Accessibility links

Режиссер Қанат Бейсекеевтің Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректі фильмі жарық көрді


Режиссер Қанат Бейсекеевтің Шыңжаңдағы қысым жайлы деректі фильмі.
Режиссер Қанат Бейсекеевтің Шыңжаңдағы қысым жайлы деректі фильмі.

10 наурызда қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеевтің "East Turkistan: право на свободу" ( Шығыс Түркістан: еркіндік құқығы) атты деректі фильмі жарық көрді.

Фильмде Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өңірін мекендеген байырғы халықтардың Қытай билігінен көріп отырған қорлығы мен азабы, "қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі" азаптаулар баяндалады.

Фильм авторы Қанат Бейсекеевтің сөзіне қарағанда, фильм түсіру жайлы идея "саяси лагерьлер" жайлы алғаш ақпарат шыға бастаған кезде пайда болғанмен оны түсіру кезеңі бірнеше жылға созылған. Және кейінгі оқиғаларға байланысты да шығару уақыты шегеріліп келген.

Фильмдегі негізгі кейіпкер Салих Құдияр (Salih Hudayar) – "Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген" Америкада тұратын ұйғыр белсенді.

– [2020 жылы] Америкада митинг болатынын естіп, бардым. Сол кезде Салих деген бір жігітті кездестірдім. Ол фильмдегі негізгі кейіпкер. Менде ол кезде [фильм түсіру жайлы] нақты мақсат та болған жоқ. Салих маған шабыт берді. Жас жағынан менімен құрдас. Өзі белсенді. Америкада тұрса да, Шығыс Түркістан тәуелсіздігі үшін еңбек сіңірген. Сол жігіт жайлы жұрт білсін деген де мақсат болды. Бізде Шыңжаң лагерьлерінде болған қазақтар бар. Сайрагүл (Сауытбай) Алматыда болған кезде жағдайын бақылап отырдық. Әрине, жүрегіміз ауырды, алаңдадық, – деді Қанат Бейсекеев Азаттыққа.

Шамамен 51 минутқа созылатын деректі фильмде Қытайдағы "саяси лагерьлер" мен ондағы азаптаулар жайлы кадрлар визуализация әдістерімен беріледі.

– Фильмді түсірген кезде 21 ғасырда да осындай нәрселердің бар екенін естіп, есеңгіреп қалдым. Бұл фильмді көргеннен кейін одан тазарғың келеді, себебі сен ондай нәрсе болуы мүмкін емес деп ойлайсың, – дейді режиссер.

Оның айтуынша, фильм өз қаржысына түсірілген. 10 наурыздан бері фильм 12,6 мың рет көрілген.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаң өлкесінде 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамаған. Кейін зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халықтың санын азайту үшін әйелдерге күшпен түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер сақшылар зорлағанын, ал еркектер қамауда азапталғанын айтқан.

Қытай лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді, ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Пекин бұл өлкеге Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін кіргізбеген. Бұдан бөлек, Қытай мемлекеттік медиасында Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.

Қазақтар Шыңжаңды байырғы кезден мекендейтін түркітілдес ұлттар арасында саны жағынан ұйғырлардан кейін екінші орында тұр. Сонымен бірге аймақта қырғыз, тәжік, дүнген және өзге де мұсылмандар тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG