Accessibility links

"Тәтішевті Әблязов тапсырысымен өлтірді" деп айыпталған Тоқмади айыпты терістеп, өзін күшпен мойындатқанын айтты


Кәсіпкер Мұратхан Тоқмади және әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмади.
Кәсіпкер Мұратхан Тоқмади және әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмади.

БТА банктің басшысы Ержан Тәтішевті Мұхтар Әблязовтің тапсырмасымен өлтірді деп айыпталып, ұзақ жылға сотталған түрмедегі кәсіпкер Мұратхан Тоқмади Тәтішевтің өліміне Әблязовтың қатысы жоғын мәлімдеді. 9 наурызда оның Жезқазған түрмесінен жазған хатын ақпарат құралдары жариялады. Бұл хатты Азаттық тілшісі де көрді. Хаттың Тоқмади атынан жазылғанын әйелі Жәмила Айымбетова-Тоқмади растады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап жазған хатында Мұратхан Тоқмади өзін азаптап, кінәні мойындатуға мәжбүр болғанын айтқан. Ол өзі мен жақындары, әріптестері мен достарына жасалған "құқықтық вандализмге" қаңтар басында ауыр бап бойынша қамалған ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ("мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша айыпталған, қазір тергеу изоляторында отыр) бастаған күштік құрылымдарды кінәлайды.

"Қоқан-лоқы, соққы, азаптау, отбасына моральдық-психологиялық қысым көрсету, 20-30 жыл бұрынғы қылмыстық істі бұрмалау, жолдасыма қарсы үш қылмыстық іс ашу, туысымды қамау, бизнесті бұғаттау, мүлікке тыйым салу және отбасының есепшотын бұғаттау және өзге де әдіс-тәсілдер арқылы мені кінәні мойындап, процессуалдық келісімге (ПК) қол қоюға көндірді. Олардың шарты бойынша мен: 1) 2004-2005 жылдары бұрынғы әріптесім С.А. Непропекиннің мүлкі мен үлесін бопсаладым деп; 2) Ержан Тәтішевті Мұхтар Әблязовтың тапсырысы бойынша өлтірдім деп мойындауға тиіс болдым" дейді Тоқмади хатында.

Тоқмадидің жазуынша, оны "процессуалдық келісімге" қол қойғызу үшін тек азаптап қана қоймай, Алматыдағы психиатрия бөліміне де жатқызған.

"Төрт ай бойғы осындай "режимнен" кейін және менің әйелімді 15 жылға отырғызып, ал кіші балаларымды балалар үйіне жібереміз деп қоқан-лоқы жасағаннан кейін 2017 жылы 18 қарашада процессуалдық келісімге қол қоюға мәжбүр болдым. 2018 жылы 16 наурызда Тараз сотының судьясы М.Тілепов үкімді оқыған кезде "сіздің процессуалдық келісіміңіз істе бар, кінәлі адамға үкім шыққаннан кейін күшіне енеді" деп айтқан. Әблязовқа 2018 жылы 27 қарашада үкім оқылды. Бір жылдан соң 2019 жылы қарашада отбасымның бірнеше рет жазған мәлімдемесіне, атап айтқанда процессуалдық келісімді қолданып, жұмсағырақ жаза қолдану туралы өтінішіне жауап берген Жамбыл облысының прокуроры Ж.К.Құсайынов "Тағайындалған мерзімнің өзі ең қысқа мерзім" деп мәлімдеді. Осылайша біздің "процессуалдық келісім – әншейін алдау" деген әу бастағы болжамымыз расталды" деп жазды хатта.

Ол хаттың соңында өзі "жасамаған қылмыс үшін" түрмеде отырғанын алға тартып, күштік құрылымның сол кездегі басты мақсаты – "Нұрсұлтан Назарбаевтың қас жауы Мұхтар Әблязовтың экстрадициясы еді, алайда қаңтарда олардың бәрі ұсталды" деп жазды.

Ол Тоқаевтан істі қайта қарап, өзін ақтап, босатуды сұраған.

9 наурызда қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Тоқмадидің хатына байланысты реакция білдірді. Ол қазіргі билік үшін Тоқмадидің хаты "тамаққа қадалған сүйектей" әсер ететінін айтып, бірақ кәсіпкердің хаты жауапсыз қалады деп санайтынын жазды. Билік өкілдері әзірге реакция білдірмеді.

БТА банктің басшысы Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмади "Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім" деген. Сот оны 2018 жылы он жарым жылға соттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG