Accessibility links

Львов қаласына жасалған шабуыл. 26 наурыз 2022 жыл.
Львов қаласына жасалған шабуыл. 26 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 21-27 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

20:46 27.3.2022

"Бұл адам билікте қала алмайды". Байден Путинді "диктатор", "қылмыскер" деп атады

АҚШ президенті Джо Байден 26 наурызда Польшада украиналық босқындармен кездесуде Ресей президенті Путинді "империяны қалпына келтіруді көксейтін диктатор" деп атады. Байден сөзінде "бұл адам билікте қала алмайды" деді. Байденнің Польшадағы сөзінің негізгі тұстарын қысқа-нұсқа ұсынамыз:

  • Бұл қылмыскер НАТО-ның кеңеюін Ресейге қауіп төндіретін империялық жоба деп қарайды. Бұл шындыққа жанаспайды. НАТО – қорғаныс альянсы, ешқашан Ресейге қауіп төндіруді ойламаған. Ол Еуропаны қирататын соғыс бастаймын деп қорқытады. Бұған жол бере алмаймыз, НАТО территориясының бір дюйміне басып кіріп көрсін...
  • Путиннің агрессиясы орыс халқын бүкіл әлемнен үзіп тастады. Ресей 19 ғасырға оралды. Ресей халқы, сіздер, өз отбасыларыңыз бен балаларыңызға осындай болашақ тілейсіздер ме?
  • Орыс халқы, сіздер бейкүнә балаларды, ата-апаларды өлтіргенді қолдайды дегенге сенгім келмейді. Бұл соғыс – Ресей тұрғындарына лайық емес. Империяны қайта қалпына келтіргісі келетін диктатор адамдардың бостандыққа деген еркіндігін өлтіре алмайды. Құдай үшін, бұл адам билікте қала алмайды.
  • Путиннің қатігездігіне қарамастан Украинадағы соғыс Ресей үшін стратегиялық жеңіліс болғанына күмән жоқ.
  • Кейінгі айларда Ресейден 200 мың адам кетіп қалды, қысқа уақытта Ресейдің мықты білімді азаматтары елден кетті.
  • Путин украиналықтар күресе алмайды деді. Бірақ ол тарихты дұрыс оқымапты. Украина Ресей әскеріне тойтарыс берді. Ресейдің қатыгез тактикасы украиналықтарды біріктірді.
  • Ресей өз елінде демократияны тұншықтырды, енді басқа елдерде де солай жасағысы келеді. Путин Украинаны "денацификация жасаймын" дейді. Бұл – жалған, бұл – цинизм, мұны Путиннің өзі жақсы біледі.

Ақ үй Байден "Путин билікте қала алмайды" деген сөзі арқылы "Ресейдегі билік режимін ауыстыру" жайлы айтқан жоқ, тек "Ресейдің көрші еліне шабуылдағанын сынады" деп мәлімдеді.

15:38 27.3.2022

Ресей әскерилері Львовқа шабуыл жасады

Украинаның қарулы күштері 27 наурызда Ресей әскерилері Львов қаласына алты ракета алқылады деп мәлімдеді. "Олардың мақсаты қаладағы жанармай қоймасы мен бронетанк зауытын қирату болды" деді Украина тарабы.

Львов қаласы Польшамен шекара маңында орналасқан. Украина қарулы күштері шабуыл АҚШ президенті Джо Байден Польшада жүргенде жасалғанына баса назар аударған.

15:23 27.3.2022

Ресейлік сепаратистердің бақылауындағы мойындалмаған "Луганск халық республикасының" басшысы Леонид Пасечник "жақын уақытта ЛХР-ды Ресей құрамына қосу бойынша референдум өтіп қалады" деді.

Ақпанның соңында Ресей билігі "ЛХР және ДХР жікшіл аймақтарын тәуелсіз ел" деп таныған. Бұл екі аймақты Ресей 2014 жылы оккупациялап алған еді.

15:19 27.3.2022

Мариуполь тұрғындарының тең жартысы қаланы тастап кетті

Мариуполь мэрі Вадим Бойченко украиналық УНИАН ақпарат агенттігіне берген сұхбатында қалада тұратын 540 мың адамның тең жартысы эвакуацияланды деп хабарлады.

Оның сөзінше, 140 мың адам соғыс енді басталғанда шығып кеткен, одан соң 100 мың адам шыққан, ал 60 мың адам арнайы гуманитарлық коридор арқылы шығарылған.

"Қаланың шетінде де адамдар қалды, Мариуполь қаласына толық эвакуация керек" деді қала мэрі.

Бойченко Мариупольдегі тұрғын үйлердің 90 пайызы бүлінгенін, оның 40 пайзы мүлде жөндеуге келмейтінін айтты.

Мариуполь бірнеше аптадан бері Ресей әскерінің қоршауында тұр. Қала басшылығы мұнда үш мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты дейді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG