Accessibility links

Forbes: Қазақстандық байлардың ақшасы наразылықтан соң 3 млрд долларға азайды


Қазақстандық байлар Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева және Владимир Кимнің (солдан оңға қарай) елдегі наразылықтан соң байлығы азайған.
Қазақстандық байлар Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева және Владимир Кимнің (солдан оңға қарай) елдегі наразылықтан соң байлығы азайған.

Forbes журналы Қазақстанда жағдай ушыққан тұста төрт қазақстандық төрт миллиардердің байлығы үш миллиард долларға кемігенін жазды. Ақшасы азайғандар арасында Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың қызы мен күйеубаласы бар.

Журналдың есебінше, Kaspi акционері және осы қаржылық компанияның төрағасы Вячеслав Ким акция курсының 30 пайызға төмендеуінен 1,4 миллиард доллар жоғалтқан. Forbes оның қазіргі байлығын 4,2 млрд доллар деп бағалады. Жыл басында оның байлығы 5,7 млрд доллар болған еді. Ким – Қазақстанның экс-президенті Назарбаевқа жақын адамдардың бірі.

Владимир Ким.
Владимир Ким.

Kaspi банктің тағы бір топ-менеджері Михаил Ломтадзе де 1,4 млрд долларынан айырылған. Жыл басында онда 5,2 млрд доллар болған еді. Forbes қазір оның байлығын 3,8 млрд долларға бағалап отыр.

Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев 6 қаңтарда "Халық банктің" акциясы 16 пайызға құлауынан 200 млн доллар жоғалтқан. Журнал екеуінің әрқайсысының қазіргі капиталын 3,1 млрд долларға бағалайды.

Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның қыздары, маңындағы адамдар елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр. Азаттық былтыр жүргізген зерттеуінде Назарбаев әулеті мүшелері мен оның күйеу балаларының 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын анықтаған.

2 қаңтарда Жаңаөзенде жұрт сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге өсуіне қарсы наразылыққа шыққан еді. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады. Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, президент Тоқаевтың отставкасын, Назарбаевтың саяси биліктен кетуін талап етті және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.

5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.

5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.

5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде өртенген әкімдік ғимараты. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде өртенген әкімдік ғимараты. 5 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады.

5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.

7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.

Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі. ІІМ 8 қаңтарда елде 26 "қарулы адам", күштік құрылымдардан 18 адам қаза болғанын мәлімдеді. Министрлік 9 қаңтарда елде 6 мыңдай адам ұсталғанын, 125 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Алматыда екі бала оққа ұшқанын жеткізді. Елде қаза болғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

8 қаңтарда елдің экс-президенті Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.

Ал Назарбаевтың өзі 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шықпады, елде болған наразылық пен тәртіпсіздікке қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Қазақстан билігі жағдай ушыққан тұста интернетті ажыратып тастады. Ақпараттық вакуумда қалған тұста Назарбаев пен оның отбасы елден кетіп қалды деген сыбыстар тараған. 8 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде бірнеше сөйлеммен Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG