Accessibility links

Бас прокуратура: "Тергеу кезінде заңсыз әдіске жүгіну" бойынша 148 шағым түсті, 105 іс ашылған


Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандардың туыстары прокуратурада азаптауды тоқтатуды, жақындарын босатуды талап етіп тұр. Алматы, 1 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандардың туыстары прокуратурада азаптауды тоқтатуды, жақындарын босатуды талап етіп тұр. Алматы, 1 ақпан 2022 жыл.

Прокуратура органдарына полицейлердің "тергеу кезінде заңсыз әдіске жүгінуі" бойынша 148 шағым келіп түсті. Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов 4 ақпан күнгі брифинг кезінде осылай деп мәлімдеді. Қилымжановтың сөзіне қарағанда, шағымдардың дені "билік өкілетін асыра пайдаланумен" (құқық қорғаушылар осы тіркес арқылы билік аяусыз азаптауларды бүркемелегісі келеді деп санайды) байланысты.

Түскен шағымдардың 105-іне байланысты қылмыстық іс ашылған. Бас прокуратура өкілі мысал ретінде Атырауда "Динамо" спорт кешенінде болған жағдай мен Талдықорған қаласында Азамат Батырбаевтың азапталуына қатысты шағымдарды келтірді. Бірақ бұл істер бойынша ұстаулар болды ма, ол жағын нақтыламады.

Прокуратура өкілінің айтуынша, қаңтар оқиғасы бойынша 2750 қылмыстық іс қозғалған. 4 ақпан күнгі мәлімет бойынша, 802 адам қамауға алынған. Қамауға алынғандардың 113-і – адам өлтіру, ұрлық, тонау баптары бойынша бұрын сотталған. Кейбірі – "радикалды діни ағым өкілдері" деді Қилымжанов.

Бас прокуратура өкілі "тергеу амалдары екі және одан да көп айға созылуы мүмкін" деді. Қазір 1279 адам қаңтар оқиғасы бойынша жәбірленуші танылған.

Ведомство баяндамасына сүйенсек, Алматыда 59 адамның бұлтартпас шарасы жұмсартылған. Қызылорда облысында – үш адам, Шығыс Қазақстан облысында бір адам қамаудан босатылған. Қилымжановтың айтуынша, қамау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен алмастырылған. Қызылордада тағы үш адам үйқамаққа жіберілген.

Қилымжанов сонымен бірге"жалған ақпарат тарату" бабы бойынша тіркелген он қылмыстық іс туралы айтты.

—Үш күдіктінің аты-жөні анықталды, біреуі қамауда, біреуі үйқамақта отыр, – деді ол.

Ішкі істер министрлігінен келген спикер "азаматтардың қоғамдық санасын бақылау мақсатында ақпараттық соғыс" жүріп жатқанын да айтты.

– Ресми органдардың ескетуіне қарамастан әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату жағдайлары жиіледі. Ақпараттық соғыстың ақырғы мақсаты - тәртіп сақтау органдарына сенімді азайту және мемлекеттік құрылымды әлсірету. Фейк хабарламалардың басым бөлігі шетелден келіп жатыр. Қазір әлеуметтік желіде шетелде тіркелген 43 аккаунт анықталды, – деді.

Осы аптада Қазақстан билігі қаңтар оқиғасы кезінде шамадан тыс күш қолдану "ықтималдығы" туралы айтып, азаптау мен заңсыз ұстау бойынша түскен шағымдарды тексеруге дайын екенін мәлімдеген.

29 қаңтарда "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар кезінде тәртіпсіздікті "кәсіби бұзақылар мен террористер ұйымдастырды" деген сөзін қайталады. Ол азаматтардың құқығы бұзылмайды деп сендіруге тырысып, "оқиғаның бояуын қалыңдатып көрсету бар, байбалам көп" деп айтқан.

Ал құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандардан азаптау мен ұрып-соғуға байланысты шағымдар әлі күнге дейін түсіп жатқанын айтады. Олар азаптау туралы шағымдардың бәрін тексереміз деп уәде берген биліктің мәлімдемесіне күмәнмен қарайды. Human Rights Watch ұйымы 1 ақпан күнгі хабарламасында бейбіт наразылардың күшпен ұсталғаны туралы ондаған жайт бойынша "сенімді ақпараты" барын жазады . Бір бөлігі тергеу кезінде азапталған, кейбіріне күштік құрылымдар электрошокер қолданып, резеңке таяқпен ұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG