Accessibility links

Үтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?


Щучинск тұрғыны Владимир Прокопьев елдегі жаппай азаптауға наразылық ретінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдағысы келген үтік. 13 ақпан 2022 жыл.
Щучинск тұрғыны Владимир Прокопьев елдегі жаппай азаптауға наразылық ретінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдағысы келген үтік. 13 ақпан 2022 жыл.

Құқық қорғаушы Елена Семенова Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталған азаматтардың азапталғаны жайлы шағымдары жүйенің әбден шіріп, тұтқындарға қорлық көрсеткен адамдардың ешқандай жазасыз қалатынын тағы да дәлелдеді деп есептейді. Кейінгі түскен арыз-шағымдар қалыптасқан жағдайды өзгертіп, жылдар бойы азаптау мәселесіне салғырт қарап келген қоғамның санасына әсер ете ала ма?

Азаттық түрмеге жабылған және тергеуге алынған азаматтардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген Елена Семеновамен ол Алматы мен Талдықорғандағы тергеу абақтыларына барып-қайтқаннан кейін сөйлесті. Қаңтар мен ақпанда осы екі қаладағы уақытша ұстау мекемелерінде отырған азаматтардан азаптау жайлы көп шағым түскен. Тергеу изоляторынан шыққандар полицияның олардың үстіне ыстық су құйып, таяқпен ұрып-cоғып, электрошокер қолданып, үтікпен күйдіріп қорлағанын айтқан. 28 ақпанда прокуратура азаптау және күш құрылымдарының билігін асыра пайдалануы фактісі бойынша 203 іс қаралып жатқанын мәлімдеді.

Азаттық: Елена ханым, сіз барған изоляторларда қамауда отырған азаматтар не айтты?

Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Елена Семенова: 22 ақпанда Талдықорғандағы, 23 ақпанда Алматыдағы тергеу изоляторына бардым. Бұған осы екі қаладағы қамау мекемелерінен түскен толассыз арыз-шағым себеп болды (Семенова Павлодар қаласында тұрады – ред.).

Талдықорғандағы тергеу изоляторында 85 азаматпен кездесіп, әңгімелестім. 36 адамға қарсы азаптау шаралары қолданылғаны, бірақ тек 26 қылмыстық іс қозғалғаны анықталды. Үш азамат басынан өткен жағдайды баяндағысы келмей, "арыз жазудан пайда жоқ" деп, көрген азабы жөнінде шағым беруден бас тартты. Полиция тұтқындарды электрошокер, таяқ, каска, автомат және травматикалық қару қолданып азаптаған. Азаптау шаралары бір сағаттан үш күнге дейін созылған.

Алматыдағы изоляторда 172 тұтқынмен кездестім. 42 адам азапталғаны жөнінде шағым жазып, сегіз қылмыстық іс қозғалған. Алты азамат арыз жазудың мәні жоқ деп есептейді. Үш тұтқын соттан кейін шағым түсіретінін айтты. Тергеуші жеті азаматтың денесін үтікпен күйдіріп, екі адамды зиратқа апарған, басқа тұтқындардың басынан автоматпен ұрып, электрошокер қолданып, таяқпен сабап, бір сағаттан бір аптаға дейін азаптаған.

Тұтқындардан "Азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды ма?", "Неге арыз жазбадыңыз?" деп сұрадым. Біреулер арыз жазуға қорқады, екіншілері адвокат "денеңде жарақат жоқ" дегенін, енді ештеңе дәлелдей алмайтынын айтады. "Адвокат Стамбул хаттамасы бойынша жүргізілетін психология-психиатриялық сараптама барын, оған сәйкес, адамның азаптауға ұшырағанын он жылдан кейін де дәлелдеуге болатынын айтпады ма?" деп сұрадым. Олар бұл туралы білмейтін болып шықты.

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

"ҰСТАЛҒАНДАРДЫҢ БӘРІН АЗАПТАҒАН"

Азаттық: Заң бойынша азаматтарды сот санкциясынсыз 72 сағат ғана ұстауға болады. Бірақ біз сөйлескен азаматтар 8 қаңтарда ұсталғанын, ал бұлтартпау шарасын белгілейтін сот отырысы қаңтардың 13-і және 14-інде бір-ақ өткенін айтты. Олар бес-алты күн бойы изоляторда отырған. Сот санкциясынан кейін ғана тіркеуге алынып, тергеу изоляторына жіберілген. Ұсталған азаматтардың айтуынша, оларды бес-алты күн бойы ұрып-соққан. Азаматтарды сот санкциясынсыз рұқсат етілген мерзімнен ұзақ уақыт қамауда ұстаған полицияның әрекетін қалай бағалауға болады?

Елена Семенова: "Азаматтарды бес тәулікке дейін уақытша тергеу изоляторында ұстау қаншалық заңды?" деген сұрақты адвокаттар қоюы керек еді. Бұлтартпау шарасын белгілейтін сот отырысы [ұсталғаннан кейін] үш тәулік ішінде өтуі тиіс. Ұсталғандар адвокатын сот санкциясы оқылған кезде ғана көрген. Одан бері екі ай өтсе де, тергеу жүріп жатса да, кей азаматтар адвокатпен әлі кездеспеген. Мүлде адвокаты жоқ адамдар да бар.

Facebook парақшама жарияланған жазбалардан кейін (Семенова тұтқындарды адвокатпен қамтамасыз ету мәселесін жазған – ред.) әділет министрлігінен хабарласып, адвокаттар жұмысы жайлы сұрады. Түсінгенім, адвокаттар коллегиясына тұтқындарды тегін қорғау үшін қаржы бөлінеді. Олар жұмыс жүріп жатқаны жөнінде есеп беріп отыруы керек. Тұтқындар адвокатын мүлде көрмеген болса, қандай жұмыс жайлы сөз болуы мүмкін? Енді әділет министрлігі адвокаттар жұмысын мұқият тексеретін сияқты.

Алғашқы күндері бәрі астан-кестен болды. Оқиғаның осылай өрбитінін, осынша наразылық болатынын ешкім күткен жоқ. Прокуратура азаматтарды сот санкциясынсыз ұзақ уақыт қамауда ұстаған уақытша ұстау мекемесінің қызметкерлері мен басшыларын жауапқа тартуы керек. Бұл – заңсыз әрекет.

Соттың әрекеті де сұрақ туғызады. Судья шешім шығарған кезде санкцияның неге мерзімінен кеш сұралып жатқанын анықтауға тырыспаған. Бірде бір сот азаматтарды заңсыз қамауда ұстағаны үшін тергеушілерге қарсы қаулы шығармағанына сенімдімін. Сот ұсталған азаматтардан "Азапталған жоқсыз ба?" деп сұрамаған. Әу бастан ешқандай шара қолданылмаған: адвокаттар азаптау болғанын білген, бірақ ештеңе істемеген. Адвокаттар да жауап беруі керек деп ойлаймын. Олар бірінші күннен бастап дабыл қағып, бұл мәселені қоғам назарына шығарса, кейінгі азаптаулардың алдын-алуға болар еді. Өйткені азаптау шаралары қоғамдық резонанс басталғанша, кем дегенде бір апта немесе он күн бойы жалғасқан. Құжаттарға қарасаңыз, азаптау туралы алғашқы шағымдардың қашан түскенін көресіз. Сонда бәрі түсінікті болады.

Азаптау туралы ақпараттың кең таралуы қамаудағы азаматты қорғауға мүмкіндік береді. Бұл мәселе қоғам назарына іліксе, қылмысты жасыру қиындай түседі.

Абақтыда азап көрді деген Азамат Батырбаев
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Азаттық: Жабық мекемелердегі азаптау жайлы айтып жүргеніңізге талай жыл болды. Қаңтар оқиғасы тұтқындағы азаматтардың бұған дейін қандай қорлық көріп келгенін дәлелдеген шығар?

Елена Семенова: Азаптау болған, қазір де болып жатыр. Тырнақтың астына ине жүгірту, тісін сындыру, ыстық сумен күйдіру – бәрі болған. Бұл жолы полиция қызметкерлері наразылардан таяқ жеген әріптестері үшін кек алған сияқты.

"Полиция қызметкерлері жаппай азаптау шараларын неге қолданған? Бұл үшін жауапқа тартылуымыз мүмкін деп қалай қорықпаған?" деп ойладым. Соған қарағанда, көп адамға қылмысын мойындатып, істі сотқа жіберу туралы бұйрық түскен сияқты. Қандай әдіспен? Маңызды емес. Осыдан ұсталғандардың бәрін азаптаған.

Қаңтар оқиғаларынан кейін азаптау туралы көп ақпарат түсті. Оған таңғалған жоқпын, өйткені көп жылдан бері жабық мекемелердегі азаптау туралы көріп, біліп, естіп жүрмін. Кейінгі жеті жылда азаптау жүріп жатқанын күн сайын жазып келдім. Бірақ қоғам елең етпеді. Тұтқындардың туыстары шырылдап, жүгіргенімен, қоғам бұл мәселеге салғырт қарады. Тіпті "қылмыскер түрмеде отыруы керек" деп айтқандар да болды. Енді қоғам жаппай азаптау шарасын көргенде, бұл мәселенің қорқынышты әрі біз ойлағаннан да жақын екенін, мұндай қорлыққа кез келген адам ұшырауы мүмкін екенін түсінді. Барлық сұмдық үнсіз келісуден басталады.

АЗАПТАУ: ЖАЗАСЫЗ ҚЫЛМЫС

Азаттық: Қазақстанда азаптау туралы істер сотқа жетпей, көбіне тергеу кезінде жабылып қалады. Жүйе азаптауға жол беріп, оның ары қарай жалғасуына жағдай жасап отыр деуге бола ма? Солай болса, мұның себебі неде?

Елена Семенова: ІІМ немесе қылмыстық-атқару жүйесі комитеті "Азаптаңдар" деген бұйрық береді деп ойламаймын. Мәселенің көбі жергілікті жерлердегі қызметкерлерге байланысты. Жүйеге кімдерді жұмысқа алады? Сауатсыз, мәдениетсіз, офицердің ары дегенді түсінбейтін әскерден келген жастарды алады. Жүйеге іріктеуден өткен, жөні түзу, әділ адамдар келуі керек. Бірақ бізде олай емес.

Азаттық: Басшылық мұндай бұйрық бермесе де, азаптау болып жатқанын біледі ғой?

Елена Семенова: Бұл рас. Басшылар қызметкерлерінің қылмысын жасырудың орнына оларды жауапқа тартуы керек. Сонда аз да болса нәтиже көрінер еді. Жүйеде істейтін азаматтар әр қадамына жауап беріп, заңсыз әрекеті үшін жазаланбайынша, азаптау жалғаса береді.

Жаралыларды қамады, азаптады деп араша сұраған жұрт көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

Азаттық: Жақында қаңтар оқиғаларынан кейін Талдықорғанда ұсталған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың адвокаты өз қорғауындағы азаматты азаптауға қатысқан күдіктілер ұсталғанын хабарлады. Адвокаттың сөзінше, оперативті қызметкер қамауға алынған. Бұл жеңіс пе?

Елена Семенова: Әрине. Өйткені азаптауды дәлелдеу өте қиын. Бұл істің қоғам назарына ілігіп, кең талқылануы да көмектесті деп ойлаймын. Мұндайда қылмысты жасыру қауіпті. Үтікпен күйдіру туралы Батырбаев ғана айтып, басқалары үнсіз қалса, полиция "жалған сөйлеп отыр, басқа нәрсенің ізі" деп шығар еді. Бірақ денесіне үтік басылған тағы бірнеше азамат табылды. Әзірге бір қызметкер ғана ұсталды. Бірақ азаптауға бір адам ғана қатысты деп ойламаймын. Оның жанында басқа қызметкерлер де болған. Азаптауға қатысқан азаматтар – қылмысы, сырттай көріп, араша түспеген қызметкерлер әрекетсіздігі үшін жазалануы тиіс.

Азаттық: Бізде азаптауды көбі ұрып-соғу, физикалық зорлық деп түсінеді. Бірақ қаңтар оқиғалары кезінде жараланып, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен адамдардың көбіне медициналық көмек көрсетілмегенін естідік. Психологиялық қысым жасалды. Бұл да азаптау түріне жата ма?

Елена Семенова: Бізде психологиялық азаптау жүйелі түрде қолданылып келеді. Оны көзбен көріп, дәлелдей алмайсың. Бұл әрекеттер азаптауға жатпайды. Жай ғана "қызметтік құзыретін асыра пайдалану" саналады. Психологиялық азаптау немесе медициналық көмек көрсетпеу фактілері бойынша іс қозғалғанын естіген емеспін.

Бізде физикалық азаптаудың өзін дәлелдеу қиын. Мысалы, қазір қолымызда Қостанайда қамауда төсек тартып жатқан мүгедек азаматтың өтініші бар. Оны босатып, емделуге жібермей отыр. Күнде ауырсынуды басатын дәрі ішеді. Жаялығы жоқ, камерада асты су, лас күйде қорланып жатыр. Бұл – ең ауыр азап түрі.

Тергеу изоляторында шынымен медициналық көмек көрсетілмеген кездер болған. Бұл – мекемедегі медбикелердің әрекетсіздігінің жемісі.

Тағы бір мәселе бар. Жаралы азаматтарды ауруханадан алып кетіп жатқаны туралы видео тарады. Сонда дәрігерлер "Ауруынан айықпаған, жарасы жазылмаған науқастарды неге жіберген?" деген сұрақ туындайды. Дәрігерлер оларға медициналық көмек керегін білді. Ауруханада жатқан адам дәрігерлердің қарауында болады, олар науқастың жағдайы үшін жауап береді. Мүгедек болып қалған адамдар дәрігерлерді сотқа беріп, олардан науқасты денсаулығынан айырған әрекетсіздігі үшін өтемақы талап ете алады деп ойлаймын. Бірақ ешкім ештеңе істемесе, бәрі баяғы қалпында қалады. Қазір тергеу изоляторындағы медбикелер "тұтқынды ауруханадан әкелді, ауыр халде болған жоқ, дәрігерлердің өзі рұқсат беріп, жіберді" деп айтады. Ауруханадағы дәрігерлер полициядан "Науқас кінәлі болса, ол жатқан бөлменің алдына күзет қойыңдар" деп талап етуі керек еді. Адам ауруханадан әбден сауығып шығуы керек, болмаса, мүгедек болып қалуы мүмкін.

"Итше жетектеп, басымнан ұрды". Қаңтар көтерілісінде қос жанарынан айырылған жігіт

"Итше жетектеп, басымнан ұрды". Қаңтар көтерілісінде қос жанарынан айырылған жігіттің оқиғасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:54 0:00

"Шәйнекті көзімше қайнатып, үстіме құйды"

«Шәйнекті көзімше қайнатып, үстіме құйды»
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:34 0:00

Қаңтар оқиғаларын қазбаласақ, дәрігерлерді де, полиция қызметкерлерін де, адвокаттарды да жауапқа тартуға болады. Бірақ бұл үшін жәбірленушілер денсаулығына орны толмайтын зақым келгенін дәлелдеуге тырысып, әрекет етуі керек.

Азаттық: Қаңтар оқиғаларынан кейін қоғам азаптауды тоқтату үшін шара қолдану керегін түсінеді деп ойлайсыз ба?

Елена Семенова: Өкінішке қарай, бәрі ұмытылып кетеді деп ойлаймын. Айтып, талқылап, бір айдан кейін ұмытып кетеді. Мысалы, қазір арамыздан кеткеніне көп уақыт өтпесе де, Арон Атабекті бәрі еске ала бермейді (диссидент ақын 15 жыл түрмеде отырып, былтырғы жылдың соңына қарай ауыр халде қамаудан босатылып, сегіз аптадан кейін қайтыс болды – ред.).

Жәбірленушілер салмақты үлес қоса алар еді. Бірақ олардың көбі байланысқысы келмейді. Олар қазір бірдеңе жасап, шағым жазып, кінәлілерде жауапқа тартпаса, бәрі осылай аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG