Accessibility links

Ресей экономика министрлігі: ЕАЭО-да кедендік төлемдерді рубльмен төлеуге келістік


Еуразиялық экономикалық одағы "одақ ішінде импорттық, кедендік төлемдер мен баж салығын рубльмен есептесуге" келісті деп мәлімдеді Ресей экономика министрлігі.

"Осылайша біз ортақ рубль кеңістігін құруды бастадық" деді Ресей экономика министрі Максим Решетников.

Ал Қазақстан үкіметінің бұл өзгеріске қатысты мәлімдемесі Ресейдің ресми мәлімдемесінен өзгеше. Нұр-Сұлтан Қазақстанға, Арменияға және Қырғызстанға кеденнен түсетін баж салығы бұрынғыдай доллармен есептеледі және бөлінеді деп мәлімдеді.

Қазақстан үкіметінің ресми мәлімдемесінде "Келіссөз кезінде қазақстандық вариант қолдау тапты. Ресей мен Беларусьте баж салықтарын есепке алғанда және бөлгенде тауарды жіберуші елдердегі бағамы бойынша Ресей рублі қолданылады" деп жазылған.

Қазақстан тарабы одақ ішінде рубльдің кедендік төлем ақшасы ретінде енгізілуін Ресейге салынған санкциялармен түсіндіреді.

"Санкцияларға байланысты ЕАЭО ішіндегі баж салығын Ресей мен Беларуське доллармен аудару мүмкін емес" дейді Қазақстан үкіметі.

Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей мүше. Одақ 2014 жылы "ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олардың бәсекеге қабілетін және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында" құрылған.

Сарапшылар бұл одаққа Ресейдің ықпалы көп екенін, Ресей экономикасы құлдыраса, одақтағы басқа елдерге де әсер ететінін айтады.

Ресей Украинаға соғыс бастаған соң Батыс елдері Мәскеуге бұрын-соңды болмаған санкциялар салып, рубль күн сайын құлдырап жатыр. Рубльдің әлсіреуі Қазақстан теңгесіне де әсер етіп, бір доллардың құны 500 теңгеден асып кетті. Бұған дейін де Ресейде тарапынан рубльді одақтың ортақ валютасына айналдыру жайлы ұсыныстар айтылған.

Қазақстанда белсенділер мен сарапшылар билікті Ресейдің ықпалы зор одақтан шығуға жиі шақырған. Нұр-Сұлтан ЕАЭО-ны "саясиландырмауға" үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG