Accessibility links

Сот журналист Коскинаның экс-депутат Бекболат Тілеуханға қатысты арызын қанағаттандырмады


Экс-депутат Бекболат Тілеухан және журналист Айнұр Коскина.
Экс-депутат Бекболат Тілеухан және журналист Айнұр Коскина.

28 ақпан күні Нұр-Сұлтан соты журналист Айнұр Коскинаның экс-депутат Бекболат Тілеуханға қатысты апелляциялық арызын қанағаттандырмады. Бұрынғы депутат ар-намысыма тиіп, күш қолданды деп санайтын журналист сот шешімімен келіспейтінін, енді Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтады.

Істі қараған судья Мұрат Солтыбаев алдыңғы сот шешімімен келісетінін, оны бұзуға негіз жоқтығын айтты.

- Сот шешімі бірден заңды күшіне енеді және оған қатысты шағым түсіруге болады, - деді судья.

Журналист Айнұр Коскина апелляциялық соттың шешімін әділетсіз деп санап, Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтты.

- Келесі инстанцияға жазамын. Бұл жай ғана әкімшілік құқық бұзу емес. Экс-депутат, "Нұр Отан" партиясының мүшесі менің намысыма тигенімен қоймай, құралымды сындырды, денеме жарақат салды. Бұл – қылмыс. Менің орнымда басқа журналист қыз болса, мұндай харассментке шыдамас еді. Мен 28 жыл отасқан жұбайым бар әйелмін, бұрынғы мәжіліс депутатының "сені ешкім алмаса мен кінәлімін бе?" деген сөзіне таңдандым да қойдым, - дейді ол.

Журналист Коскина экс-депутат Бекболат Тілеуханды "қасақана дене жарақатын салды" деп айыптап, соттан оны әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабына сәйкес жазалауды сұраған. Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 4 ақпанда экс-мәжілісменнің ісінде "құқық бұзушылық жоқ" деп ұйғарып, оның арызын қанағаттандырмай тастады.

Көп әйел алуды жақтайтын мәжілістің көп жылдан бергі депутаты Бекболат Тілеухан былтыр 29 желтоқсанда "өз еркімен" депутаттық мандатын тапсыратынын мәлімдеген. Сол күні журналист Айнұр Коскина "Көп әйел алуға қалай қарайсыз?" деген сауал қойып, Тілеухан оған кекесінмен жауап қатқан. Лифт ішінде "Нұр Отан" мүшесінің тілшіге дөрекілік көрсеткен видеосы жазылып қалған. Кейін журналист экс-депутат өзіне қол көтерді деп, полиция шақырды және медициналық сараптама жасатып, сотқа арыз түсірді.

Кейін оқиғаға байланысты пікір білдірген сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Сұхбат берушінің журналиске қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын" деген, алайда "мәселенің екінші жағы бар" деп журналистің әрекеті дұрыс болмағанын да ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG