Accessibility links

СІМ: Ұлыбритания Қазақстанға санкция салуға ниетті емес


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Ресейдің Украинаға қатысты әрекетіне байланысты Ұлыбритания Қазақстанға санкция салмайды. 5 наурызда Қазақстан СІМ осылай деп хабарлады.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан тұста британ парламентінің мүшесі Маргарет Ходж 1 наурызда Мәскеу ғана емес, Ресей басшысы Владимир Путинді қолдап отырған Қазақстан мен Әзербайжанға да шектеу қою қажеттігін алға тартқан еді. Оның мәлімдемесіне жауап берген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Элизабет Трасс Нұр-Сұлтан мен Бакуға санкция салу мәселесін қарастырып жатқанын, дегенмен қазір Лондон негізінен Ресей мен Беларусьтің Украинаға агрессиясына төтеп беруге көбірек ден қойып жатқанын айтқан.

Қазақстан СІМ-нің хабарлауынша, сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбританияның Орталық және Оңтүстік Азия, Солтүстік Африка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Тарик Ахмадпен видео кездесу өткізіп, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Личті қабылдаған. 5 наурыз күнгі ресми хабарламада тараптардың Украинадағы жағдайды талқылағаны жазылған.

"Британ тарабы Ресейдің Украинадағы әскери операциясына байланысты Қазақстанға қатысты қандай да бір санкция енгізуге ниетті емес екенін растады. Кездесу қорытындысы бойынша талқыланған тақырыптардың барлық спектрі бойынша толық өзара түсіністік расталды және екіжақты қатынастарды одан әрі белсенді және жан-жақты дамытуға өзара дайындық білдірілді" деп жазылған хабарламада.

Наурыздың басында британ парламентінде Қазақстанға санкция салу ұсынысы айтылғаннан кейін Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылғаны хабарланған. Ведомство өкілдері мен елші арасындағы кездесу жөнінде толық ақпарат шықпады.

Британ парламентінде Қазақстан билігіне санкция салу мәселесін қозғаған лейбористік партия мүшесі Маргарет Ходж ақпан айында британ парламентінде өткен "Қазақстан: жемқорлыққа қарсы санкциялар" атты талқылау кезінде британ үкіметін "халықты тонап, байыған" Қазақстан элитасы өкілдеріне санкция салуға үндеген еді. Ол ондаған адамның аты-жөнін атаған. Басым бөлігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағы адамдар. Ходж сол кезде Ұлыбритания билігін "жемқорлыққа көз жұма қарап, Қазақстан режиміне лас ақшаны жымқырып, жұмсауына көмектесті" деп кінәлаған болатын.

Қазақстанда көптеген белсенді Батыс елдерін елде адам құқығының өрескел тапталуына жауапты шенділерге, "халықтың есебінен" байыған тұлғаларға санкция салуға жиі шақырып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG