Accessibility links

Шымкентте бір топ адам Қаңтар көтерілісінде қаза тапқандардың ісін әділ қарауды талап етті


5 қаңтарда Алматыда оқ тиіп, қаза болған 22 жастағы Аңсар Исламның анасы Жазира Жандарбекова
5 қаңтарда Алматыда оқ тиіп, қаза болған 22 жастағы Аңсар Исламның анасы Жазира Жандарбекова

20 қаңтарда Шымкент қаласындағы Дендросаябақ алдына жиналған бір топ адам президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Қаңтар көтерілісінде қаза болғандар мен қамауға алынғандардың ісін әділ қарауға шақырды. Олар оқты кім, неге атқанын түсіндіруді талап етті.

5 қаңтарда Алматыда оқ тиіп, қаза болған 22 жастағы Аңсар Исламның анасы Жазира Жандарбекова Шымкенте жерленген баласының денесін эксгумациялау жөніндегі қалалық сот қаулысымен келіспей Жоғарғы сотқа шағым түсіргенін айтады.

- Тергеушілер баламның денесіне толық сараптама жасалынбаған дейді. Баламның денесін қайта қазып алуға өлсем де рұқсат бермеймін. Баламды кім, неге атқанын тауып жазасын берсін, - деді Жандарбекова.

Жиналғандар арасында азаматтық белсенділер, Қаңтар көтерілісінде қаза болғандар мен қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалғандардың туыстары бар. Әуелі олар Дендросаябаққа қарама-қарсы тұрған "Қасірет мемориалына" жиналмақ болған. Бірақ құлыптаулы мемориал ішіне кіре алмады.

- Жерленген адамды қайта қазып алудағы мақсаттарының бірі - террорист етіп шығару болуы да мүмкін. Қаңтардағы жағдай бір отбасының емес, бүкіл халықтың қасіреті,- деді жиналғандардың арасында болған "Қаңтар қырғыны" қоғамдық зерттеу орталығының басшысы, саясаткер Жасарал Қуанышалин.

Жиналғандарды жай киім киген полиция қызметкерлері бақылап тұрды

Шымкентте жаппай наразылық 4 қаңтарда бейбіт түрде басталып, 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған күні оқ атылған.

11 қаңтарда Шымкент қалалық денаулық сақтау басқармасы қаңтар оқиғасына байланысты 120-дан аса жаралы адам ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. 4 ақпанда олардың 73-іне оқ тигені мәлім болды.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар көтерілісінде Қазақстанда 227 қаза болған. Оның 19-ы Шымкенттегі қақтығыста өлген.

Қаңтар көтерілісінде қаза болып, жерленгендердің кейбірін туған-туыстарының қарсылықтарына қарамастан бұған дейін құқық қорғау органдары "қайта сараптау үшін" эксгумация жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG