Accessibility links

"Тоқаев, кет!" Алматыда қаңтар құрбандарын еске алу жиынында президентке импичмент жариялау жайлы талап айтылды


Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

13 ақпанда Алматының Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға жиналғандар биліктен бейбіт азаматтарға оқ атқандарды жауапқа тартуды және еш айғақ-дәлелсіз абақтыда азап шегіп жатқандарды босатуды талап етті. Президент Тоқаев астанадағы мешітте құрбандарға құран бағыштап, "террористер" жайлы бұған дейін айтқан сөзін тағы қайталады.

"ОҚ АТҚАНДАРДЫ ЖАЗАЛАП, ЖАЗЫҚСЫЗ ҚАМАЛҒАНДАРДЫ БОСАТСЫН!"

Жексенбі, 13 ақпанда Алматының Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жұрт күндізгі сағат 11-ден өте жинала бастады. Осыдан бір айдам астам уақыт бұрын осы алаңда жаппай бейбіт шерудің соңы қантөгіске ұласқан.

Тәуелсіздік ескерткіші алдында бірнеше адам "Халық террорист емес" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Кейбіреулер қазақ дәстүрі бойынша, қайғылы қазаға ұшыраған марқұмдардың аруағына арнап, үйден шелпек пісіріп апарған.

Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Көп адамның өмірін қиған қанды оқиғаға 40 күн толуына орай, 13 ақпанда күндізгі сағат 12-де Республика алаңына марқұмдарды еске алу шарасына жиналуға шақырған үндеулер осыған дейін әлеуметтік желіде тараған.

Бұған дейін белсенділер 13 ақпанда Республика алаңында қаңтар оқиғасында мерт болғандарды еске алу жиынын өткізетінін айтып, Алматы қаласы әкімдігін хабардар қылған. Бұл алаң бейбіт митингі өткізетін орын ретінде белгіленбегенін алға тартқан әкімдік жиын өткізуге келісім бермеген.

Жексенбі күні Тәуелсіздік ескерткіші маңында азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар, "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ өкілдері, "Ел тірегі" партиясын құрғысы келетін топтың мүшелері болды.

Қала әкімдігінің келісімінсіз өтіп жатқан шараны полиция сырттай ғана бақылап тұрды. Республика алаңы арқылы өтетін Сәтбаев көшесіндегі жолда көлік қозғалысы тоқтаған жоқ.

"Тоқаевқа импичмент!" Алматыдағы қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:45 0:00

Бірқатар белсенді алаңдағы жағдайды әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсете бастаған еді. Сағат 11:50 шамасында Респбулика алаңында интернет байланысы күрт нашарлап, сәлден соң мүлде ажырап қалды.

Қазақстанда оппозицияның наразылық акциялары кезінде белгілі бір аумақта интернетті ажыратып тастау дағдылы құбылысқа айналған. Қаңтардағы дүрбелең кезінде үкімет елде интернет байланысын бірнеше күн өшіріп тастаған еді. Құқық қорғаушылар биліктің бұл ісін азаматтардың еркін ақпарат алу құқығын заңсыз жаппай шектеу деп атаған.

"ТОҚАЕВҚА ИМПИЧМЕНТ!", "НАЗАРБАЕВ СОТТАЛСЫН!"

Сағат 12-де Тәуелсіздік монументі алдында Қаңтар қантөгісінде құрбан болғандарға құран бағышталған соң еске алу митингісі басталды.

Қаңтар қырғыны құрбандарына құран бағыштау. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғыны құрбандарына құран бағыштау. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Қаңтардағы дүрбелең кезінде қаза тапқан, жараланған және күдікті ретінде ұсталып қамауда отырған азаматтардың туған-туысы көпшілік алдында сөйледі.

Олар билікке талап-тілегін айтып, бейбіт митингіге шыққан азаматтардың ажалына кінәлілер жауапқа тартылсын деген талап қойды. Шапағат Қадырова күйеуі Әкімжан Бектұрғанның жазықсыз оққа ұшқанын айтып шырылдайды.

– Күйеуімді атқан адамның жазасын берсін деп келдім. Үш ұлым әкесіз қалды. Өзім үшінші топ мүгедегімін. Үйде баламен отырмын. Балаларым үшін, күйеуім үшін шығып тұрмын. Қарапайым халықты не үшін атады? – дейді көз жасын сүртіп, кемсеңдеген Шапағат Қадырова.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Жиында сөйлегендердің бірі Рысбек Сәрсенбай Алматы, Талдықорған, Тараз бен Шымкенттегі абақтыларға барып, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда жазықсыз отырғандардың көп екенін көргенін айтады.

– Көбінің ешқандай кінәсі, жазығы жоқ. Тіпті, тағып отырған айыптары оған сәйкес келмейді. Сондықтан ол адамдардың бәрі түрмеден шығуы керек, – дейді Сәрсенбай.

Жиында сөйлегендер ешқандай айғақ-дәлел болмаса да күдікті ретінде тергеу абақтысына қамалған азаматтарды, кәмелетке толмаған балаларды босатуды, ал оларды азаптауға қатысы бар құқық қорғау органдары қызметкерлерін жауапқа тартуды үкіметтен талап етті.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісінде тұрған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісінде тұрған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Жиынға қатысқандар "Халыққа оқ атқандар сотталсын!", "Полиция, азаптауды тоқтат!", "Жазықсыз азаматтарға бостандық!", "Тоқаев, кет. Сені бүкіл қазақ елі жек көреді" деген жазу ұстап тұрды.

Қаңтар қырғыны кезінде қаза тапқандар мен қамауда азапталғандардың суреттерін ұстаған адамдар "Тоқаевқа импичмент жариялау керек", "Назарбаев сотталсын!" деп айқайлады.

Қаңтар қырғынында мерт болғандарды еске алу жиынында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа дербес санкция салуға үндеген ағылшын тіліндегі жазуды ұстап тұрған адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғынында мерт болғандарды еске алу жиынында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа дербес санкция салуға үндеген ағылшын тіліндегі жазуды ұстап тұрған адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Кейбіреулер елде кезектен тыс президент сайлауы өткізілсін, оған Тоқаев қатыспасын деген талаптарын айтты. Сонымен бірге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазіргі президент Тоқаевқа және ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа санкция салуға үндегендер болды.

Халықты бүгінгі митингіге шақырғандардың бірі, "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай елде "нақты саяси реформалар бастап, саяси партиялар туралы заңды өзгерту, әділетті түрде жаңадан парламент сайлауын өткізу керек" деп есептейді.

Саяси белсенді Жанболат Мамай Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Саяси белсенді Жанболат Мамай Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

– Әділетті ашық сайлау өтіп, мына парламентті қазір таратып, демократиялық жүйеге ашық түрде бетбұрысты бастату керек, – дейді Мамай.

Бір кездері "Ақ жол", "Нағыз Ақ жол", "АЗАТ" оппозициялық партиялары лидерлерінің бірі болған, бірақ 2013 жылы күзде "саясаттан уақытша кететінін" мәлімдеп, содан бері қоғамдық өмірге араласпай жүрген белгілі кәсіпкер Болат Әбілов те бүгін Республика алаңына келді.

Ол осыдан бірнеше күн бұрын халықты 13 ақпанда Республика алаңына келуге шақырып, әлеуметтік желіде видеоүндеу таратқан еді.

Болат Әбілов қаңтар құрбандарын еске алу жиынында сөйлеп тұр. Республика алаңы, Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Болат Әбілов қаңтар құрбандарын еске алу жиынында сөйлеп тұр. Республика алаңы, Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Әбілов жексенбі күні Тәуелсіздік монументі жанына жиналғандар алдында сөйлеген ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты үш ұсыныс айтты.

"Назарбаевтың байлығы халыққа қайтару керек, Фурманов көшесін (Алматы қаласындағы қазіргі Назарбаев даңғылы) Қаңтар деп атау және тұңғыш президент туралы заңның күшін жою керек" деді Болат Әбілов.

Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Жексенбі күні бірнеше сағатқа созылған еске алу шарасынан кейін жиналғандардың бір бөлігі тарап, бір бөлігі алаңда қалған еді. Демонстранттарға дүкеннен тамақ әкелуге кеткен үш адамды полиция ұстап, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізген.

Алаңда тұрған демонстранттар оларды босатуды талап етті. Прокуратура өкілдері наразылар митингіні тоқтатса, демонстранттардың талабын орындайтынын айтқан.

16:30 шамасында әлгі үш адамның босатылғаны хабарланды. Билік өкілдері алаңда тұрған азаматтарға өздерімен бірге прокуратураға барып, талаптары жазылған өтінішті тапсыруды ұсынды. Жиналғандар оған келісіп, он шақты адам микроавтобуспен прокуратураға қарай кетті. Арада бір сағаттай уақыт өткенде Республика алаңында ешкім қалмады.

Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне ілінген Қаңтар қырғыны құрбандарының аты-жөні жазылған тізімді смартфонға түсіріп тұрған адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне ілінген Қаңтар қырғыны құрбандарының аты-жөні жазылған тізімді смартфонға түсіріп тұрған адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Бұған дейін куәгерлер Азаттыққа 6 қаңтарда кешке дәл осы алаңда қолына "Қарапайым халықпыз. Біз террорист емеспіз" деген жазуы бар үлкен ақ мата ұстап, бейбіт тұрған адамдарға тұтқиылдан оқ жаудырған кезде оққа ұшқандарды көргенін айтқан еді. Билік өкілдері оны жоққа шығарып, "бейбіт адамдарға оқ атылған жоқ" деп мәлімдеген.

Қаңтар дүрбелеңі кезінде және одан кейін тергеу орындары "терроризм" , "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" және басқа қылмыстарға күдікті ретінде мыңдаған адамды ұстаған.

Қамауда жатқан азаматтардың азапталғаны туралы хабарлар көп тарады. 29 қаңтарда мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "азаматтардың құқығы бұзылмайтынына кепілдік беретінін" айта келе, тергеу кезіндегі азаптау жайлы хабарларға байланысты "өсіріп айтуы әбден мүмкін, әрине, байбалам да көп" деп жауап берген еді.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясы. Тәуелсіздік ескерткіші, Республика алаңы, Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясы. Тәуелсіздік ескерткіші, Республика алаңы, Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар табанды түрде талап еткеннен кейін Қазақстан билігі полиция "күш қолданған болуы мүмкін" деп мәлімдеп, "заңсыз тергеу әдістері" туралы айтқан. 12 ақпанда өткен Қазақстан қауіпсіздік кеңесі отырысында елдің бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардан 305 шағым түскенін, азаптау және билік өкілетін асыра пайдалану фактілері бойынша 170 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

ТОҚАЕВ "ТЕРРОРИСТЕР" ЖАЙЛЫ СӨЗІН ҚАЙТАЛАДЫ

Жексенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде болып, қаңтар оқиғасы кезінде мерт болғандарға құран бағыштап, халыққа үндеу жасады деп хабарлады ресми баспасөз.

"Қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті мешітте жасаған видеоүндеуінде көп адамның өмірін қиған қаңтар оқиғасына "террористер" қатысқаны жайлы бұған дейін айтқан сөзін қайталады.

"Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз террористерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде көптеген азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адам құқығын қорғау мәселесі мен үшін аса маңызды. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды" деп мәлімдеді ол.

Қаңтардың басында қымбатшылық, жұмыссыздық пен жоқшылық титықтатқан халық наразылығы бүкіл елге жайылып, бірнеше қалада оның соңы ойран мен қантөгіске ұласқан. Сол кезде президент Тоқаев елде "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" болды, "шетелде дайындықтан өткен, Орталық Азия елінен келген террористер шабуылдады" деп мәлімдеген. Бірақ ол сөзіне нақты айғақ-дәлел келтірген жоқ.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға жиналған адамдар. Республика алаңы, Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға жиналған адамдар. Республика алаңы, Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

7 қаңтарда халыққа үндеуінде президент Тоқаев Қазақстанға "шетелде дайындалып келген террористер" мен "қарулы бандиттер" шабуылдағанын айтып, күш құрылымдарына "ескертусіз атып тастауды" бұйырғанын мәлімдеді. Ол жағдайды бейбіт келіссөз арқылы реттеуге үндегендердің өзін сөкті. Содан он күн бұрын ғана ұлттық заңнамадан өлім жазасын жою туралы жарлыққа қол қойған Тоқаевтың "ескертусіз ату" жайлы сөзін Қазақстанда азаматтық қоғам өкілдері, сонымен бірге халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері сынаған.

Қаңтар оқиғасы кезінде елдегі мемлекеттік телеарналар "террорист" деп көрсеткен адам Алматыға концерт қоюға келген қырғызстандық танымал музыкант Викрам Рузахунов екені анықталды. Бостандыққа шыққаннан кейін Рузахунов қамауда отырғанда "өзін өзі қаралауға мәжбүрлегенін" мәлімдеген соң жұрт арасында биліктің "террористер" туралы сөзіне күмән күшейді.

Халықаралық ұйымдары Қазақстан үкіметінің "наразыларға шамадан артық күш қолдануын" айыптап, "террорист" деген сөзді оңды-солды қолдана береді деп сынады. Құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуге үндеді. Қазақстан билігі ол ұсынысты қабылдамады.

Алматыдағы Республика алаңында жүрген қарулы сарбаздар. 6 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы Республика алаңында жүрген қарулы сарбаздар. 6 қаңтар 2022 жыл.

Тоқаев жексенбідегі видеоүндеуінде Қазақстанда 10 қаңтарда қаңтар оқиғасы құрбандарын ұлттық аза тұту шарасы өткенін де айтты. Бірақ ол кезде билік қанша адам қаза болғанын хабарламаған еді.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар қырғыны салдарынан 227 адам мерт болған (19-ы – күш құрылымдары өкілдері). Бірақ үкімет қаза тапқандардың аты-жөнін әлі күнге дейін жарияламай отыр.

Қазақстандық құқық қорғаушылар қаза болғандар арасында ондаған бейбіт демонстрант пен наразылыққа еш қатысы жоқ адамдар (екеуі – кәмелетке толмаған бала) барын айтады. Олар әзірлеп жатқан тізімге қаңтардағы оқиғалар барысында мерт болғаны анықталған 173 адам енгізілген. Азаттық радиосы да 2022 жылғы қаңтар оқиғасы құрбандары тізімін бастаған, онда қазір 179 адам бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG