Ақтау және Жаңаөзен қалаларының өрт сөндірушілері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеомәлімдеме жасап, жалақыларын өсіруді сұрады.
ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, Жаңаөзен өрт сөндірушілері жалақыларын өсіріп, 2017 жылы Қазақстан астанасында өткен EXPO-2017 көрмесіне аударылған зейнетақыларын қайтаруды талап еткен.
"Азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен өсірілгеніне қарамастан жыл сайын елімізде маңызды тауарлар, коммуналдық төлемдер мен жалға алған пәтер құны қымбаттайды. Осындай жағдайда өрт сөндірушілердің 110-130 мың теңгелік (шамамен 215 доллар) жалақысы шығынды ақтамайды. Біздің жұмыс өзге құқық қорғау органдарына қарағанда қауіптірек. Әлеуметтік жағынан қорғалмау және баспана мәселесі өрт сөндіруші мамандығы мәртебесінің төмендеуінің себеп" дейді қаладағы №3 өрт сөндірушілер бөлімінің жұмысшылары әлеуметтік желіде тараған видеода.
Олардың сөзіне қарағанда, бұл мәселе парламент пен үкіметте бірнеше рет қозғалған, алайда нақты шешім жоқ. Видеомәлімдемеде 3 наурызда аймаққа төтенше жағдай вице-министр Мереке Пішембаевтың келгені айтылады. Бірақ шенеунік талаптарын орындай алмайтынын мойындаған.
Олар мәлімдемеде азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерін әскери қызметкерлер мәртебесімен теңестіруді, жалақыларын көбейтіп, Маңғыстау облысының экологиясы нашар екенін ескеруді сұраған.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, оларға коммуналдық төлем бойынша берілетін өтемақы әлі күнге дейін 2005 жылғы деңгеймен (3730 теңге - шамамен 7 доллар) төленіп жүр. Олар бұл төлемді қазіргі көрсеткішпен сәйкестендіруді сұрады.
"ЕXPO-2017 көрмесіне байланысты зейнетақы қорынан 50 пайыз аударғанбыз. Оны көрме аяқталғаннан кейін қайтарып беретінін айтқан, алайда әлі күнге дейін қайтарған жоқ. Жинақтарымызды зейнетақы қорына қайтаруды талап етеміз" деді өрт сөндірушілер.
Олар сонымен бірге бұл мәлімдеме үшін өздерін қудаламауды да талап еткен. Олардың талаптарын қаладағы №11 бөлім өрт сөндірушілері де қолдаған. ҚазТАГ-тың жазуынша, олардың талаптарына сонымен бірге Жаңаөзен маңындағы Теңге ауылының жұмысшылары да қосылған.
Бір күн бұрын "Лада" жаңалықтар сайты "Ақ Берен" құтқарушылар тобының Маңғыстау облысындағы бөлім қызметкерлерінің де жалақыны өсіру туралы мәлімдемесін жариялаған.
65-70 мың теңге (127-137 доллар) жалақы алатынын айтқан құтқарушылар айлықты көбейтуді сұраған. Ақпаратқа қарағанда, "Ақ Берен" тобының құтқарушылары үш апта бұрын да мәлімдеме жасаған, бірақ одан бері жағдай өзгермеген.
16 наурызда Жаңаөзенде Sa Eco компаниясының қызметкерлері президент Тоқаевқа видеомәлімдеме жасап, банкроттық алдында тұрған компаниядағы жұмыстарына қайта орналасуына қол ұшын беруін сұраған. Ашық дереккөздерге қарағанда, бұл компания рекультивация және өзге де экологиялық қызмет түрлерімен айналысады.
ПІКІРЛЕР