Accessibility links

Ресейде Азаттықтың Орыс қызметі жұмысын тоқтатады


Азат Еуропа/Азаттық радиосы Ресейдегі бюросының қызметін тоқтатады. 4 наурызда Ресей федералды салық қызметі Мәскеу арбитраж сотына жүгініп, бюроны мәжбүрлі түрде банкрот деп жариялауды талап етті. Кейінгі уақытта бюро қызметкерлеріне қысым күшейе түскен.

Медиакорпорация басшылығының айтуынша, бұл қадам Ресей билігінің Азаттық радиосына қарсы көп жылғы науқанының шарықтау шегі болып отыр. Мәскеудегі бюро 1991 жылы елдің сол кездегі президенті Борис Ельциннің шақыруымен ашылған.

Владимир Путин 4 наурыз күні қол қойған заң журналистерге қауіп төндіреді. Бұл заң аясында "Ресей әскері туралы жалған ақпарат" таратты деген адам 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Мәскеу Ресейдің Украинаға басқыншылығын "соғыс" емес, "әскери операция" деп атап, "соғыс" деп жазған баспасөз құралдарын қудалауға көшкен. Жаңа заң аясында Украинадағы жағдайды "соғыс" деп атау қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сол себепті Азаттық радиосы Мәскеудегі бюросын жауып, Ресей туралы хабарды шетелден таратуға көшеді. Медиакорпорацияның баспасөз хабарламасында осылай жазылған.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұл шешімі мәжбүрлі түрде жасалды. Оған Путин режимінің шындыққа шабуылы түрткі болды. Ресей билігі азаматтарды Кремльдің Украинаға қарсы соғысы туралы шындықты білу мүмкіндігінен айыруға жан таласа отырып әділ журналистерді отанының сатқыны деп жариялап отыр. Біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, аудиториямызға Ресейдегі оқиғалар туралы ақпаратты беруді жалғастыра береміз. Жағдай ауыр. Бірақ 70 жылдық тәжірибемізге сенсек, Ресейдегі тілшілер қосынын қайта ашатын мүмкіндік туады және ол көп күттірмеуі де ықтимал. Уақыт еркіндік жағында, Путиннің Ресейі үшін де" деді корпорация президенті Джейми Флай.

Өткен аптада Ресей аумағында Азаттық радиосы Орыс қызметінің 9 сайты бұғатталды. Оның ішінде Орыс қызметі, Татар-башқұрт қызметі, Север.реалии жобасы, "Настоящее время" телеарнасы да бар. Роскомнадзор оларды Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы туралы ақпаратты өшіруден бас тартқаны үшін бұғаттады. Билік мұндай шараны өзге де тәуелсіз ақпарат құралдарына қолданды. Олардың арасында жергілікті және шетелдік БАҚ бар. Ресейліктер үшін Facebook пен Twitter де жабылды.

Орыс қызметінің банкрот деп жариялануына компанияның Ресей үкіметі салған айыппұлды төлеуден бас тартуы "ресми себеп" ретінде айтылады. Мәскеу Азаттықтың Орыс қызметін "шетел агенттері" тізіміне қосқан. Ресей заңы бойынша, бұл тізімге кірген ақпарат құралдары әрбір журналистік материалының алдында "шетел агенті" екенін ескертіп отыруы керек. Медиа компания бұл талапты әділетсіз әрі заңдық негізі жоқ деп санап, оны орындаудан бас тартты. Роскомнадзор 2021 жылғы қаңтардан бері Азаттық бюросына 13 миллион доллар айыппұл салып, Орыс қызметіне жұмыс істейтін 18 журналисті "шетел агенті" тізіміне жеке тұлға ретінде кіргізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG