Accessibility links

НАТО Украинаны қолдай береді, бірақ әскерін жібермейді


НАТО саммиті. Брюссель, 24 наурыз 2022 жыл.
НАТО саммиті. Брюссель, 24 наурыз 2022 жыл.

НАТО-ға мүше елдердің басшылары бейсенбі күні Брюссельдегі саммит кезінде Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға келісті. Атап айтқанда, Солтүстікатлантикалық одаққа мүше Румыния, Болгария, Венгрия, Словакияға НАТО-ның қосымша әскери топтары жіберіледі.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг саммиттен кейін баспасөз мәслихатында Солтүстікатлантикалық одақ Украинаға қару-жарақ және жабдықтарын жеткізіп, Киевті қолдай береді деді. Ол сонымен бірге Ресейге "химиялық қару қолданудың" зардабын ескертті.

НАТО жетекшілері қақтығысты ушықтырмас үшін Украинаға әскер жібермейтінін қайталады. Осы мақсатта Украина әуесін "жабу" туралы шешімінен бас тартпайтынын да жеткізді.

Бұған дейін Польша Украинаға бітімгер әскер жіберуді ұсынған, алайда саммитте бұл ұсыныс көп талқыланған жоқ.

"Украинаға президент Владимир Зеленский сұраған қару-жарақ беріле ме?" деген сұраққа Столтенберг "жай-жапсарын толық айта алмайтынын" жеткізді.

НАТО басшылары мәлімдемеде Ресейдің басқыншылығын айыптап, Мәскеуді Украина аумағынан әскерін алып кетуге шақырған.

"Украиналықтар Ресейдің қатігез басқыншылығына ерлікпен төтеп беріп, әлемді таңғалдырды" деп жазылған мәлімдемеде. Онда сонымен бірге Украинада жасалуы ықтимал әскери қылмыс туралы да айтылған.

"Президент Путиннің Украинаға шабуыл жасау туралы шешімі – салдары ауыр стратегиялық қателік. Ресей халқы да зардабын тартады" деді НАТО басшылары.

Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты осыған дейін Столтенбергтің НАТО бас хатшысы ретінде өкілеті бір жылға ұзарып, 2023 жылдың күзіне дейін осы қызметте қалатыны белгілі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG