11 қаңтар күні Шымкенттегі ИЧ-167/11 түзеу мекемесінің алдына жиналған оннан аса адам қаңтар оқиғасына байланысты қамалған туыстарын босатуды сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.
Жиналғандардың бірі Ұлжан Құрманбаева ұлы Жанболат Жұмаділдәнің үстінен “Терроризм”, “Билік өкіліне күш қолдану” баптары бойынша іс қозғалғанын айтты. Ол баласының "ешқандай қылмыс жасамағанын" айтып, босатуды талап етті.
- Бұл - қасірет. Екінші топ мүгедегімін. Үш немерем бар. Келінім мен бір немеремнің денсаулығы жоқ. Ұлым отбасының жалғыз асыраушысы. Қамалғандар босатылса, аналардың көз жасы ескерілсе екен, - дейді Құрманбекова.
Ал көп балалы ана Гүлвира Төрегелдиева ұлы Дияс Атабектің әуел баста қаңтар оқиғасына байланысты әкімшілік жазаға тартылып, 15 күн қамалып шыққанын айтты. Алайда екі күн бұрын прокуратура қайта тергеуге шақырып, “Жаппай тәртіпсіздік” бабымен күдікті ретінде танып қамаған.
- 4 қаңтар күні ұсталған 18 жастағы ұлымды 6 қаңтарда әрең таптық. Түнгі сағат үште сот болып, 15 күнге қамады. Ұрып-соқты. Құтылдық па дегенде екі күн бұрын тағы қолына кісен салды. Шаршадық, қажыдық. Тергеуді президент, Бас прокуратура жіті қадағаласын. Қамаудан басқа, мысалы қоғамдық жұмысқа тартсын, келісеміз, - дейді ол.
Жиналғандар Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты тергеу амалдарына Бас прокуратура мен президенттің өзі араласуы тиіс, ақ-қарасын анықтап жазықсыз жатқан адамдар босатылуы қажет деді. Олар президенттің келесі аптада халыққа үндеу жасауды жоспарлап отырғанын тілге тиек етіп, қамалғандардың ісін жеңілдетуді сұрады. Наразы топ шағымдарын жазбаша да жазып, бас прокуратураға жолдайтынын айтып тарады.
Шымкентте 4 қаңтар күні наразылар бейбіт митингіге шықты. Куәлердің айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні наразыларға оқ атылған. Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот қаулысы шыққан. Қазір олардың елуге жуығы қамауда, қалғаны бұлтартпау амалымен қамаудан босатылған.
Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.
ПІКІРЛЕР