26 ақпанда Алматыда қала экологиясына арналған митингіден кейін белсенділер түстен кейін Тарас Шевченко ескерткішіне барып, Украинаны қолдау акциясын өткізді. Бұл жөнінде белсенділер хабарлап, шарадан суреттер мен видеолар жариялады.
Жиналғандардың қолында "Соғысқа жол жоқ", "Украина жасасын!", "Путин ауаны былғап жатыр" деп қазақ, орыс, украин тілдерінде жазылған плакаттар болды. Олар "Нет войне" деп ұрандатты.
"Медиазона" сайты жариялаған видеода полиция қызметкерлерінің жиналғандарға шараның "заңсыз екенін" ескертіп, таратуға тырысып жатқаны да көрінеді.
Әзірге ұстау болғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Кейінгі екі күнде Алматы мен Нұр-Сұлтанда белсенділер мен студенттер, құқық қорғаушылар Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, Украинаны қолдау акцияларын өткізген. Полиция шараға келгендердің барлығын жылдам таратуға тырысты. Кейбірінде ұстаулар болды.
ПІКІРЛЕР