Accessibility links

"Мүліктен гөрі адам өміріне басымдық берілуі керек". HRW Қаңтар оқиғасын бейтарап тергеуге шақырды


Қазақстан күш құрылымдары Алматыдағы наразылықты басу кезінде. 5 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстан күш құрылымдары Алматыдағы наразылықты басу кезінде. 5 қаңтар 2022 жыл.

Human Rights Watch 4-6 қаңтар күндері Алматыда түсірілген 80-нен астам видеоны талдап, қауіпсіздік күштері кемі төрт жағдайда кісі өліміне әкелуі мүмкін қару қолданғанын айтты. Халықаралық ұйым сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуроодақ ұйымдарын Қазақстанды қауіпсіздік күштерінің әрекетін "нәтижелі, тәуелсіз және бейтарап" тергеуге шақыруы тиіс, егер үкімет халықаралық стандартқа сай тергеу жүргізе алмаса, онда Мәскеу тетігін іске қосу қажет деді.

HRW анықтаған төрт қайғылы жағдайдың бірінде оқиға салдары мейлінше ауыр болған: 10 адам қаза тапқан, 19 адам жарақаттанған.

"Қауіпсіздік күштерінің қаруды негізсіз қолданып, кемі 10 адамды өлтіргенін көрсететін анық айғақ бар, – дейді Human Rights Watch ұйымының қақтығыс пен дағдарыс жөніндегі зерттеушісі Джонатан Пено. – Күшпен басып-жаншу кезінде опат болғандар бұдан едәуір көп болуы ықтимал және бұл нәтижелі тергеуді қажет етеді".

Бұл – Алматы қаласындағы бір оқиғаның жайттары ғана. 2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық бүкіл Қазақстанға тарап, толқуға ұласқан. Ондаған мың адам қымбатшылыққа шағынып, елдегі саяси жүйені өзгертуді талап еткен. Қарсылық жиындары 5-6 қаңтар күндері шарықтау шегіне жетті. Елдің бірнеше қаласында, соның ішінде Алматыда бірнеше мемлекеттік ғимарат басып алынып, өртке оранды. Осы кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға "сырттан лаңкестік шабуыл жасалды" деп Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады, құқық қорғау органдары мен әскерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Салдарынан жүздеген адам мерт болды, мыңдаған адам жарақат алды. 15 қаңтар күні бас прокуратура сол күндері ел бойынша мәйітханаларға 225 өлі адамның денесі жеткізілгенін, үш күннен соң денсаулық министрлігі жан сақтау бөлімінде болған тағы екі адамның көз жұмғанын хабарлады. Бірақ ел арасында опат болғандар бұдан көп болуы мүмкін деген пікір бар.

Қазақстан билігі қаза тапқандардың ішінде тек әскерилер мен полицейлердің ғана атын атап, қалғандарының мәліметін айтпай отыр. Бар болғаны опат болғандар ішінде «содырлар мен солардың қолынан қаза тапқандар» бар деумен шектелді. Билік қаңтар оқиғасында террористік сипат болғанын жиі айтады, бірақ әзірге оның айғағын келтірмеді. Президент Тоқаев 7 қаңтар күні "Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады" деп мәлімдеді. Осыдан кейін мемлекеттік арналардан "митинг үшін 90 мың теңге ұсынды" деген, беті көгерген қырғыз азаматының видеосын жариялады. Бірақ көп ұзамай ол азаматтың танымал қырғыз музыканты Викрам Руханов екені белгілі болып, ресми Бішкек араласқан соң, оны босатты. Мемлекеттік арна жариялаған видеосын өшіруге мәжбүр болды. Бұдан өзге айқын дәлел келтірілмеді.

25 қаңтар күні жарияланған мәлімдемесінде HRW ашық көздерде тараған видеоларды спутник карталарымен және суреттерімен салыстырғанын, сол арқылы оқиғалардың ретін анықтағанын, үш куәгермен, бір журналиспен және екі шерушімен сөйлескенін айтады.

"Бірінші жағдайда 4-5 қаңтар күндері түсірілген 17 видео бейбіт наразылардың шерулетіп Алматыдағы қала әкімдігі мен президент резиденциясының жанындағы Республика алаңына барғанын көрсетеді. Осы бір жиынның ішіндегі шағын топ алаңға бара жатқан жолда дүкендерді тонаған көрінеді. Наразылар алаңға келген соң, көп ұзамай түнгі 12:15-те қауіпсіздік күштері оларды көз жасын ағызатын газ, шулы граната, резеңке оқтармен мәжбүрлеп таратқан. Осыдан кейін жұрт қауіпсіздік күштеріне шабуылдап, полиция көліктерін өртеген" дейді HRW халықаралық ұйымы.

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:23 0:00

Осыдан кейінгі 23 видео 5 қаңтарға қараған түні сағат 3 пен 5:30 аралығында түсірілген дейді зерттеушілер. Олардың сөзінше, ол видеоларда президент резиденциясын күзеткен қауіпсіздік күштері жүздеген адамға қарата автоматтан оқ атқаны көрінеді. Жиынның арасында наразылармен бірге қолына таяқ, қалқан, күрек ұстаған адамдар да болған.

"Адамдар қауіпсіздік күштеріне тікелей қауіп төндірмеген. Дегенмен бір адамның тапанша ұстап тұрған болуы мүмкін" дейді ұйым. Ол видеолардан HRW ұйымы 10 адамның қаза тауып, 19 адамның жарақаттанғанын байқаған.

Осыдан кейін зерттеушілер алаңдағы жағдайды сағат бойынша талдап шыққан.

КУРСАНТТАР БЕЙБІТ ЖИЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ДАЙЫН БОЛМАУЫ МҮМКІН

HRW ұйымының сөзінше, адам құқығын сақтау жөніндегі халықаралық заңнамаға сай, бейбіт жиын кезінде тәртіпті сақтауға жауапты қауіпсіздік күштері арнайы дайындықтан өткен болуы тиіс, олар адам құқығын бұзбайтындай етіп әрекет етуі керек. Бірақ сол күндері билік наразы жұртты басуға әскери училищенің курсанттарын жұмылдырған дейді зерттеушілер.

"Шабуыл кезінде резиденцияда болған бұрынғы солдат Instagram-да тікелей эфирге шығып, іштегі әскермен байланысқа шыққанын, ғимаратты "18-20 жас аралығындағы курсанттар мен олардың офицерлері" күзеткенін айтқан. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдемелері, Орталық мемлекеттік музей қызметкерінің сөзін келтірген баспасөз хабарлары резиденцияны курсанттардың күзеткенін растағандай. Егер бұл ақпарат рас болса, курсанттар жаппай тәртіпсіздік кезінде қолданылатын қауіпсіз шараларға дұрыс жаттықпаған болуы мүмкін" дейді штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан ұйым.

"Видео түсірілімдеріне қарағанда, президент резиденциясына басып кіру талпынысының екі жағдайында да қауіпсіздік күштерінің өміріне тікелей қауіп төндіретін, суық қару қолданатындай ахуал болмаған, – дейді HRW зерттеушілер. – Егер күш құрылымдарында ғимараттарды қорғауға қажет қауіпсіз құралдар болмаса және олар өз қауіпсіздігіне алаңдаса, мүліктен гөрі адам өмірін сақтауға басымдық берілуі керек".

Төтенше жағдай кезінде Алматы көшесінде жүрген қауіпсіздік қызметкері. 14 қаңтар 2022 жыл.
Төтенше жағдай кезінде Алматы көшесінде жүрген қауіпсіздік қызметкері. 14 қаңтар 2022 жыл.

Қауіпсіздік күштерінің қаруды орынсыз қолданғанын атап өткен халықаралық ұйым БҰҰ құжатына сілтейді. 1990 жылы Куба астанасы Гаванада БҰҰ-ның Қылмыстылықтың алдын алу және құқық бұзушылармен қарым-қатынас жөніндегі Сегізінші конгресі "Тәртіпті сақтау жөніндегі лауазымды тұлғалардың күш және оқпен ататын қаруды қолдануының негізгі қағидалары" дейтін құжат қабылдаған. Онда "Тәртіпті сақтау жөніндегі лауазымдық тұлғалар осындай қызметтерді атқару барысында мүмкіндігінше күшті немесе оқпен ататын қаруды қолдануға мәжбүрлегенге дейін күштеп, зорламайтын құралдарды пайдаланады. Олар күшті пен оқпен ататын қаруды осыдан басқа тәсілдер тиімсіз болған жағдайда немесе көзделген нәтижеге жетуге ешқандай үміт қалдырмаған жағайларда ғана қолдана алады" деп жазылған.

"МӘСКЕУ ТЕТІГІ"

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болған құқық бұзушылықтарды тізе келіп, HRW ұйымы БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) және Еуроодақты Қазақстан үкіметін "қауіпсіздік күштерінің қаңтар оқиғаларындағы әрекетін нәтижелі, тәуелсіз және бейтарап тергеуге" шақыруы тиіс дейді.

Ұйым сондай-ақ Қазақстан үкіметіне де жүгініп, қауіпсіздік күштерінің өкілдеріне шабуыл жасағандарды, мемлекет мүлкін бүлдіргендерді және өзге де құқық бұзушылық жасағандарды анықтау үшін нәтижелі тергеу жүргізуге шақырып отыр.

Сондай-ақ үкімет халықаралық сарапшылардың көмегіне жүгініп, ел ішіндегі және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс дейді HRW ұйымы.

"Егер үкімет халықаралық стандарттарға сай нәтижелі тергеу жүргізе алмаса, ЕҚЫҰ мүшелері "Мәскеу тетігін" (ЕҚЫҰ-ның тергеу бастамасы) іске қосып, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшелері аталған мәселелерді келесі сессиясында көтеруі қажет" деп мәлімдеді Human Rights Watch.

1991 жылы Ресей астанасында ЕҚЫҰ-ның "Адами өлшем жөніндегі конференцияның Мəскеу кеңесіндегі құжаты" қабылданған. "Мәскеу тетігі" ретінде танылған бұл құжат бойынша, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бірінде адам құқығына байланысты мәселе туса, ұйым мүшелері әлгі елге тәуелсіз сарапшылардан тұратын миссия жіберуге қақылы. Миссия оқиғаны тергеп, нәтижесін сол елдің өзіне, жіберген ұйымға баяндайды. Ұйым тарихында "Мәскеу тетігі" 10 рет қолданылған. Соңғысы 2020 жылы 18 қыркүйекте Беларусьтегі жағдайға байланысты іске қосылған. Қазақстан – 1992 жылдан бері ЕҚЫҰ мүшесі. 2010 жылы ел астанасында осы ұйымның саммиті өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG