Accessibility links

Сарапшы: ЕАЭО елдерімен рубльмен есеп айырысу Қазақстанға тиімсіз


Қазақстандық сарапшы Расул Рысмамбетов Еуразия экономикалық одағы ішінде өзара рубльмен есеп айырысу бастамасы Нұр-Сұлтанға тиімсіз деп санайды.

"Қазақстанға рубльмен айырбас жасасуға болмайды, себебі қазір Ресейге санкция салынған. Бұл ел көп тауарды Қазақстанға да экспорттауға тыйым салған. Сондықтан бізге ЕАЭО-ны (Еуразия экономикалық одағы – ред.) тоқтата тұру керек болады. Содан соң дұрыстап, достық ниетте, прагматикалық тұрғыда алымдар енгіземіз. Бұл – бірінші вариант. Екінші вариант – өзара теңгемен есеп айырысу. ЕАЭО-дағы екінші ірі экономика – Қазақстандікі" деді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов ҚазТАГ агенттігіне сұхбатында.

Оның айтуынша, өзара рубльмен есеп айырысқан жағдайда, санкцияның салқыны Қазақстанға да тиеді.

"Ресей санкция құрсауында, біз ол рубльді не істейміз?... ЕАЭО-да біз бір-бірімізге пайдалы нәрсе істегіміз келсе, қазір өзара тек теңгемен есеп айырысу керек. Санкцияны алып тастаса, басқасын таңдаймыз" деді сарапшы.

Мұның алдында Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Решетников Еуразия экономикалық қауымдастық елдері өз арасында Ресей рублімен есеп айырыса бастайтынын мәлімдеген.

"Осылайша біз ортақ рубль кеңістігін құруды бастадық" деді Ресей министрі.

Ал Нұр-Сұлтан Қазақстанға, Арменияға және Қырғызстанға кеденнен түсетін баж салығы бұрынғыдай доллармен есептеледі және бөлінеді деп хабарлады.

Қазақстанның ресми мәлімдемесінде тек "Ресей мен Беларусьте баж салықтарын есепке алғанда және бөлгенде тауарды жіберуші елдердегі бағамы бойынша Ресей рублі қолданылады" деп жазылған.

Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей мүше. Одақ 2014 жылы "ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олардың бәсекеге қабілетін және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында" құрылған.

Сарапшылар бұл одаққа Ресейдің ықпалы көп екенін, Ресей экономикасы құлдыраса, одақтағы басқа елдерге де әсер ететінін айтады.

Ресей Украинаға соғыс бастаған соң Батыс елдері Мәскеуге бұрын-соңды болмаған санкциялар салып, рубль құлдырап жатыр. Рубльдің әлсіреуі Қазақстан теңгесіне де әсер етіп, бір доллардың құны 500 теңгеден асып кетті. Бұған дейін де Ресейде тарапынан рубльді одақтың ортақ валютасына айналдыру жайлы ұсыныстар айтылған.

Қазақстанда белсенділер мен сарапшылар билікті Ресейдің ықпалы зор одақтан шығуға жиі шақырған. Нұр-Сұлтан ЕАЭО-ны "саясиландырмауға" үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG