Accessibility links

Украина президенті "Мариуполь қоршауы - Ресейдің тарихта қалатын әскери қылмысы" деді


Владимир Зеленский Киев госпиталінде жатқан жаралы жауынгерлермен кездесті. 13 наурыз 2022 жыл
Владимир Зеленский Киев госпиталінде жатқан жаралы жауынгерлермен кездесті. 13 наурыз 2022 жыл

Украина президенті Владимир Зеленский портты қала Мариупольдің қоршауға алынғаны - тарихта Ресей әскері жасаған қылмыс болып қалатынын мәлімдеді.

Зеленский 20 наурызда халыққа жасаған үндеуінде "Басқыншылардың бейбіт қалаға жасаған зорлығы - ғасырлар бойы ұмытылмайтын террор" деп бағалады.

Украинадан түскен түрлі мәліметтер Ресей әскері тығырыққа тіреліп, үлкен шығынға ұшырағанын айтады. Халықаралық қауымдастықтың айыптауы мен соғысты дереу тоқтатуға шақырғанына қарамастан Ресей әскері Украина қалаларына шабуылын жалғастырып жатыр.

Мариупольде "балалар мен қариялар өліп, қаланың өзі жермен жексен болды" дейді полиция офицері Михаил Вершнин Батыс жетекшілеріне жасаған үндеуде. Мұның шынайы ақпарат екенін Associated Press растады.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 400 мыңға жуық адам екі апатадан бері Мариуполь қоршауында жатыр. Сәт сайын бомбаланған қалада электр қуаты ажырап, жылу мен су тоқтап қалған.

16 тамызда Ресейдің әуе соққысынан қираған Мариуполь театрының астында қалған адамдарды құтқарушылар әлі де іздестіріп жатыр. Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Вадим Денисенко видео үндеуінде 19 наурызда Украина мен Ресей әскері Мариупольдің "Азаовсталь" металлургия зауыты маңында соғысқанын хабарлады.

"Еуропадағы аса ірі металлургия зауыты осылайша жойылып жатыр",- деді ол.

Біріккен ұлттар ұйымының мағлұматына қарағанда, соғыс басталғалы Украинада 847 бейбіт адам өліп, 1399 адам жараланған. Шын мәнінде бұдан да көп болуы мүмкін. Украина Бас прокуратурасы 112 бала өлгенін мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Украинадағы ауруханалар мен медициналық мекемелерге 43 рет шабуыл жасалғанын, соның салдарынан 12 адам өліп, 34 адам жараланғанын хабарлады. Біріккен ұлттар ұйымы 3,3 миллион адам Украинадан босып кетті деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG