтар болғандықтан, адамдар көшеге шығып наразылық білдіретін шығар.

Азаттық: Президент ескертусіз атуды бұйырғандықтан, бұл сұрақтардың бәрінің жауабы анық сияқты көрінбей ме?

Эшлинг Рейди: Теледидардан саяси риторика ретінде айтылған нәрсе мен оқиға орнында берілген бұйрықтарды ажыратуымыз керек. Президент мұндай бұйрық берілді деп айтқан болуы мүмкін. Бірақ бұл оқиға орындарындағы қауіпсіздік күштеріне жетпеген болуы мүмкін. "Жоқ, бұл полиция операциясы" деп айтқан офицерлер болуы мүмкін. Бұл бұйрық оқиға орындарындағы қауіпсіздік күштерінің қару қолдану ережесіне жеткен-жетпегенін зерттеу көрсете алады. Сонда президенттің қаншалықты жауапты екенін бағалауға болады. Бірақ басқару тізбегінде кім тұрғанын анықтау керек. Президенттің телеарнадан сөйлеп, "ескертусіз ату қажет" дегені жеткіліксіз. Мұндай мәлімдемелердің салдары болады, бірақ ол әр адамның өліміне қылмыстық жауапкершілік жүктеуге баруы міндетті емес. Бірақ бұл бұйрық басқару тізбегінде қалай берілгеніне, қауіпсіздік күштерінің қару қолдану ережесіне қалай жеткеніне қарай қылмыстық жауап болуы мүмкін.

Бірақ президент бердім деген бұйрық пен оқиға орындарында болған жағдайлардың арасында себеп-салдарлық байланысты түсіну үшін 227 адамның өлімін зерттеу керек. Әрине, бұл қолдан келетін нәрсе және мұндай бұйрық берілсе, оның болмағаны дұрыс еді. Телеарнадан бұйрық берілгенін айту жауапсыздық, себебі бұл заңсыз бұйрық болды.

Азаттық: Әлем елдерінде болған Қазақстандағы жағдайға ұқсас оқиғаларды, халықаралық зерттеу жүргізілген кездерді есіңізге түсіріп, мысалдар келтіре аласыз ба?

Эшлинг Рейди: Бізде халықаралық зерттеу жүргізілген жағдай көп. Бірақ олардың нәтижесін әлі күтіп отырмыз. Ресей мен Түркияның кей жерінде болған осыған ұқсас жағдайды айта аламын. Бұл елдер бейбіт наразыларға немесе қақтығысқа ұласқан наразылықтарға заңсыз күш қолданған. Ресейде де, Түркияда да халықаралық зерттеулер жүргізілді. Олар Еуропа кеңесіне мүше болғандықтан, адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына жүгіне алады. Қазақстан Еуропа кеңесіне мүше болмағандықтан, мұндай мүмкіндігі жоқ.

Бұл жағдайларда сот мемлекетке наразылық кезінде қаза тапқан адамдарға өтемақы төлеуді міндеттеді, өлімге қатысы барлардың бәрі жауапқа тартылуы керек деп шешті. Еуропа сотына жеткен істердің көбінде наразылық акциялары кезінде қаза тапқан адамдардың өліміне мемлекет кінәлі деп танылды.

Басқа елдерде, әсіресе Уганда, Судан секілді Африка елдері наразылар мен қауіпсіздік күштерінің арасында өте қатты қақтығыстар болды. БҰҰ солардың бәріне зерттеу жүргізді, жауапқа тарту мәселе бірнеше сатыда қарастырылып жатыр. Өкінішке қарай, бұл жағдайлардың кейбірі бейбіт кезде емес, шиеленіс жағдайында болды. Мұндай жағдайларды кең көлемде қарастыру үшін арнай трибуналдар құрып жатады. Егер Қазақстан жауапқа тарту бойынша еш шара қабылдамайтыны, зардап шеккендерге құқықтық көмек құралдарын ұсынбайтыны байқалса, Қазақстанда да арнайы трибунал құрылуы мүмкін немесе қылмыстық жауапкершілік жүктеле ме деген мәселені қарастыратын органдардың бірімен әріптестік жасалуы мүмкін.

КІНӘЛІЛЕРДІ ЖАУАПҚА ҚАЛАЙ ТАРТУҒА БОЛАДЫ?

Азаттық: Қаңтар оқиғаларынан кейін құқық қорғау ұйымдары заңсыз қамауға алу, полицияның қамаудағыларды азаптауы, "өлгеннен кейін лаңкес" деп атайтыны, кейде мәйітті эксгумациялап, қайта жерлейтінін хабарлап жатыр. Журналистер, адам құқықтарын қорғаушылар мұндай жағдайларды жиі келтіріп жатыр, бірақ билік негізінен елер емес. Тоқаевтың өзі азаптаулар жайлы күдік асыра сілтенгенін айтты. Мұндай жағдайда жақынынан айырылған адамдар әділеттілікке қалай қол жеткізе алады?

Эшлинг Рейди: Меніңше, бұл жерде бастысы – адамдар әділет бірден орнамайтынына дайын болуы керек, бірақ бұл мәселенің күн тәртібінен түспеуі үшін соңына дейін бару керек. Себебі билік жауапқа тартылғысы келмесе, мәселенің шешімін ұзақ күтуге тура келеді. Сондықтан бастысы болған жағдайды құжаттау, көп дәлел барына көз жеткізу керек. Оқиға боғлан елде немесе одан тыс қандай да бір өзгеріс болса, бұл дәлелдер кінәлілерді жауапқа тартуға қолданылуы мүмкін.

Мысалы, азаптаулар туралы айтайық. Азаптау – қылмыстық юрисдикция қарастырылатын қылмыс. Азаптауға кінәлі адамдар бұл қылмыс үшін басқа елдерде жазаға тартылуы мүмкін. Әмбебап юрисдикция халықаралық қылмыстарды кінәлі адам сол елдің азаматы болмаса да сотқа тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, Германия сотында Сирияда істелген қылмыстар тергеледі. Азаптау да халықаралық қылмыстардың бірі. Оған кінәлі адамдар көп елде жауапқа тартылуы мүмкін. БҰҰ Конвенциясына сәйкес, азаптау жайлы дәлелді арыз болса, кінәлілерді сондай елдердің юрисдикциясында сотқа тартуға болады.

АҚШ-та жұмыс істеймін. Ирландияда "Қанды жексенбі" (1972 жылы болған – Ред.) деген оқиға болған. Онда да бейбіт наразыларды өлтірген. Жылдар өтсе де, кінәлілерді жауапқа тарту ұраны, толық зерттеу жүргізіліп, зардап шеккендерге өтемақы берілуі керек екені әлі де айтылады. Ауыр естілгенін қаламаймын, бірақ кейде бұл өте ұзақ жол. Бірақ егер адамдарда дәлел болса, болған оқиғаны тіркеп отырса, мемлекетке белсенділер, журналистер мен отбасылар райынан қайтады деп қарсы тұруға жол бермеу керек. Кері шегінбейміз, биыл әділет орнамаса, келер жылы соған жетеміз дей алу маңызды. Бес жылдан кейін болуы мүмкін, бірақ адамдар құқығы қорғалмаса, өзіміздің дегенімізден қайтпаймыз деу керек. Бұл оқиғалар баспасөз құралдарында айтылмаса да, адамдар құрбан болғандарды ешқашан ұмытпауы керек.

Азаттық: Басқа алып қосарыңыз бар ма?

Эшлинг Рейди: Human Rights Watch ұйымы бұл оқиғалардың алғашқы күндерін – қаңтардың төрті, бесі мен алтысын мұқият қарастырып, баяндама дайындады. Бейнежазбалардан қауіпсіздік күштерінің еш негізсіз оқ атқанын, одан бірнеше адамның қаза тапқанын көріп, қатты алаңдадық. Бірақ бүкіл елдегі жағдай мен 227 адамның өлімін талдауға мүмкіндігіміз болмады. Бірақ Қазақстан БҰҰ мен ЕҚЫҰ ұйымдарымен әріптестік орнатып, халықаралық зерттеу жүргізуге мүдделі болуы керек. Егер президент дұрыс әрекет еткеніне сенімді болса, олардың жасыратын дәнеңесі жоқ. Зардап шеккендер оқиғаларды анықтап, ресми дәлел алуы үшін халықаралық зерттеу жүргізу өте маңызды. Бұл халықаралық міндеттемелерді орындауға үлкен қадам болар еді.

  • 16x9 Image

    Торокул ДООРОВ

    Торокул Дооров

    Торокул Дооров Азат Еуропа/Азаттық радиосымен 2002 жылдан бері әріптес. Азаттықтың Қырғыз қызметінің Мәскеудегі тілшісі, «Азаттык плюс» (Бішкек) жастар хабарының редакторы, Прагадағы редакциясында редактор болған. 2014 жылдың шілдесінен Азаттықтың Қазақ қызметінің директоры. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG