Accessibility links

Ақтөбеде қаңтар оқиғасы бойынша қамауда отырған белсендінің қамау мерзімі тағы ұзартылды


Белсенді Қуат Шамұратов. 2020 жыл.
Белсенді Қуат Шамұратов. 2020 жыл.

Ақтөбе соты қаңтар оқиғасынан соң «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып тағылған белсенді Қуат Шамұратовты қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Сот қаулысы 4 наурыз күні шыққан.

- Тергеу органдары психолог-филолог сараптамасы дайын емес дегесін сот Шамұратовты қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Бірақ Қуаттың алаңда сөйлеген сөзіне жасалған сараптама дайын. Соттан бір апта бұрын яғни, 28 ақпан күні дайын болды. Прокурордан мұның себебін сұрағанымызда «қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған өзге істердің сараптамасы дайын емес» деген жауап алдық. Қылмыстық іс бойынша Шамұратовқа қана айып тағылса, ол неге өзіне қатысы жоқ істердің сараптама қортындысын изоляторда күтуі керек?! - дейді адвокат Әділ Түлкібаев.

Екі ай бұрын тергеу изоляторына қамалған Қуат Шамұратовтың отбасы да сот қаулысына риза емес. Айыпталушының інісі, қорғаушысы Медет Шамұратовтың сөзінше, психолог-филолог сараптамасы Қуаттың алаңда сөйлеген сөзінде билікті басып алу және конституциялық құрылымды құлатуға шақыру белгілері жоқ деп тапқан.

Азаттық Қазақстанның қылмыстық кодексіндегі 272-баптың 1-бөлігімен («жаппай тәртіпсіздік») айыпталған Қуат Шамұратовты қамау мерзімінің ұзартылуына байланысты Ақтөбе облыстық сотынан да, облыс прокуратурасынан да ақпарат ала алмады. Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған қылмыстық істер біріктірілді ме, жоқ па ол жағы да белгісіз.

Жеке кәсіпкер Қуат Шамұратов алғаш рет 2020 жылғы ақпан айындағы наразылық кезінде белсенділігімен көзге түскен. Туыстары содан бері әр митингі қарсаңында Шамұратовтың үйін полиция үнемі аңдып тұратынын айтады. Яғни, оның істі болуын белсенді азаматтық позициясымен байланыстырады.

44 жастағы Қуат Шамұратов – төрт баланың әкесі. Шешесі Маржан Серікбаеваның сөзінше, ұлы он жылдан астам полицияның жедел уәкілі болған, кейін өз еркімен жұмыстан кетіп, кәсіпкерлікке бет бұрған.

Ақтөбедегі наразылық акциясынан соң 12 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалған. Одан бөлек сегіз ақтөбелік үйқамаққа алынған. Қозғалған қылмыстық іс саны -14. Ақтөбе полициясының мәліметінше, оның екеуі терроризм бабымен тергеліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG