Accessibility links

"Жезге бола бізді далада қалдырды". Кеніш қажетіне алынатын өз үйінде "заңсыз" тұрып жатқандардың мұң-зары


Жезқазған ауылындағы үйдің сыртында "Мұнда адамдар тұрып жатыр" деп жазылған. Мыс өндіру үшін бұл ауылды толығымен жойды ұйғарған.
Жезқазған ауылындағы үйдің сыртында "Мұнда адамдар тұрып жатыр" деп жазылған. Мыс өндіру үшін бұл ауылды толығымен жойды ұйғарған.

Қарағанды облысында мемлекет мыс өндіретін аумақты кеңейту үшін бірқатар ауылды жойып, халқын басқа жаққа көшірген. Бірақ бірнеше отбасы жергілікті билік ұсынған өтемақыға көңілі толмай, көшпей отыр. Қазір олар қыс ортасында сусыз, жарық пен жылусыз күн кешіп жатыр. Билік сотқа жүгініп, ауыл тұрғындарының мүлкін мемлекет меншігіне алған. Бұған наразы азаматтар мемлекеттен лайықты өтемақы беруді талап етіп отыр.

"БІЗДІ ҚОРЛАП ОТЫР"

"Өмір сүріп емес, өлместің күнін кешіп жатырмыз! Үйімізді тонаушылардан, заңсыз күрегісі келетін жергілікті биліктен қорғауға мәжбүрміз. Бізге келгенде көші-қон процесі тоқтап қалды. Мүлкімізді қиратуға, өртеп жіберуге, денсаулығымызға залал келтіруге талпыныс жасалды, қоқан-лоқы көрсетілді". Жезқазған, Крестовский мен Весовая ауылдарында қалған тұрғындар журналистер мен қоғам өкілдеріне хатында осылай деп жазады.

Давыдовтар отбасы өткен аптаның аяғына дейін бес баласымен бірге Крестовский ауылында тұрған. Отбасындағы балалардың ең үлкені – 10 жаста, кенжесі – төрт айлық. Давыдовтар мемлекет ұсынған өтемақыға көнбеген. Жергілікті билік сот арқылы көп балалы отбасының баспанасын тартып алып, үйді біртіндеп коммуналдық желілерден ажыратқан. Қазір суы жоқ, кейде жарығы да болмайтын үйде отағасы жалғыз тұрады. Әйелі кішкентай балаларымен бірге Сәтбаев қаласынан бір бөлмелі пәтер жалдап, көшуге мәжбүр болған. Ауылда не дүкен, не дәріхана жоқ. Автобус та жүрмейді. Ауылда қалған тұрғындардың үйіне тонаушылар жиі шабуыл жасайды. 8 ақпанға қараған түні белгісіз біреулер Давыдовтардың ауласына кіріп, қоршауды бұзып, жылу құбырларын қазып алып кеткен. Жәбірленуші тарап арыз жазған, бірақ одан еш пайда болмаған.

– Мәселе неде екенін білесіз бе? Үйіміз үлкен – 180 шаршы метр, сарай, монша, гараж, бау-бақшамыз бар. Орнына осындай үй бермегеннен кейін өзіміз сатып алайық деп өтемақы сұрадық. Бірақ бізге екібөлмелі қос пәтер ұсынып отыр. Олар шаруашылықпен айналысатынымызды, шағын тракторымыз барын ескерген жоқ. Оның бәрін қайда жібереміз? Бізге "мемлекет берген пәтерлерді сатып, үй алыңдар" дейді. Бірақ оған көнбей отырмыз, ол екі пәтерді сатудан түсетін ақша үлкен үй алуға жетпейді. Бізге шаруашылықпен айналысып, техникамызды қоятын жер үй керек. Осы уақытқа дейін әкімдіктен қанша қорлық көрдім. Сонда да үндемей күттік, бұдан әрі үнсіз отыра алмаймыз. Баспанамызды тартып алды. Бізді мазақ қылып отыр, балаларға да қараған жоқ. Жұмыста жүрген кезімізде тонаушылар қоршауды бұзып, үйімізді қиратып, өрт қойып, жарықты қиып кетеді, – дейді Анна Давыдова.

Тұрғындардың айтуынша, қираған елдімекенде онға жуық отбасы қалған. Олар мемлекет заңсыз сот процесінің көмегімен үйлерін тартып алғанын, көші-қон процесі тоқтап қалғанын, жергілікті билік диалогқа бармай, өтемақы көлемін арттырудан бас тартып отырғанын, босаған ауылдарда мыс өндіруді көздеген "Қазақмыс" компаниясынан да хабар жоғын айтады. Тұрғындар үйі мен жерін билік пен жекеменшік компанияның қалауымен, халықтың келісімінсіз тағайындалған өтемақыға беруге қимайды.

Жезқазған ауылындағы өртенген үй. Тұрғындар өздеріне қысым жасағысы келгендер ауылдағы үйлер мен шаруашылық нысандарын әдейі өртейді дейді. Сонымен бірге ауылдағы үй-жайларды тонаушылардың жазасыз қалып отырғанын айтады.
Жезқазған ауылындағы өртенген үй. Тұрғындар өздеріне қысым жасағысы келгендер ауылдағы үйлер мен шаруашылық нысандарын әдейі өртейді дейді. Сонымен бірге ауылдағы үй-жайларды тонаушылардың жазасыз қалып отырғанын айтады.

Ауыл тұрғындарын көшіру процесі 2010 жылы басталған. Басында "Қазақмыс" компаниясының атынан "Hermes Steel Invest" ЖШС риелторлары тұрғындармен келіссөз жүргізіп, өтемақы заң жүзінде дұрыс төленген. Бірақ 2011 жылы шыққан үкімет қаулысына (жергілікті халық бұл қаулы заңсыз деп есептейді) сәйкес, тұрғындарды көшіру міндеті әкімдікке жүктеліп, лайықты өтемақы беру тоқтаған.

"МЕМЛЕКЕТ БАСПАНАМЫЗДЫ ТАРТЫП АЛДЫ"

Виктор Джура мен оның 79 жастағы анасы тұратын үйді иесі жұмыста болған кезде жартылай сүріп тастаған. Жақында ұры түсіп, тонап кеткен. Бірақ жергілікті билік тарапынан еш реакция болмаған. Үй иесі ұры түскенде анасының үйде болмағанына қуанады: ол күні Виктор инсульт алған қарт шешесін суы, жарығы мен жылуы жоқ үйде ұстағысы келмей, қалаға алып кеткен. Виктор да мүгедектік санатын алған. Ол күнде жұмыстан кейін үйін қарауылдап жатады. Өзінің айтуынша, жақын маңдағы үйлер жиі өртенеді.

Виктордың сөзінше, билік бұрын "пәтер, үй немесе ақшаның қайсысын таңдайсыз?" деп сұраған. Ол ақшалай өтемақыны таңдап, бар жағдайы жасалған үй сатып алғысы келеді. Викторға әкімдіктің Сәтпаев қаласының іргесінен ұсынған үйі ұнамаған. Басқа тұрғындар да "Үй ескі өзен арнасына салынған. Жерасты сулары көп жерде тұру қауіпті. Топырағы тұзды, үйлердің сапасы сын көтермейді. Гаражы, моншасы мен сарайы жоқ. Жер көлемі үлкен емес" деп, бұл ұсынысқа келіспеген. Жылдар өтсе де, мәселе шешілмеген. Кейін сот басталған, бірақ тұрғындар бұл туралы кеш білген: жергілікті билік мыс өндірісіне байланысты босатылуы тиіс ауылдардағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне өткізген. Былтыр соңғы сот процесі өткен. Тұрғындар сот процесі туралы естіген бойда, соңғы күні аппеляциялық шағым беріп үлгерген. Нәтижесінде сот оларға 9,9 миллион теңге өтемақы төлеу туралы үкім шығарған. Виктор Джура бұл ақшаға жақсы үй келмейтінін, әкімдік "үстіне ақша қосып береміз" деп, уәдесінде тұрмағанын айтады.

Жезқазған ауылында тұратын Виктор Джура мен оның 79 жастағы анасы тұрғын үйін билік судан, жылу мен жарықтан ажыратқан соң баспанасынан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Олар үйде болмаған кезде баспанасын ішінара бұзып кеткен.
Жезқазған ауылында тұратын Виктор Джура мен оның 79 жастағы анасы тұрғын үйін билік судан, жылу мен жарықтан ажыратқан соң баспанасынан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Олар үйде болмаған кезде баспанасын ішінара бұзып кеткен.

– Әкімдік адамдарды сотқа сүйреп, қорқытып-үркітіп, үйлерін тиын-тебенге алғысы келді. Жымысқы әдіс. Өзара келісіп, бізді сотқа қатыстырмай, сыртымыздан шешім шығарады. Үйімізді өте арзанға бағалады. Өз алдыма өмір сүріп жатқан адам едім, билік келді де, мүлкімді тартып алды! Үйімізбен бірге тірідей өртеп жібере ме деп қорықтық. Өйткені көрші үйлер жиі өртеніп жатты. Мемлекет баспанамызды алып қойды, орнымызға миллиардер компания келеді. Компания әкімдікке сілтеп отыр, ал жергілікті биліктің ісі – мынау. "Қазақмысқа" бізді көшіру түк емес. Оның үстіне, бұл жерде қаншама байлық жатыр, ал бізді тиын-тебен беріп, қуып жібергісі келеді. Үйіміздің астынан қазып алатын мыс үшін бізге осылай жасап отыр. Жақсы үй қымбат тұрады, одан бөлек, моральдық өтемақы төленуі керек. Жаңалықтан бұрынғы облыс әкімі мен Назарбаевты көрсеткен. Әкім "Еш қиындықсыз көшіруге болады" деді. Түсініксіз көші-қон. Батыс Қазақстанда бір ауылдан мұнай табылғанда, адамдарға жаңа ауыл салып, үстінен ақша берді. Бізде ше? – дейді Виктор Джура.

Виктор 2019 жылы қаңтарда көрсетілген Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Ерлан Қошанов пен сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың видеосын меңзеп отыр. Назарбаев теледидар арқылы "Бірнеше ауыл тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылдадық. Бұл ауылдарда мыс өндірісі жолға қойылады. Барлық мәселе шешілді, бірақ жұмыс баяу жүріп жатыр" деген. Қошанов бұған "Халық тарапынан наразылық бар, кей адамдар өтемақы алғысы келеді" деп, бұл мәселені сол жылдан қалдырмай шешуге уәде берген. Бірақ әлі күнге еш нәтиже жоқ.

Мемлекет мыс өндіретін кен орнын кеңейту үшін Жезқазған ауылы мен оған жапсарлас елдімекендерді жоюды ұйғарған.
Мемлекет мыс өндіретін кен орнын кеңейту үшін Жезқазған ауылы мен оған жапсарлас елдімекендерді жоюды ұйғарған.

Жезқазған ауылында тағы бірнеше адам қалған. Олар лайықты өтемақы алмайынша ешқайда көшпеуге бел буып отыр.

– Шілдеде Сәтбаев әкімдігі үш апта ішінде жақсы үй сатып алуға жеткілікті өтемақы береміз деді. Күттім. Міне, қыс аяқталып келе жатыр, олар әлі үнсіз отыр. Үйде бір бөлмеге тығылып отырамын. Қолдан жасаған пештің жылуы осы бөлмеге ғана жетеді. Мұржа жасап қойдым. Жарық жоқ. Осылай өмір сүріп жатырмын, басқа барар жерім жоқ. Жақында бәріміз Сәтпаевтың әкіміне бардық, бізді қабылдамай қойды. Әзер күн көріп отырмыз, – дейді Сергей Тоноянц.

– Әкімдік шотыма түскен ақшадан бөлек, екі бөлмелі пәтер береміз деген. Отбасым Жезқазған қаласында туыстарымыздың үйінде тұрып жатыр. Мен осында үйді қоруға қалдым. Қолда барымызды тартып алып, аш-жалаңаш қалдырды. Су, жарық пен жылу жоқ. Айналада ағаш көп, буржуйка пеш жағып, жан сақтап отырмыз. Талабымыз орындалмаса, отыра береміз. Күн жылығанда бау-бақша егіп, су тасимын, – дейді Сергей Пянтковский.

Тұрғындар еркімізден тыс үйімізді тастап көшуге мәжбүр болып отырмыз, сондықтан бізге лайықты өтемақы төленуі керек деп есептейді. Жергілікті халықтың айтуынша, ауыл маңында мыс өндіру жұмыстары басталып кеткен. Жарылыс жұмыстары кезінде үйлердің қабырғасы дірілдейді. Тұрғындар жердің жарылғанын көрсетіп, "кеншінің жер астындағы жұмысына осы жарық арқылы кіріп-шыққанын көрдік" дейді.

БИЛІК: МҮЛІК МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ӨТКЕН

Азаттық облыс әкімдігіне ресми хат жолдады. Хатқа Сәтбаев қаласының әкімдігі жауап берді. Редакция "Көші-қон процесі неге тоқтап қалды?" деп сұраған. Былтыр Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "Биыл жаздың соңына дейін көші-қон мәселесі шешіледі" деген еді. Бірақ әкімнің уәдесі орындалған жоқ.

Биліктің дерегінше, қазір Жезқазған ауылы мен оған жапсарлас елдімекендерде сегіз отбасы қалған. Әкімдік тұрғындардың сот үкімімен мемлекет меншігіне өткен үйлерде "заңсыз" тұрып жатқанын айтады. Азаттықтың "Билік өтемақы көлемін арттыруды сұраған тұрғындармен келісімге келуге тырыса ма?" деген сұрағына Сәтбаев қаласының әкімдігі былай жауап берді:

"Мүлік иелерімен келіссөз жүргізілді, бірақ келісімге келе алмадық. Сондықтан Сәтбаев қалалық сотына арыз бердік. Сот мемлекет меншігіне алынған мүлікке өтемақы төлеу туралы 6, үй бағасымен бірдей басқа баспана беру туралы 2 шешім шығарды. Сот үкімі күшіне енді. Сот шешімін орындау үшін өтемақы төлеп, басқа баспана ұсындық. Тұрғындар сот шешімін орындаған жоқ. Олар мемлекет меншігіне өткен үйлерде заңсыз тұрып жатыр".

Мемлекет мыс кеніші қажетіне жоюды ұйғарған Жезқазған ауылындағы жергілікті әкімдік ғимараты әлі тұр.
Мемлекет мыс кеніші қажетіне жоюды ұйғарған Жезқазған ауылындағы жергілікті әкімдік ғимараты әлі тұр.

Биліктің дерегінше, Сәтбаев әкімдігі тұрғындарды меншік құқығынан айырып, үйлерді коммуналдық иелік санатына қосқан.

Әкімдік ауыл тұрғындарының су, жарық пен жылусыз қалуын "Мүлік иесі – тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік басқармасы аталған нысандарға коммуналды қызмет көрсетудің қажеті жоқ деп тапты" деп түсіндірді.

Билік өкілдері ауыл тұрғындарының үйін күштеп тартып алуды жер астынан табылған пайдалы қазбалармен байланыстырып, Қазақстан үкіметінің 2011 жылғы қарашаның үшіндегі № 1283 қаулысы бойынша, (31.12.2013 № 1505, 13.06.2019 № 400 өзгерістер енгізілді) Қарағанды облысы Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019–2022 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілгенін айтады.

Сәтбаев әкімдігі "Кешенді жоспарға сәйкес, жаңа кен орындарын игеру үшін Жезқазған ауылы, Весовая, Крестовский, Перевалка және Геологоразведочный елдімекендеріндегі жер учаскелерін мемлекет меншігіне өткізу керек. Бұл мақсатта жер учаскесі, үй, шаруашылық және кәсіпкерлік нысандар мен гараждың орнына ақшалай өтемақы төлеу, үй салып беру қарастырылған. Тараптар келісімге келмесе, жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік сот арқылы мемлекет меншігіне өтеді" деп жазған.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Азаттыққа берген сұхбатында "Қазақмыс" компаниясы мыс өндіретін аумақтан үш мыңға жуық отбасыны көшіріп, олардың жері мен баспанасын "мемлекет қажетіне" алу бағдарламасы "өзін-өзі ақтайды" деп мәлімдеген. Тұрғындар жекеменшік компанияның мүддесі "мемлекет қажетіне" жатпайды деп есептейді.

Жезқазған ауылындағы сүрілген үйлер. Қарағанды облысы.
Жезқазған ауылындағы сүрілген үйлер. Қарағанды облысы.

"Қазақмыс" корпорациясы осыған дейін Азаттыққа берген жауабында "Кен қазудан жер астында бос кеңістіктердің түзілуі және тірек құрылғының ескіруі мәселесін Весовая, Крестовский, ГРП, Жезқазған ауылдарын басқа жерге көшіру немесе бос кеңістіктерді толтыру сияқты бірнеше жолмен шешу қарастырылды. Нәтижесінде құзырлы мемлекеттік органдармен бірге ауылдарды көшіру туралы шешім қабылданды" деп мәлімдеген. "Қазақмыс" дерегінше, тұрғындарды көшіру ісіне Қарағанды облысының әкімдігі, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы және қаржы министрлігі жауапты болған. Компания өз міндеттемесін орындағанын, инженерлік желі жүргізуге, Ескөл су құбыры мен әлеуметтік нысандарды көшіруге кететін шығындарды есептеп, техникалық-экономикалық негіздеме дайындағанын айтады.

"Қазақмыс" – Қазақстандағы ірі мыс өндіруші компания. Компания мыстан бөлек, алтын, күміс, қорғасын шығарады. "Қазақмыс" елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі саналатын миллиардер Владимир Кимге тиесілі.

"Президент Тоқаев қаңтар оқиғаларынан кейін "шенеуніктер халықтың мәселесіне құлақ асуы керек" деді. Осыдан кейін енді баспанасыз қалған халықтың жанайқайы елеусіз қалмайтын шығар?" дейді Жезқазған, Крестовский және Весовая ауылының тұрғындары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG