Accessibility links

Жаңаөзен әкімдігі алдында жұмыс беруді талап еткен әйелдер наразылықты тоқтатты


Екі баланың анасы Амангүл Жаппасова мен Айболған Базарбаева (оң жақта) Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында аштық ұстап отыр. Амангүлдің жанында ұлы жатыр. Жаңаөзен, 31 наурыз 2022 жыл.
Екі баланың анасы Амангүл Жаппасова мен Айболған Базарбаева (оң жақта) Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында аштық ұстап отыр. Амангүлдің жанында ұлы жатыр. Жаңаөзен, 31 наурыз 2022 жыл.

Жаңаөзен қаласы әкімдігі алдында аштық жариялап жатқан әйелдер билік уәдесінен соң аштығын доғарды.

Бірнеше күн әкімдік алдына қонып, баласын мұнай саласына орналастыруды талап етіп аштық жариялаған Амангүл Жаппасова жұма күні аштығын доғарып, үйіне қайтқан. Оның Азаттыққа мәлімдеуінше, әкімдік өкілі баласының қолына жұмысқа орналастыратыны туралы құжаттар беріп, алдымен “Өзенинвестке”, кейін “Өзенмұнайгаз” саласына ауыстыруға уәде еткен.

– Менің жұмыспен қамту саласындағы жемқорлықты жою үшін құзырлы орындар зерттесін деген талабым әлі ашық қалып тұр. Балама қатысты әкімдік уәдесінен соң үйіме кеттім, себебі мүгедек балама күтім жасауым керек болды, - дейді ол.

Ал онымен бірге аштық жариялаған, күйеуіне жұмыс сұраған Айболған Базарбаева өзіне жұмыс орнынан наразылықты тоқтат деп қысым жасаған соң әкімдік алдынан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Ол Жаңаөзен қалалық перзентханасында акушер болып еңбек етеді.

– Маған “жұмыс күйеуіңе керек, ол өзі келіп жатсын аштыққа, сенікі заңсыз” деп әкімдіктен де, жұмыстан да қоңырау шалып қоймады,- деді ол.

Жұмыссыздықты шешу және мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру туралы талап Жаңаөзенде 31 наурыз бен 1 сәуір аралығында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қала маңындағы Рахат, Теңге ауылдарындағы тұрғындармен кездесуінде де қозғалған. Жаңаөзен тұрғыны Күнсұлу Меңдібайдың айтуынша, әкіммен кездесу залы қалалық мәслихат депуттары мен мұғалімдерге, әкімдік шенеуніктеріне лық толып, қала тұрғындары өте аз болған.

– Ноғаев “неге несие аласыңдар, оны той-садақаға барып, ел-жұрттан қалмау үшін аласыңдар” дегенді айтты. “Жұмыс жоқ емес бар, оны неге істемейсіңдер” деді. Мен әкімдік ұсынатын қоғамдық жұмыс жалақысын 250 мың теңге етуді сұрадым. Менің де несием бар, оны мүгедек ағамды бағу үшін алдым. Жеті жыл бойы еден жуып, айына 100 мың теңге табыс таптым, ол неге жетеді,- дейді Күнсұлу Меңдібай.

Ол өзінің сауалдарына облыс әкімінің жауап бермегенін айтты.

Әкім Нұрлан Ноғаев ауыл тұрғындарымен кездесуде ата-аналарға “болашақты мұнай-газ саласымен байланыстыра бермей, балаларына мамандықты дұрыс таңдауға көмектесуге” кеңес берген.

Жаңаөзен қаласында ақпан, наурыз бойы жалғасқан жұмыс тауып беруді талап еткен қала тұрғындарының ереуілі аймақта он мыңға жуық жұмыссыздар бар екенін көрсеткен. Екі ай бойы күн сайын әкімдік алдына жиналып өздеріне мұнай-газ саласынан тұрақты жұмыс орыны ашып беруді талап еткендерді наурыз соңында құқық қорғау органдары “жауапкершілік жөнінде ескертіп” таратып жіберген.

Маңғыстау облысы әкімдігі 31 қаңтардан наурыз соңына дейін ереуілдеткен жұмыссыздар талабын орындау үшін арнайы комиссия құрып, 400-ден астам адамның жұмысқа орналастырғандарын айтқан.

31 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздардың талаптары туралы айтқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов "мұнай-газ компанияларының өздерінің штаттық кестесі бар, одан артық адамды жұмысқа алу мүмкін емес" деп мәлімдеп, мұнай-газ саласынан жұмыс талап еткен жаңөазендіктердің талабы орындалуы мүмкін емес дегенді меңзеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG