Accessibility links

ІІМ Тұрғымбаевтың отставкаға кетпегенін хабарлады


Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Ішкі істер министрлігі ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың отставкаға кеткені туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратты терістеді.

"Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкаға кеткені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді" деді ведомствоның баспасөз қызметі. Олар мекеме басшысының кестеге сай жұмыс істеп жатқанын да айтты.

22 ақпанда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкаға кететіні туралы хабарды алғаш болып белсенді Тоғжан Қожалиева таратқан.

Тұрғымбаевтың отставкасы туралы хабар қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың азапталғаны туралы шағымдар көбейіп, ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бірнеше орынбасары, бұған қоса бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қамалған тұста тарады. Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу изоляторларындағы азаптаулар жайлы көп шағым түсті. ІІМ полицияның ұсталғандарды азаптағаны туралы ақпаратты жоққа шығарған.

Өткен аптада Тұрғымбаевтың отставкасын талап еткен петицияға мыңдаған адам қол қойған. Петиция авторлары қамаудағы азаптаулар туралы шағымдардың көптігін алға тартып, қаңтар оқиғасын жан-жақты зерттеуге шақырған. Олар Алматыдағы алаңда 6 қаңтарда бейбіт наразыларға оқ атқандарды да жауапқа тартуды талап еткен.

Қаңтар оқиғасы кезінде қазақстандық полицейлер қызмет орнын тастап кеткені үшін де айыпталды. Бас прокуратура мәлімдемесінде "Алматы және Жамбыл облыстарында [полиция] қызметкерлері қарсылық көрсетпестен мемлекет мүддесі мен қоғам қауіпсіздігіне қайшы әрекет етіп, қару-жарақ пен оқ-дәрі бар полиция департаменті ғимаратын тастап кетті" деп жазылған. Соның нәтижесінде ведомство мәліметінше, 1,5 мыңнан астам қару-жарақ жоғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG