Accessibility links

"Жаңа Қазақстанда" қаңтар қырғыны тәуелсіз зерттелуі керек" HRW қантөгісті жан-жақты тексеруге тағы үндеді


Қаңтар оқиғасы кезінде жақынынан айырылған әйел құрбандарды еске алу шарасында марқұмның суреттерін ұстап тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде жақынынан айырылған әйел құрбандарды еске алу шарасында марқұмның суреттерін ұстап тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күнгі негізгі мәлімдемесін "Жаңа Қазақстан" идеясын жарнамалау үшін пайдаланды, бірақ қаңтар оқиғасы кезіндегі адам құқығын өрескел бұзу жайттарын жою мәселесіне келгенде күмілжіді". Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының 18 наурызда жасаған мәлімдемесі осылай деп басталады. Ұйым Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын тәуелсіз зерттеуге тағы үндеп, Қазақстанның халықаралық әріптестері оны соған көндіруі тиіс деді.

HRW ұйымы бұған дейін де билікке үндеу жасап, кемінде 230 адамның өмірін қиған қанды оқиғаны халықаралық сарапшылармен біріге отырып, тәуелсіз зерттеуге шақырған.

"Қаңтар оқиғасы кезіндегі адам құқығын өрескел бұзу жайттары тәуелсіз әрі әділ зерттелуі тиіс. Президент Тоқаевтың халыққа жолдауында тәуелсіз зерттеу жүргізіп, кінәлілерді жазаға тартатындығын айтпауы көңілді қатты құлазытады" деді ұйымның Еуропа, Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

Ұйымның айтуынша, президент жолдауында ведомствоаралық тергеу тобы мен тергеу жұмыстары туралы ғана атап өткен. Тоқаев бұл тергеу топтарының тәуелсіз орган еместігін де айтпаған. Күштік құрылымдардың ұсталғандарды азаптауы мен зәбір көрсетуі жан-жақты зерттелмесе, өзге тәуелсіз комиссиялар араласады деп те үміттендірмеген.

Ұйым кемінде 17 адам өлген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде азаптаулар мен полицияның халыққа оқ ату жағдайлары қажетті дәрежеде тексерілмей қалғанын алға тартып, "көбі осы жағдай қайталана ма деп қауіптенеді" деді.

Қазақстан бас прокурорының мәліметіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам өлген. Оның 19-ы полицейлер мен күш құрылым қызметкерлері. 139 адам Алматы оқиғасында өлген. Оның 86-сы мемлекеттік органдар ғимаратына шабуыл кезінде өлген. Бүгінде 20 адамның атыс кезінде кездейсоқ өлгені анықталған.

Дегенмен жергілікті құқық қорғаушылар "кездейсоқ" өлгендер бұдан да көп болуы мүмкін деп топшылайды. Тоқаев жолдауында бейбіт азаматтардың өлуіне "террористерді" кінәлаған.

HRW жұма күнгі мәлімдемесінде Тоқаевтың әйелдер мен балаларға жасалған тұрмыстық озбырлықты Қылмыстық кодекспен жазалау ниетін оң бағалайды. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды солай істеуге талай үндеген.

Қазақ билігінің саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету жоспарына тоқталған ұйым "оппозиция [партияларын] тіркей ала ма, жоқ па, бұл кез келген реформаға сын" деп жазды.

HRW Тоқаевтың бейбіт жиын туралы заңды реформалаудан бас тартқанын сынайды.

Human Rights Watch осыған дейін БҰҰ және өзге бірнеше үкімет наурызда Қазақстанды қаңтар қырғынын тәуелсіз зерттеуге шақырғанын да еске салады. Нұр-Сұлтанға үндеу жасағандар арасында Еуроодақ, Швейцария, Люксембург та бар. Ұйым Қазақстанның әріптестері Нұр-Сұлтанға осы бағытта қысым жасап, тәуелсіз зерттеу жүргізуге көндіруі тиіс деп санайды.

Human Rights Watch ұйымының зерттеуіне сәйкес, 4-6 қаңтар аралығында еш қатер төндірмесе де қазақ күштік құрылымдары кемінде төрт жағдайда артық күш қолданып, кемінде он адамды атып өлтірген. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған 8 адам уақытша қамау орындарында қаза болып, азаптау бойынша іс қозғалған. 16 қаңтарда Тоқаев қаңтар оқиғасында ұстау кезінде азаптау болғанын растап, оны "варварлық әдіс" деп атады.

"Президент Тоқаев ел болашағына қатысты бірқатар нақты ұсыныс жасады, бірақ қаңтар кезінде жасалған өрескел заңбұзушылықтарды жоймай, бұл идеялардың бәрі бос сөз болып қалатын тәрізді. Президент әділдікті қалпына келтіру ниетінің жәй сөз еместігін ісімен дәледеп, қаңтар оқиғасына қатысты тәуелсіз [халықаралық сарапшылардың қатысуымен] аралас зерттеу жүргізуі тиіс" деп түйіндейді Хью Уильямсон.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, бұл наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.
  • Бас прокуратураның есебінше, Қаңтар оқиғасы кезінде төрт мыңнан аса адам зардап шеккен.
  • Ақорда қаңтар қырғынына "террористерді" айыптағанымен, нақты дәлел ұсына алмады. Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптау көргенін мәлімдеген. Билік ұсталғандарды азаптау фактісі болғанын мойындап, бірнеше қызметкердің үстінен іс қозғаған.
  • Бұған дейін Тоқаев қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу қажет емес деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG