Accessibility links

"Тырнағына ине сұққан. Арқасын үтікпен күйдірген". Талдықорғанда ұсталғандардың туыстары азаптауға шағымданды


"Үтікпен азапталған" Азамат Батырбаевтың әпкесі. 3 ақпан 2022 жыл.
"Үтікпен азапталған" Азамат Батырбаевтың әпкесі. 3 ақпан 2022 жыл.

3 ақпанда Талдықорғанда құқық қорғау ұйымының кеңсесіне қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жиналып, азаптауды доғаруды және негізсіз қамауда отырғандарды босатуды талап етті. 20-ға жуық адам жақындарының тергеу изоляторы мен полицияда көрген қорлықтары мен азаптаулары жайлы айтып, тауыса алмады.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Олардың арасында "Назарбаев ескерткішін құлатуға атсалысты" деп айыпталған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың да туыстары бар. Оның әпкесі "мен қарындасы Азаматты полицияның қатты ұрып-соққанын, қазір тергеу изоляторында емдеуге зәру екенін айтты.

– Сау тамтық жері жоқ. Барлық жерінен ұра берген. Шабының ортасынан да ұрған. Ісіп кеткен. Әлгінде бір күн көрген кезде ақсаңдап әрең жүрді. Айтпайды ғой. Ер азамат. Тырнағына дейін ісіп кеткен. Қолына шейін тепкілеген. Тырнағына ине сұққан. Арқасын үтікпен күйдірген, – деді көзіне жас алған Азамат Батырбаевтың әпкесі.

Оның айтуынша, Азаматтың бар жазығы – "шеруге шыққаны".

– Иә, шеруге шықты. Онда тұрған не бар? Бүкіл Қазақстан шықты. Не үшін шықты? Қымбатшылықтан шықты. Жаңаөзенді қорғаймыз деп шықты. Солардың бәрін өстіп ұрып, өлтіріп, қинай беруге керек пе? Азаматты босатсын! Азамат сияқты жазықсыз мыңдаған азамат босатылсын! - деді әпкесі.

Құқық қорғау ұйымының кеңсесінде тұрғандардың барлығы "босатылсын!" деп айқайлады.

Тағы бір әйел 19 жастағы жалғыз ұлының ұсталып, түрмеде азапталғанына шағымданды.

– Прокуратураға жалынып жүріп, әрең баламмен кездестім. Баламды көрдім. Мені көре сала отырған жерінде қатты жылады. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Қатты қорқып қалған. Бұрынғы баламды көрген жоқпын. "Балам, басыңды көтерші, жігітсің ғой" деп дем бергендей болдым. Өзімді өзім ұстадым. Балам психологиялық шок алған. "Балам, қай жерден ұрды, денеңді көрсетші" десем, "бізді көгертпей ұрды ғой. Үш күн аш ұстады. Маңдайыма біткен жалғыз ұлым ғой. Мен мұндай қорлықты көтере алмаймын. Шыдамым таусылды, – деді ол.

Жиналғандардың сөзіне қарағанда, ұсталғандар арасында кәмелетке толмаған 15, 16 жастағы жаөспірімдер де бар. Олар да азаптауға ұшыраған. Оқиға кезінде қаза болған бір жігіттің анасы ұлының "террорист емес" екенін, оны өлтірген адамды жазалауды талап етті.

Осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, соққыға жығылғаны туралы көп ақпарат шыққан. Азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаған. Осы аптада Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін асыра сілтеуді доғарып, азаптауларды зерттеуге, заңсыз әрекеттерге барған құқық қорғау орган өкілдерін жауапқа тартуға шақырған.

Видео: «Папоу, мені атып тастады». Қызылордалық 25 жастағы жігіттің қазасы (2 ақпан 2022 жыл).

«Папоу, мені атып тастады». Қызылордалық 25 жастағы жігіттің қазасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 100-ден астам шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG