Accessibility links

Доллардың шарықтауы қазақстандықтарды тығырыққа тіреді


Алматының Көк базарындағы адамдар. 2 наурыз 2022 жыл.
Алматының Көк базарындағы адамдар. 2 наурыз 2022 жыл.

Украинаға соғыс ашқан Ресейді Батыс елдері санкция құрсауына алды. Салдарынан Ресей рублімен бірге Қазақстанның ұлттық валютасы да күрт құнсызданды. Доллар бағамы шарықтап, 500 теңгенің маңайына барды. Сарапшылар өнеркәсібі дамымаған, шикізат өндірумен ғана айналысатын Қазақстан экономикасы қиын жағдайда қалғанын айтады. Азаттық тілшісі Алматының Көк базарындағы жағдайды біліп қайтты.

"БИЛІК БАҒАҒА ШЕКТЕУ ҚОЙДЫ"

Алматының орталығындағы жұрт көп баратын "Көк базар". Түс ауған мезгіл. Базардың жеміс-жидек пен азық-түлік сататын бөлімінде сатып алушы адам аса көп емес. Сатушылар есіктен кірген кісіні "Келіңіз, алма алыңыз", "Жақсы жеміс бар", "Не іздедіңіз?" деп жарыса айқайлап шақырады. Сөреде тізіліп тұрған жеміс-жидектің бағасына көз салдым. Алматыға жақын Қапшағайдың іргесіндегі жылыжайда өскен қиярдың келісі 750-1000 теңге аралығында. Қызанақ бағасы да сол шамалас. Ал жұрт жиі алатын картоптың бір килосы 250 теңге.

"Сауда жоқ. Жаңа жылдағы бағамен тұрмыз" дейді сатушылар шағынып.

Диктофонымды шығарғаным сол еді, жаңа ғана бәйек болып тұрған сатушылар "Даусымызды жазып алайын деп жатырсың ба? Қой, әрі!" деп ат-тонын ала қашқандай болды. Аты-жөнін атамайтынымды айтқаннан кейін ғана біреуі сөйлесуге келісті. Журналистен неге сонша шошып кеттіңіз деген сұраққа, базар басшылығы сатушылардың БАҚ өкілдеріне сұхбат бергенін қош көрмейді, саудамызға зияны тиіп кете ме деп қорқамыз деп түсіндірді.

Көк базарда жеміс пен көкөніс сатып тұрған адамдар. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.
Көк базарда жеміс пен көкөніс сатып тұрған адамдар. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.

Айтуынша, жергілікті билік орындары биылғы Қаңтар қырғынынан кейін базардағы азық-түлік бағасына шектеу қойған.

– Бағаны біз көтермейміз ғой. "Оптовкадан" (көтерме бағамен сататын сауда орны) қымбат келеді. Бізге қымбаттатпаңдар деп шектеу қояды. Бірақ үкімет салықты өсірді. Әлеуметтік төлем (социалка), медициналық сақтандыру төлемін де көтеріп тастады. Медициналық сақтандыру төлемін ай сайын төлейміз. Бірақ емханаға барсақ, тегін қарамайды. Сол мәселені жазсаңдаршы, – деп арындай сөйлеген сатушы шерін ақтарып барып тоқтады.

Ол ақпан айында тапқан табысы сауда орнын жалдау құнынан артылмағанын, енді наурыз айынан үміт күтетінін айтады.

Бұдан кейін де бірнеше сатушыны сөзге тартып көрдім. Бәрі тауарын бұрынғы бағамен сатып жатқанын айтып, азар да безер болды. Тек өрік-мейіз сатып тұрған Фархад есімді саудагер ғана 300 теңге қосқанын жасырмады.

"БӘРІ ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР"

Көк базардың киім-кешек сататын бөлігінде де адам қарасы сирек. Тіпті жоққа тән. Аяқ киім сатып отырған Сәния есімді сатушы тауар бағасы жайлы сауалымызға "иә, қымбаттап жатыр" деп жауап берді.

– Өткен аптада мына аяқ киімді Өжеттегі көтерме сауда орнынан алты мың теңгеден алғам. Бүгін сегіз жарым мың теңгеден келді. Енді мұның үстіне мың жарым теңге қосып сатамыз. Соның өзінде жұрт қымбатсынып, алмайды, – дейді табаны жұқа, жазда киетін жеңіл аяқ киімді нұсқап.

Көк базардағы аяқ киім сататын орындардың бірі. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.
Көк базардағы аяқ киім сататын орындардың бірі. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.

Өзі сатып отырған аяқ киімдердің Алматыға Қытайдан былтыр желтоқсанның аяғында жеткізілгенін айтқан Сәния бағаны неліктен көтеріп жіберді деп көтерме сауда орнын сөгеді.

– Қытайлар өлсе де доллармен сауда істемейді ғой. Ол жақта тек юань ғана жүреді. Содан кейін мыналардың барлығы жаңа жылдың алдында келген тауарлар. Қоймада жатқан. Өйткені қазір Қытайдан тауар келіп жатқан жоқ. Сонда не себепті қымбаттап отырғанын өзіміз де түсінбедік, – дейді ол ренішін жасырмай.

Базарда қымбаттаған тек аяқ киім ғана емес. Құрылысқа қажет құралдарға да баға қосылған. Мәселен, Қытайда өндірілген кішкентай тістеуік 1000 теңге болса, шағын балғалар 700 теңгеден. Әртүрлі мөлшердегі шегенің де келісі бұрынғыдан 100 теңгеге қымбат.

Мұндағы тауардың көбі Алматының төменгі жағындағы көтерме сауда базарларынан жеткізіледі.

Алматыдағы Көк базар. 2 наурыз 2022 жыл.
Алматыдағы Көк базар. 2 наурыз 2022 жыл.

"30 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ӨСТІ"

Жайна Әлсейіт "Кенжехан 2" базарынан зат алуға Аягөз қаласынан келіпті. Сегіз жылдан бері Алматыдан Аягөзге тауар тасып, нәпақасын айырып жүр екен. Бұл жолы өзі ойлағандай бағамен киім ала алмай жүргенін айтты.

– Пандемия басталғалы керек тауарды тапсырыс беріп алдырып жүргем. Кеше қыздар "зат қымбаттап жатыр" деген соң көзіммен көрейін деп әдейі келдім. Тауар көлеміне байланысты 200 теңгеден 1000 теңгеге дейін қосылыпты. Мен де сатуға апарған тауардың үстінен қосамын. Келіп-қайтқан жолымды, ішіп-жегенімді де осы тауардың бағасынан шығарамын, – дейді Жайна.

– Сонда қанша қосасыз? – деген сауалымызға "бірге бір" деп күле жауап берді.

Кішкентай баланың киім-кешегін сатып отырған Мейіргүл Алматыға тауарды Қырғызстаннан тасиды.

– Қазір доллар қымбаттап жатыр. Біз Бішкектен тауар алған кезде доллармен есептесеміз. Ол жақта теңгемен алмайды. Мен қазір 200 теңгеден қосып отырмын. Соның өзінде адамдар қымбат деп жатыр, – дейді Мейіргүл.

Алматыдағы "Кенжехан" базарының ішкі көрінісі. 2 наурыз 2022 жыл.
Алматыдағы "Кенжехан" базарының ішкі көрінісі. 2 наурыз 2022 жыл.

Мейіргүлдің сөзіне қосылған тағы бір сатушы Толқын Тантыбаева тауарды Қытай мен Түркиядан таситынын айтады.

– Біз доллар бағамымен есептеп сатып әкелеміз. Бұрын осы жақтан долларды 430 теңгеден сатып алатынбыз. Енді 490 теңгеден сатып алдық. Сондықтан әр тауардың бағасы 20-30 пайызға дейін өсті, – дейді ол.

Сүйінбай көшесінің бойындағы тұрмыста пайдаланылатын электроника заттарын сататын сауда орталығында да тауар бағасы өзгергені байқалады. Өзін Аян деп таныстырған менеджер тауарлардың, соның ішінде ең көп сатылатын смартфондар да лезде қымбаттап шыға келгенін айтады.

Мысалы, 2 ақпанда тұтынушылар жиі таңдайтын смартфон бағасы таңертеңгі сағат тоғызда 74900 теңге деп бекітілсе, түс қайта 79 мың теңге болды дейді ол.

Аянның сөзінше, кей смартфон бағасы бір күнде он мың теңгеге өскен.

ІШКІ НАРЫҚТЫҢ ЖЕТІМСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ

Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстанда тұтыну тауарларының қымбаттауы жуық арада тоқтамайды деп есептейді. Оның пікірінше, халыққа қажет тауарлардың кемінде 30-35 пайызын отандық кәсіпорындар қамтамасыз еткен жағдай да ғана ортақ бағаға әсер етуге болады.

Экономист елге сырттан келетін тауарлардың үлес салмағы 75-80 пайызға дейін жеткенін айтады. Қазақстан халықтың ішкі сұранысын тек импортпен ғана қамтамасыз етіп отырғандықтан, өзге елдің валютасына тәуелділіктен жақын арада құтыла алмайды дейді ол.

– Бұл жердегі ең басты проблема – біздің ұлттық валютамыздың басқа, сол тауар сатып алатын елдің валютасынан әлсіздігінде. Осындай әртүрлі өзгерістер, қандай да бір макроэкономикалық қиыншылық туындай қалса, тікелей біздің тұтыну сұранысын қалыптастыратын адамдарға, солардың жалақысына, олардың қаражатына кері әсерін тигізіп жатады. Екіншіден, Қазақстанға келетін импорттың 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған Ресейге салынып жатқан санкциялардың салқыны тиеді. Яғни олардың экономикалық жағдайы нашарлаған кезде автоматты түрде біздің экономиканың да құлдырауына алып келеді. Сондықтан ең бірінші кезекте бағаны реттеу үшін бағаны қалыптастырушы тауарларды өзіміз ретте алатындай болуымыз керек. Отандық кәсіпорындарды дамытуға, сырттан келетін тауарларға деген сұранысты, мұқтаждықты азайту арқылы ғана соған жетеміз, – дейді ол.

Ресей Украинаға соғыс ашқан күні Қазақстанда рубльмен бірге теңге бағамы да құлдырады. 24 ақпан күндізгі 12:30 шамасында Нұр-Сұлтан қаласындағы ақша айырбастау орындарында 1 доллардың бағамы 464 теңгеге жетті.
Ресей Украинаға соғыс ашқан күні Қазақстанда рубльмен бірге теңге бағамы да құлдырады. 24 ақпан күндізгі 12:30 шамасында Нұр-Сұлтан қаласындағы ақша айырбастау орындарында 1 доллардың бағамы 464 теңгеге жетті.

Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстанның 30 жыл ішінде халықты қажет тауарлармен қамтамасыз ете алмауының бірнеше себебін атайды. Оның пайымдауынша, елдегі ішкі нарықтың дамымауына мүдделі топтар әсер етіп отыр.

– Бидайдың үстінде отырмыз десек те, біздегі нан бағасы экспортқа шығып, басқа елге бізден барған нан бағасынан да қымбат. Жылына 25-30 миллион тонна ұн өндіреміз. Бірақ соның жеті миллион тоннасын ғана ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бөлінеді. Ал қалғанын экспортқа шығаруға мүдделі екенбіз. Яғни бізде нанның қымбат болуына қарамастан бидайды экспортқа шығару арқылы табыс табу пайдалы. Басқа салада да осындай мүдделі топтың салдарынан отандық өнім өндіруді дамытуға кедергі жасалып отыр, – дейді сарапшы.

Тағы бір экономист Марат Әбдірахманов та Қазақстанда тауар құнының доллармен бірге өсуінің басты себебі – ішкі нарықты қамтамасыз ететін отандық кәсіпорын жеткіліксіздігінен, Қазақстан экономикасының долларға тәуелділігінде деп есептейді. Оның пайымдауынша, тығырықтан шығудың бір ғана жолы – Еуразия экономика одағынан шығу.

– 2009 жылғы Кеден одағы туралы шарт бойынша бізге жылына 10 миллиард доллар түсу керек болатын. Ал 2021 жылы 800 миллион доллар ғана алдық. Шындығында бізге түсуі тиіс 900 миллионнан астам қаржы Ресейге кетті, – дейді ол.

Марат Әбдірахмановтың бұл пікірін әріптесі Бауыржан Ысқақов та қолдайды. Ол ЕАЭО қызығын басқалар көріп отыр дейді.

– Одақтың табысын пропорцияға бөлген кезде алғашқы бес мемлекеттің үштігіне кіреміз бе, кірмейміз бе, белгісіз. Бұл одақ Ресей мен Беларусь үшін тиімді. Мысалы, Беларусь ауылшаруашылық техникалары ешқандай кеден рәсімінсіз Қазақстанға, Ресейге барып жатыр. Сондықтан мұның балама жолдарын қарастыруға болады. Әлем Ресейге назарын бұрып, қысымға алып жатқан кезде бұл одақтың өзектілігі де қалмаған секілді. Сондықтан біздің сұранысымызды, экспортымызды қамтамасыз ететін басқа бір одақ іздеу керек, – дейді сарапшылар.

24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс ашты. Көп ұзамай Батыс елдері бұған жауап ретінде Ресейге экономикалық қысым жасап, көптеген санкция салды. Оның әсерінен Ресей рублі құлдырап, Қазақстанның ұлттық валютасына да әсер етті. Доллар бағамы бірден шарықтап 500 теңгенің маңайына барды. Сарапшылар отандық өнеркәсібі дамымаған, тек шикізат өндірумен ғана айналысатын Қазақстан экономикасы қиын жағдайға тап болғанын айтады. Теңгенің құлдырауы базардағы бағаға да әсер етіп, тұтыну тауарлары қымбаттап жатыр. Жалақы мен зейнетақы бағаны қуып жете алмай отырған елде тұрғындардың ертеңгі күнге алаңдауы күшейіп барады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG