Accessibility links

Қостанайда "Stop war" акциясына қатысуға шақырғаны үшін 8 тәулікке қамалған белсенді түрмеден шықты


Алексей Плясковский (ортада) қамаудан шыққан сәт. Қостанай, 4 сәуір 2022 жыл.
Алексей Плясковский (ортада) қамаудан шыққан сәт. Қостанай, 4 сәуір 2022 жыл.

Қостанайда "митинг ұйымдастыру заңын" бұзды деген айыппен 8 тәулікке қамалған белсенді Алексей Плясковский 4 сәуірде бостандыққа шықты. Оған 5 наурызда Facebook парақшасында "Стоп войне. Stop war" акциясына қатысу туралы видео жариялаған соң "бір топ адамды әкімдік рұқсат бермеген митингіге шақырды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айып тағылған.

Оны абақтыдан бірнеше жолдасы күтіп алды. Алексей Плясковский өз позициясынан айнымайтынын, ары қарай шағымданатынын айтты.

- Кінәлі емеспін. Ол анық. Сондықтан келесі сот инстанцияларына шағымданамын, - деді ол Азаттыққа.

39 жастағы Алексей Плясковскийді 15 наурызда халыққа қызмет көрсету орнында жеке шаруасымен жүрген жерінен төрт адам тап беріп ұстап алып кеткен. Кейін оны полиция бөлімшесінде бес сағат ұстап, кешке қарай сол жерде әкімшілік сот жүрген. Оның айтуынша, үш күннен кейін адвокаты Ғалым Нұрпейісов түсірген өтінішпен оны бостандыққа шығарған. Ал 30 наурызда сот оның апелляциялық арызын қанағаттандырмай, ол қалған бес тәулік жазасын Қостанайдағы арнайы қабылдау орнында өтеп шықты.

Плясковский желіде 6 наурызда Алматыда өткен Украинадағы соғысқа қарсылық митингіге қатысу жайлы айтқан еді. Алматы қаласы әкімдігі бұл митингіге рұқсат берген. Бұл акцияға қатысқан бірнеше мың адам Украинаға қолдау білдіріп, Украинаға басып кірген Ресейді сынға алған еді.

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды; 4 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар көп.

Батыс елдері Кремльдің әрекетін қатаң айыптап, қатаң санкциялар салды. Украинадағы әскери қылмыс бойынша халықаралық дәрежеде зерттеу басталды.

  • Қазақстанда бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті билікке алдын ала ескерту керек. Әкімдіктер бейбіт митингілерге рұқсат бере бермейді. Бұған қоса, Қазақстанда бейбіт митингіге шақырғандар да жиі қудаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG