Accessibility links

Қантөгістен кейінгі бір ай. Жауабы жоқ сұрақтар


Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Куәгерлердің айтуынша, осы фото түсірілгеннен кейін біраз уақыт өткенде оларға жаппай оқ жаудырған. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.
Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Куәгерлердің айтуынша, осы фото түсірілгеннен кейін біраз уақыт өткенде оларға жаппай оқ жаудырған. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасында, ресми дерек бойынша, 227 адам өліп, мыңнан астамы жараланған. Елге "шетелде дайындалған террористер" мен "қарулы бандиттер" шабуылдады деп мәлімдеп, "ескертусіз атып тастауды" бұйырған Ақорда ҰҚШҰ күшінің көмегіне жүгінді. Азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар "шамадан тыс күш қолданған" билікті сынап, көп адам мерт болған оқиғаны ашық, тәуелсіз зерттеуге үндеді.

Қаңтардағы қантөгістен бері бір ай өтсе де, билік тарапынан әлі күнге жауабы жоқ сұрақтар аз емес.

СҰРАҚ: Қаңтардағы дүрбелең кезінде қанша бейбіт адам оққа ұшты? Үкімет ондай ақпаратты жариялауды неге созып отыр?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда халыққа үндеуінде Қазақстанға "шетелде дайындалып келген террористер" мен "қарулы бандиттер" шабуылдағанын айтып, күш құрылымдарына "ескертусіз атып тастауды" бұйырғанын мәлімдеді. Ол жағдайды бейбіт келіссөз арқылы реттеуге үндегендердің өзін сөкті. Содан он күн бұрын ғана ұлттық заңнамадан өлім жазасын жою туралы жарлыққа қол қойған Тоқаевтың "ескертусіз ату" жайлы сөзін Қазақстанда азаматтық қоғам өкілдері, сонымен бірге халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері сынға алды.

Ал 10 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) онлайн саммитінде Тоқаев "біз бейбіт шеруге шыққандарға қарсы ешқашан қару қолданған жоқпыз және қолданбаймыз да" деп мәлімдеген. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин 7 ақпанда "Қасқа жол" YouTube-арнасында жарияланған сұхбатында "6 қаңтарда Алматыда бейбіт адамдарға үкімет күштері оқ атқан жоқ" деп айтты.

Мемлекеттік хатшы "бейбіт жиынға оқ атылмағанын" айтады. Куәгерлердің көргені басқа
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Бірақ қаңтардағы дүрбелең кезінде қаза тапқан адамдардың кейбірі әскерилер оғынан мерт болды дейді марқұмдардың туыстары. Азаттық 5 қаңтарда Талдықорған қаласының шетіндегі әскери бөлім маңында мал қарауға шыққанда оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев, Алматыда 7 қаңтарда үйіне қайтып келе жатқанда оқ тиіп, көлігінде өртеніп кеткен ерлі-зайыпты Қуат Біткенбаев пен Гүлзипа Құлсұлтанова, 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында бейбіт акцияда тұрған қарусыз адамдарға тұтқиылдан жаппай оқ жаудырғанда мерт болғандар және басқалар туралы жазған. Бейбіт адамдардың қазасына байланысты қанша іс қозғалғаны да белгісіз қалып отыр.

СҰРАҚ: Билік айтқан "20 мың террорист" қайда кетті? Олар қандай террор тобына жатады, қай елде, қашан дайындықтан өткен?

7 қаңтардағы үндеуінде президент Тоқаев Қазақстанға "20 мың террорист" шабуыл жасағанын айтты. Билік "террористер Орталық Азиядағы елдердің бірінен келді" деп мәлімдеді. Бірақ нақты қай елден келгенін және қашан дайындықтан өткенін әлі айтпай отыр.

Президент Тоқаев қаңтардағы жаппай наразылық басталғаннан кейін "террорист" деген сөзді ең алғаш рет 6 қаңтарда түн мезгілінде Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынында айтты. "Қазақстанға шабуыл жасаған күштер – шын мәнінде нағыз террористік күштер болып табылады. Соған байланысты біз террорға қарсы операция жүргізіп, оларға қарсы тойтарыс беруіміз керек" деп мәлімдеді ол. Тоқаев "шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористік банда" деп атаған адамдардың "Қазақстанға жасаған шабуылын агрессиялық акт деп қарастыру керек" деп мәлімдеді. "Осыған байланысты Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрадым" деді Тоқаев.

Қазақстандағы мемлекеттік және үкіметке жақын телеарналар шетелден келген "лаңкес" деп көрсеткен адам Алматыға концерт қоюға келген қырғызстандық танымал музыкант Викрам Рузахунов екені анықталды. Бостандыққа шыққаннан кейін Рузахунов қамауда отырғанда "өзін өзі қаралауға мәжбүрлегенін" мәлімдеген соң жұрт арасында биліктің "террористер" туралы сөзіне күмән күшейді.

СҰРАҚ: Төтенше жағдай жарияланған Алматыда әуежай неліктен аяқ астынан күзетсіз қалды? Тоқаев айтқан "гастарбайтер-командирлер" Қазақстанға қай елден ұшып келіп, кейін қай елге ұшып кеткен?

Президент Тоқаев 29 қаңтарда "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында "5 қаңтарда бүлікшілер Алматы әуежайын басып алып, Орталық Азияның бір қаласынан гастарбайтер кейпіне еніп, ұшақпен жеткен командирлерін қарсы алып, оларды шекаралық бақылау бекетінен ішке өткізіп алған соң, келген адамдар қалаға барып, бүлікке басшылық жасаған. Кейін құқық қорғау органдары олардың ойға алғанын жүзеге асыруға мүмкіндік бермей, тойтарыс берген соң олар ұшақпен ұшып кетті, әуежайды билік қайтарып алды" деп мәлімдеді.

Алматы әуежайы аумағына кіреберісті күзетіп тұрған сарбаздар. 2022 жылғы 5 қаңтарда таңғы 4:30 кезінде түсірілген сурет.
Алматы әуежайы аумағына кіреберісті күзетіп тұрған сарбаздар. 2022 жылғы 5 қаңтарда таңғы 4:30 кезінде түсірілген сурет.

Азаттық тілшілері 5 қаңтар таңертең Алматы әуежайында әскерилердің мықты күзеті тұрғанын көрген еді. Куәгерлердің айтуынша, түстен кейін әскерилер аяқ астынан бірі қалмай кетіп қалған. Әуежай бүлікшілер қолына түспей тұрып, Алматыға Өзбекстан астанасы Ташкенттен екі ұшақ, Тәжікстан астанасы Душанбеден бір ұшақ келіп қонып, кейбірі кері ұшып кеткенін әуе қатынасын онлайн қадағалайтын интернет сайттан қазір де көруге болады. Бұған қоса, сол күні түскі сағат бір жарымда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев үнемі мініп жүрген Airbus A330-243 Prestije ұшағы Алматыдан астанаға ұшып кеткен. Әуежайды бүлікшілер басып алған кешкі сағат сегізден кейін Алматыға Орталық Азия елдерінен келген я кеткен басқа рейс болмаған. Әуежайдан әскери күзет неге алынды? Төтенше жағдай жарияланған қалада стратегиялық нысан неліктен қорғаусыз қалды? Бұл сұраққа да жауап жоқ.

СҰРАҚ: Тоқаев айтқан "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған" және "барлық іс-әрекетті бір орталықтан үйлестірген" кімдер? Қолында қандай күш болған?

ҰҚШҰ онлайн жиынында сөйлеген сөзінде президент Тоқаев Қазақстанда қаңтардың басындағы оқиға кезінде "діншіл радикалдар, қылмыстық элементтер, сұмпайы бандиттер, тонаушылар мен бұзақылар наразылықты тірі қалқан етіп пайдаланды, әскерилер мен полицейлерді асқан қатыгездікпен ұрып-соғып, екі әскери қызметкердің басын кесті" деді.

Бұған қоса Тоқаев Қазақстанда "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болды, барлық іс-әрекет бір орталықтан үйлестірілді" деп мәлімдеді. Алайда әзірге билік бұл айтылғанға ешқандай дәлел-айғақ келтірген жоқ.

Қаңтардағы дүрбелең кезінде Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығын тұтас ауыстырған. 6 қаңтарда қызметінен алынған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылғы "сенімді көмекшісі" Кәрім Мәсімовтің ұсталғаны жайлы ақпаратты ресми органдар тек екі күннен кейін жариялап, тергеу ісі құпия екенін хабарлады. Бұрын Қазақстан үкіметін екі рет басқарған 56 жастағы Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша қозғалған сотқа дейінгі тергеу ісі аясында күдікті ретінде тұтқындалған. Кейін оның үстінен "билікті күшпен басып алуға оқталу" және "лауазым өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша сотқа дейінгі іс қозғалғаны белгілі болды. Мәсімовпен бірге оның екі орынбасары да тұтқындалды. Ал ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған экс-президент Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің алдымен "демалысқа кеткені", кейін "қызметтен босатылғаны" хабарланды.

Алматыдағы дүрбелең кезінде әлеуметтік желіде тараған ақпаратта Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне қарасты мекемелер қызметкерлерін үйге қайтарып жіберіп, иен қалғаны айтылған еді.

СҰРАҚ: Тоқаев пен Таймерденов айтқан "мүрде ұрлаған террористер" Алматыда қанша және қандай мәйітханаға, қай кезде шабуыл жасаған? Мүрдені қалай алып кеткен? Өлген адамдардың кім екені белгілі ме? Оларды мәйітханаға қашан, қайдан жеткізген?

Президент Тоқаев 10 қаңтарда ҰҚШҰ жиынында "Алматыда террористер өлген адамын тастамай, түн ішінде мәйітханадан да, ұрыс алаңынан да алып кеткенін" айтты. Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов дүрбелең кезінде "қаладағы мәйітханаларға жеті рет шабуыл жасалып, белгісіз біреулер 41 өлген адамды алып кетті" деп мәлімдеді. Кейін Алматы полиция департаменті өкілі Салтанат Әзірбек қаңтарда болған "ойранға қатысы бар" адамдарды жерлеген орын табылды деп хабарлаған мемлекеттік агенттік таратқан ақпаратты растады, бірақ қай жерден, қанша мүрде табылғанын айтпады.

Қаңтар оқиғасын "ұйымдастырған" кім?

Қаңтар оқиғасын «ұйымдастырған» кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

ҚАНДЫ ҚАҢТАР

Жыл басында Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған халықтың бейбіт наразылығы Маңғыстау өңіріндегі бірнеше елдімекенге жайылды. Жұмыссыздық, қымбатшылық пен жоқшылық қысқанын айтқан жұрт билікке талабын жеткізу үшін көшеге шықты. Іле-шала елдегі ондаған қала, облыс мен аудан орталықтары, тіпті шалғайдағы ауылдарда жаңаөзендіктерді қолдау акциялары өтті.

Басында әлеуметтік жағдайы төмендеп кеткеніне шағым айтқан көптің талабына билік құлақ асқандай болған: газды арзандатып, тіпті үкіметті отставкаға жіберді (ескі үкімет мүшелерінің көбі кейін жаңа құрамға қайта енді). Бірақ бейбіт шеруге шыққандар тарамады, олар елде түбегейлі саяси өзгерістер болуын талап етті. Митингіге шыққан халық Қазақстанды отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылғы 19 наурызда президенттіктен кетсе де, мемлекетті басқару ісіне әлі ықпал етіп отырғанын, ол құрған авторитар билік жүйесі халықты өз басшысын өзі таңдау құқығынан айырғанын, бүкіл ұлтқа тиесілі байлықты ат төбеліндей топ иеленіп алғанын, әділетсіздіктен көз ашпаған елде барлық саланы жемқорлық жайлағанын айтып, осының бәріне жауапкершілікті билікке артты. Елде қалыптасқан жағдайға көңілі толмайтынын айтқан азаматтар Конституцияда кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын еркін пайдаланғысы келетінін мәлімдеді.

Көптеген өңірде билік наразылармен ашық диалог арқылы емес, полиция күшін қолданып "сөйлесуді" жөн көрді. Қаңтардың бесіне қараған түні бірнеше қалада бейбіт наразылықтың соңы дүрбелеңге ұласты: белгісіз біреулер көшедегі көліктерді өртеп, әкімшілік ғимараттарға шабуылдап, сауда нысандарын, банк бөлімшелерін бүлдіріп, тонады.

Ақорда елде төтенше жағдай жариялап, жаппай наразылықты басуға күш қолданды. БҰҰ, Amnesty International, Human Rights Watch және өзге де ұйымдар Қазақстан билігін дүрбелең кезінде халыққа оқ ату, күшпен ұстау және азаптау, қысым көрсету жайлы фактілерге байланысты қатаң сынап, оқиғаны жан-жақты зерттеу қажетін айтқан. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген.

Қазірге бар ресми дерек бойынша, қаңтар дүрбелеңі кезінде 227 адам (19-ы – күш құрылымдары қызметкерлері) мерт болып, мыңнан астам азамат жараланған. 12 қаңтарда Amnesty International құқық қорғау ұйымының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс Қазақстан үкіметін қазаға ұшыраған бейбіт адамдар туралы ақпаратты дереу жариялауға үндеген. Бірақ билік олардың тізімін әлі күнге жариялаған жоқ.

Қазақстандық құқық қорғаушылар қаза болғандар арасында ондаған бейбіт демонстрант пен наразылыққа еш қатысы жоқ адамдар (екеуі – кәмелетке толмаған бала) барын айтады. Олар әзірлеп жатқан тізімге қаңтардағы оқиғалар барысында мерт болғаны анықталған 173 адам енгізілген. Азаттық радиосы да 2022 жылғы қаңтар оқиғасы құрбандары тізімін бастаған, онда қазір 162 адам бар:

Прокуратура дерегінше, қаңтар оқиғасына байланысты елде 2,7 мың қылмыстық іс қозғалып, 802 адам күдікті ретінде тұтқындалған. Соның ішінде 113-і – адам өлтіру, ұрлық, тонау баптары бойынша бұрын сотталған. Күдікті ретінде қамалған адамдардың тергеу кезінде азап көргені жайлы күн сайын жаңа ақпараттар түседі.

29 қаңтарда мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында "азаматтардың құқығы бұзылмайтынына кепілдік беретінін" айта келе, Тоқаев тергеу кезіндегі азаптау жайлы хабарларға байланысты "өсіріп айтуы әбден мүмкін, әрине, байбалам да көп" деп жауап берген еді.

Президент Тоқаевтың сұхбаты көкейдегі көп күмәнді сейілтті ме?

Тоқаев сұхбаты көкейдегі көп күмәнді сейілтті ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Human Rights Watch ұйымы 1 ақпанда жариялаған есебінде полиция бейбіт наразылар мен басқа да адамдарды жөн-жосықсыз ұстаған, кейбіріне қатігездік танытып, электрошокермен азаптап, шоқпармен ұрған деп жазған. Елдің сыртқы істер министрлігі 3 ақпандағы хабарламасында Қазақстан ұсталған азаматтарға тергеу кезінде "шамадан тыс" күш қолдану, заңсыз ұстау, азаптау мен қатыгездік танытқан болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды және ондай жайттарды айыптайды деп мәлімдеді. СІМ қазір тергеу кезінде "заңсыз әдісті қолдану" бабы бойынша 98 іс тергеліп жатқанын хабарлап, "кез келген ақпарат мұқият тексерілетін болады" деп сендіруге тырысты.

4 ақпанда Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов елде прокуратура органдарына полицейлердің "тергеу кезіндегі заңсыз әдіс қолданғаны" жөнінде түскен 148 арыз-шағымның 105-іне байланысты қылмыстық іс ашылғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG