Accessibility links

"Бір бөлмелі пәтерге бар". Қарағанды өңірінде мыс кеніне бола жүздеген отбасыны көшуге мәжбүрледі


Тұрғындары басқа жаққа көшірілген Жезқазған (Рудник) ауылы, Қарағанды облысы.

Қарағанды облысының бірнеше ауылында тұратын үш мыңға жуық отбасының жерін "мемлекет қажетіне" алып жатыр. Ол жерде "Қазақмыс" корпорациясы мыс өндірмекші. Билік ұсынған өтемақы мөлшеріне көңілі толмаған тұрғындар "жылу мен жарықсыз" қалғанына шағынады. Әкімдік тұрғындармен "келіссөз" жүргізіп жатқанын айтады.

"ҮШ БӨЛМЕНІҢ" ОРНЫНА "БІР БӨЛМЕ"

Қарағанды облысы Сәтбаев кентінің іргесіндегі Крестовский ауылы. Жергілікті тұрғындардың барлығы дерлік үйін тастап, басқа жаққа көшуге мәжбүр болған. Крестовский мен оған жақын орналасқан Жезқазған, Весовая, Перевалка және Геологоразведочный (ГРП) ауылдарында мыс өндіріледі. Сол үшін билік осы ауылдардан тұрғындарды басқа жаққа көшіріп, олардың жерін "мемлекет қажетіне" алу туралы шешім қабылдаған.

Бұл аймақта мысты ашық және жерасты әдісімен өндіреді. Билік жергілікті тұрғындарға жер телімінің орнына басқа баспана немесе өтемақы алуды ұсынған. Бірақ биліктің ұсынысын қабылдамаған адамдар да бар.

Тұрғындары басқа жаққа көшірілген Жезқазған (Рудник) ауылы, Қарағанды облысы.
Тұрғындары басқа жаққа көшірілген Жезқазған (Рудник) ауылы, Қарағанды облысы.

Зейнеткер Николай Случик – Крестовский ауылында қалып, қираған үйлердің арасында тұрып жатқан аз тұрғындардың бірі. Ол барақ типтес үш бөлмелі пәтерде тұрады. Билік өкілдері зейнеткерге осы үйдің орнына Сәтбаев қаласынан бір бөлмелі пәтер ұсынған. Бірақ ол пәтер зейнеткердің көңілінен шықпайды. Қазір әкімдік қызметкерлері жақын уақытта көшу керегін айтып, асықтырып жатыр.

Жарық пен жылуды өшіріп тастады. Кейін бір адамдар келіп, есікті бұза бастады.

– Бұл – ата-анамнан қалған үй. Өмір бойы осында тұрамын. Бұл жерден мыс өндіреміз демесе, еш жаққа көшпей тұра берер едім. Неге мен үйімді тастап, қуықтай пәтерге көшуім керек? Әкімдік қоймай хабарласып, "бір бөлмелі пәтерді ал да, көш" деп отыр. "Маған бір бөлмелі пәтер керек емес" дедім. Жарық пен жылуды өшіріп тастады. Кейін бір адамдар келіп, есікті бұза бастады. Дер кезінде тоқтатып үлгердім. "Не істеп жатырсыңдар?" десем, "Көшіп кеткен шығар деп ойладық" дейді. Олар кейін кетіп қалды. Қазір адвокат жалдадым. Ол әкімдікпен жұмыс істеп жатыр. Жарық қосып берді, – дейді Крестовский ауылының тұрғыны Николай Случик.

"БІЗГЕ БАСҚА АМАЛ ҚАЛДЫРМАЙ ОТЫР"

Көршілес Жезқазған ауылында (Рудник деген екінші атауы бар бұл ауылдан да тұрғындарды мәжбүрлеп көшіріп жатыр) 30 шақты отбасы қалған. Олар биліктен лайықты өтемақы талап етіп отыр. Өйткені көбінің мұнда бар жағдайы жасалған үйі, шаруашылығы мен кәсібі бар.

Халқы басқа жаққа көшіріліп жатқан Жезқазған (Рудник) ауылының тұрғыны Тамара Децур сүрілген үйінің орнында тұр. Қарағанды облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.
Халқы басқа жаққа көшіріліп жатқан Жезқазған (Рудник) ауылының тұрғыны Тамара Децур сүрілген үйінің орнында тұр. Қарағанды облысы, 20 желтоқсан 2020 жыл.

Тамара Децур өзіне лайықты өтемақы төленбейінше ауылдан кетпейтінін айтады. Әкімдік Тамараның үйі мен кәсібі үшін өзі сұраған ақшадан екі есе төмен өтемақы ұсынған.

Үйіміздің жарты бағасын төлеп, бізді қуып шықпақшы ма? Шарасыз күйге түстік.

– Екі пәтерімізді сүріп тастады. Ол үшін соқыр тиын алған жоқпыз. Бізге ақшалай өтемақы берсін. Сонда үйді өзіміз сатып алар едік. Әкімдік қызметкерлері жиі келеді. Бірақ біз олардың шартына келіспейміз. Бағаны көтеріп отырған жоқпыз, заңға сәйкес, Қарағанды облысы бойынша нарықтағы орташа бағаны сұрап отырмыз. Олар бізге баспанамыз бен кәсібіміз үшін өтемақы төлеуі керек. Бірақ әкімдік бізге екі есе кем ақша ұсынды. Олай болмайды ғой. Ешқандай келісімге қол қоймаймыз. Әкімдік бізге деректерді жарияламау туралы құжатқа да қол қойғызып алғысы келеді. Сол құжатқа қол қоймайынша, жылжымайтын мүлік бағасына қатысты келісім болмайды. Неге олай? Бұл заңға сай жасалып жатқан жоқ па? Сонда үйіміздің жарты бағасын төлеп, бізді қуып шықпақшы ма? Шарасыз күйге түстік, – дейді жергілікті тұрғын Тамара Децур.

ГРП ауылының тұрғыны Татьяна В. үйін тастап кетуге мәжбүр болған жергілікті тұрғындарға кейін лайықты өтемақы үшін күресуге тура келетінін айтады.

– Өтемақыға көңіліміз толмады. Басында үйімді өте арзан бағалады. Сотқа беріп, жеңіліп қалдым. Кейін жақсы адвокат пен тәуелсіз бағалаушы жалдап, бір жыл күресіп, үйіме әлдеқайда көп өтемақы берілуі керегін дәлелдеп шықтым. 2016 жылы көштім. Оған дейін бірнеше жыл бойы ізімнен қалмай қойды. Күйеуім осы шырғалаңға шыдай алмай қайтыс болып кетті, – дейді ол.

"ЖАРЫЛЫС ТОҚТАМАЙ ТҰР"

Сергей Галезник үйі мен бизнесі үшін лайықты өтемақы күтіп, көз алдында үйіндіге айналып бара жатқан Жезқазған ауылында қалған. Ол кейінгі кезде ауылда қатты діріл пайда болғанын айтады.

Крестовский ауылындағы "мемлекет қажетіне" алынған ескі үйлердің бірі. Қарағанды облысы.
Крестовский ауылындағы "мемлекет қажетіне" алынған ескі үйлердің бірі. Қарағанды облысы.

– Қазір қатты жарылыстар болып жатыр. Екі жақтан жарады. Жағдай қауіпті. Жоғарғы бұрғылау кезінде терезелердің құмы түсіп, әйнектер сықырлайды. Күніне екі рет жарады. Жұрт толық көшіп болмайынша жарылыс жұмыстарын тоқтату керек. Мұндай жұмыстарға тыйым салатын баптар да бар. Бұл туралы бәрі біледі, тексеріс те өткізген, бірақ жарылыс тоқтамай тұр, – дейді Сергей Галезник.

Күніне екі рет жарады. Жұрт толық көшіп болмайынша жарылыс жұмыстарын тоқтату керек.

Осыған дейін тұрғындар арасында құрылған бастамашыл топ әртүрлі органдарға шағым жолдаған. Оларға көбіне мемлекеттік мекемелерден шағымды қабылдап алғаны туралы хат қана келген.

Тұрғындардың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатында "Қолданыстағы нормативтік актілерді мұқият қараса, мұндай мемлекеттік бағдарлама болмауы керегін түсінер еді" делінген. Бірақ тұрғындардың ол хатына жауап болмаған.

Халқы көшіп жатқан ауыл тұрғындары дүние-мүлікті ұрлап-тонау барын да жасырмайды. Тұрғындар қауіпсіздік мақсатында үйінің айналасын қоршап, подъездерге құлып салып кетеді. Бірақ көбіне одан да пайда жоқ. Биліктің ұсынысына келіспеген тұрғындар жарық пен жылусыз қалып, әртүрлі коммуналдық қиындыққа тап болған. Олар мұны коммуникация желілеріне зақым келтіретін жарылыс жұмыстарынан көреді.

ӘКІМДІК "КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІП", "ҚАЗАҚМЫС" ТІЛСІЗ ОТЫР

Ауыл тұрғындарын басқа жаққа көшіру туралы бастама алғаш рет 2011 жылы Қазақстан үкіметі тиісті қаулы шығарған кезде көтерілген. Ол кезде "елдімекен орнынан ірі мыс қоры табылды, оны "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС иегереді" деп хабарланған. Халықты көшіру 2017 жылы аяқталады деп жоспарланған, бірақ ол мерзім әуелі 2019 жылдың соңына дейін, кейін тағы да созылып кетті.

Жезқазған (Рудник) ауылындағы сүрілген үйлер. Қарағанды облысы, 17 желтоқсан 2020 жыл.
Жезқазған (Рудник) ауылындағы сүрілген үйлер. Қарағанды облысы, 17 желтоқсан 2020 жыл.

Халықты көшіру туралы сұрақтарға жауап берген жергілікті билік Қазақстан үкіметінің 2011 жылғы 3 қарашадағы №1283 (2019 жылғы 13 маусымда №400 өзгерістер енгізілген) қаулысына сілтеп, бұл бағдарламаны "Қарағанды облысының Ұлытау ауданы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу" жолы деп бағалайды. Аталған қаулыда 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары бекітілген. Бірақ бұл үшін бірнеше ауылдағы жерлерді мемлекет иелігіне алу керек болған.

Халықты көшіру және жер учаскелерін мемлекет иелігіне өткізу ісіне Қарағанды облысының әкімдігі жауапты. Облыс әкімдігі "Қазақмыс корпорациясымен" бірге Жезқазған ауылы мен оған жақын орналасқан елдімекендердегі мыс кен орындарын игеруді жүзеге асыруы керек.

Сәтбаев әкімдігінің Азаттыққа жіберген жауабында "Кешенді жоспарға сәйкес, кен орындарын игеру мақсатында Жезқазған ауылы мен оған жақын орналасқан Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елдімекендеріндегі жер телімдерін мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне алу бойынша шаралар жүргізілуі керек. Осы мақсатта жер телімі, үйі, гаражы, кәсіпкерлік нысандары, шаруашылық және құрылыс ғимараттары "мемлекет қажетіне" өткен тұрғындарға өтемақы төлеу қарастырылған" деп жазылған.

Биліктің дерегінше, үш мыңға жуық отбасы жері мен үйін мәжбүрлі түрде мемлекетке өткізеді. Әкімдік қазір бұл елдімекендерде 100-ден астам отбасы қалғанын, олармен "келіссөздер" жүріп жатқанын айтады.

Қала мен облыс әкімдіктері "ақпараттың құпиялығын" алға тартып, халықты көшіруге бюджеттен қанша ақша бөлінгенін жариялаған жоқ.

Сәтбаев әкімдігі "Мемлекеттік мүлік туралы" және "Тұрғын-үй қатынастары туралы" заң нормаларына сілтеп, "қалғандарына бюджет есебінен мүліктің нарықтағы бағасы бойынша ақшалай өтемақы және баспана берілді" деп хабарлады. Аталған заңдарда "мемлекет қажетіне" өтеді деп белгіленген тұрғын үй сүрілген жағдайда баспана иесіне мүліктің нарықтағы бағасына сай өтемақы төленеді" деп жазылған.

Қала мен облыс әкімдіктері "ақпараттың құпиялығын" алға тартып, халықты көшіруге бюджеттен қанша ақша бөлінгенін жариялаған жоқ. Билік өкілдері өтемақының жалпы көлемі халықты көшіру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін белгілі болатынын айтады.

Билік осы ауылдардағы ғимараттарды сүру бойынша мемлекеттік сатып алу процедурасын бастады: олардың бір бөлігін сүріп, орнын тазалап жатыр. Қазір ол ауылдар бомба түскендей қирап қалған.

Осы ауданда мыс өндіретін "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Азаттықтың 10 желтоқсан күні жіберген ресми хатына жауап берген жоқ. "Қазақмыс" сайтында компанияның басқа кен орындарымен қатар Қарағанды облысындағы Жезқазған кен орнында да жұмыс істейтіні жазылған.

Тұрғындары басқа жаққа көшірілген Жезқазған (Рудник) ауылы.
Тұрғындары басқа жаққа көшірілген Жезқазған (Рудник) ауылы.

2018 жылы тұрғындардың тау-кен және жарылыс жұмыстарына байланысты түсірген шағымынан кейін шенеуніктер мен "Қазақмыс" компаниясының өкілдері халықпен кездескен. Азаттықтың қолында сол жиынның хаттамасы бар. Хаттамада "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС "Жезқазғантүстіметалл" кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы Талғат Шайқыбековтың "Жезқазған ауылы мен оған жақын маңдағы тау-кен және жарылыс жұмыстары елдімекен тұрғындары толық көшіп болғанша тоқтатылады" деген сөзі берілген. Құжатта сондай-ақ "Жезқазған, Весовая, Крестовский, ГРП елдімекендері тұрғындарын тезірек көшіру үшін Сәтбаев қаласы әкімдігінің өкілдерімен келіссөздер жүріп жатқаны" айтылған.

Прокуратура тұрғындардың шағымы бойынша тексеру жүргізіп, "құзырлы орган жарылыс жұмыстарын тоқтату үшін бірнеше рет шара қабылдағанын, тіпті сотқа арыз бергенін" хабарлаған. Индустрия және инновациялық даму министрлігі индустриалды даму департаменті де тексеру жүргізіп, жекелеген қызмет түрлерін тоқтату немесе тыйым салу туралы актілер дайындаған. Соңғы актілердің бірі 2020 жылы жазда қабылданған. Тұрғындар бұдан еш нәтиже шыққан жоқ дейді.

ТҰРҒЫН ҮЙ МАҢЫНДА ТАУ-КЕН ЖҰМЫСТАРЫНА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Бұрын кеніштер мен Жезқазған кен орнында жұмыс істеген сарапшы Владимир Лаврикті қазір жерасты және ашық әдіспен тау-кен жұмыстары жүріп жатқан елдімекендердегі геомеханикалық жағдай алаңдатады. Ол қауіпсіздік ережесі бойынша, тұрғын үйлердің маңында тау-кен жұмыстарын жүргізуге тыйым салынғанын айтады. Сарапшының сөзінше, қазір Жезқазған кен орнында қорғаныш қабатын (кен өндіру кезінде жер үстіндегі ғимараттарға зақым келтірмеу және қысымды реттеу мақсатында тиісуге болмайтын қабат) игеру қолға алынған. Мұның соңы жер сілкінісі мен үстіңгі қабаттың опырылуына әкеп соғуы мүмкін деп ескертеді ол.

Ауылдың дәл іргесінде, тіпті елдімекеннің ішінде жерді "ұрғылап" жатыр. Бұл сейсмикалық қауіп туғызады.

– Қорғаныш қабаты игеру жұмыстары ауыл шекарасынан кемінде 500 метр қашықта, аз көлемде жүргізілуі керек. Тұрақтылық мәселесімен айналысқан геомеханик, техникалық ғылымдар докторы марқұм Валерий Иванович Герасименко бұрын осындай қорытынды жасаған еді. Ал қазір не болып жатыр? Ауылдың дәл іргесінде, тіпті елдімекеннің ішінде жерді "ұрғылап" жатыр. Бұл сейсмикалық қауіп туғызады. Үйлер деформацияға ұшырап, қабырғасы жарылады. Басында "әуелі халықты көшіреміз, содан кейін ғана кен өндіруге кірісеміз" деген келісім болған. Бірақ ол жүзеге аспай қалды, – дейді сарапшы Владимир Лаврик.

Тау-кен жұмыстарының нормасына сәйкес, жер астындағы қуыстардың орнын толтырып, қауіпті учаскелерді бекіту керек. Өйткені бұрын жер опырылып түскен жағдайлар болған.

– Кен орындарында жұмыс істеп жүргенімде, (жердің беткі қабатының тұрақтылығын сақтау үшін – ред.) жер астындағы бос қуыстардың орнын толтыратынбыз. Бұл үшін мыс кенін өңдеуден шыққан қалдықты қолдандық. Бұл – жақсы технология. Рудник ауылының астындағы жердің 70 пайызын осылай толтырдық. Бірақ кейін бұл технологиядан бас тартып, кенді ашық әдіспен өндіруге көшті. Ол үшін халықты көшіру керек болды. Бұл – өте көп шығын. Қарағандының тәжірибесі бар, онда жердің бір бөлігіне құм салған. Бұл жерде де бос орындарды толтырып, игеру жұмыстарын белгіленген көлемде жалғастыру керек еді. Біз жер астындағы бос орындарды жақсылап толтырған аудандарда әлі күнге ешқандай жағымсыз әсер байқалған жоқ. Ал мұндай технология қолданылмаған жерлерде деформация бар. Билік өкілдеріне осылай жасау керегін айтып, ойымды дәлелдеуге тырысып көрдім. Бірақ одан пайда жоқ, – дейді Лаврик.

Сарапшы ауылдан бірнеше километр жердегі тау-кен жұмыстарынан шыққан, миллиондаған текше метр қалдық көмілген орынның болашағына да алаңдайды. Владимир Лаврик қатты сілкініс болса, қалдықтар орнынан жылжып, Сәтбаев қаласының бір бөлігін басып, су қоймасына қарай өтуі мүмкін деп қауіптенеді. Ол кен орнының ортасында қалған зиратты да басқа жаққа көшіру керегін, болмаса тау-кен жұмыстарын тоқтатуға тура келетінін айтады.


  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG