Accessibility links

Өскеменде ұсталғандардың туыстары прокуратурамен кездесу кезінде байланыс үзілгенін айтты


Азаптау мен қысымға шағымданып тұрған қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары. Өскемен, 11 ақпан 2022 жыл.
Азаптау мен қысымға шағымданып тұрған қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары. Өскемен, 11 ақпан 2022 жыл.

24 ақпанда Өскеменде қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары прокуратураға барды. Мәжіліс залында прокуратура өкілдері мен қаңтар оқиғасына байланысты құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия жетекшілері Рысбек Сәрсенбайұлы мен Балташ Тұрсымбаевпен кездесу өтуі тиіс болған.

Белсенді Кербез Егімбаеваның айтуынша, мәжіліс залына кірген кезде ұсталғандардың туыстары мен комиссия мүшелерінің барлығының телефоны өшіп қалған.

– Залға кіргеніміз сол еді, байланыс бірден өшті. Бірақ прокуратура қызметкерлерінде байланыс болды. Біз байланысты қалпына келтіруді талап еттік. Бірақ одан бас тартты. Олар "байланыстың не себепті өшкенін білмейтінін" айтты. Залдан шығып едік, байланыс қайта пайда болды, – деді Егімбаева.

Бұдан соң ұсталғандардың туыстары облыс әкімдігіне барып, кездесу өткізетін зал сұраған.

Кеше [Семейде] сұраған кезде облыстық прокуратураға барыңыздар деген. Өскеменге келіп, тікелей эфир жасағымыз келген. Қазір бізге митинг өткізбеңдер, әйтпесе арнайы жасақты әкелеміз деп қоқан-лоқы жасап жатыр. Бірақ біз бұл жерге жәй келдік, – деді белсенді.

Прокуратура өкілдері Азаттық тілшісіне телефон арқылы түсініктеме беруден бас тартты. Жазбаша сауал жолдауды сұрады.

Ұсталғандардың туыстары бұған дейін де Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына барып шағымданған. Алайда сұрақтарына толымды жауап ала алмаған. Ұсталғандардың туыстары полицияның жақындарын заңсыз ұстап, азаптағанын айтқан. Ұлының полицияда азапталғанын айтқан әйелдердің бірі жақында "тергеушілер ұлынан азаптау белгілерін таппағанын" хабарлады.

Кемінде 227 адамның өмірін қиған қаңтар қырғынына байланысты елде 3 мыңға жуық қылмыстық іс ашылған. Көбі "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау, жымқыру" бойынша ашылған. Билік оқиғаға "террористердің араласқаны" туралы тұжырымына әлі дәлел келтірмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG