Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты 29 азаматтық белсенді жауапқа тартылып жатыр. 18-і қамауда отыр


Облыс әкімдігінің алды. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 жыл.
Облыс әкімдігінің алды. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты 29 азаматтық белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. 18-і қамауда отыр, қалғаны үйқамақта немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатылған. Бұл жөнінде "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жазды.

Құқық қорғаушылар мен еріктілер ұсталған белсенділердің адвокаттары мен туыстарынан ақпарат жинаған. Қазір 13 белсенді туралы толық ақпарат бар. Ұсталғандардың көбі медициналық көмекке зәру дейді құқық қорғаушы.

  • Шымкентте ұсталған белсенді Қайрат Сұлтанбектің қамау кезінде денсаулығы нашарлаған. Төреғожинаның айтуынша, оның асқазаны ауырғандықтан дұрыс тамақ іше алмайды, сол себепті салмағын да жоғалтқан. Осы айдың басында оның қамау мерзімі тағы ұзартылды.
  • Семей қаласының тұрғыны Дәулет Мұқажановтың беліне оқ тиіп, операциядан кейін жүре алмай қалған. Аяғы қозғалуы үшін шетелде емделуі тиіс дейді құқық қорғаушы.
  • Қамауға алынған Мұратбай Баймағамбетов үшінші топ мүгедегі, созылмалы аурумен ауырады. Оның қамау мерзімі 3 мамырға дейін ұзартылған. Ол Қызылорда облысы прокуратурасы мен президентке хат жолдап, 4 қаңтар күнгі бейбіт митинг кезінде "полиция қызметкерлерінің арандатуына" шағымданған.
  • Семей қаласында тұратын азаматтық белсенді Анар Қалиева екі ай бойы қамауда отырды. 14 наурызда үйқамаққа босатылды. Анар Қалиеваның 18 жастағы ұлы Азиз Жолатов 6 қаңтаран бері Өскеменде қамауда отыр. Оның шағымы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі полиция қызметкерлерінің үстінен "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
  • Шығыс Қазақстанда 12 қаңтарда ұсталған тағы бір белсенді Райгүл Садырбаева қамауда отырған кезде азапталғанын мәлімдеді. 14 наурызда үйқамаққа босатылды. Төреғожинаның айтуынша, белсендіні "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанмен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі істі "қажетті дәрежеде тексермей отыр". Райгүл мен адвокаты лауазымды тұлғалардың әрекетіне шағым түсірген. Райгүлдің мүгедектігі бар және денсаулығы нашарлаған, бірақ ол ауруханаға қаралу мүмкіндігінен айырылған, дейді құқық қорғаушы.
  • Шымкентте қамауда отырған Ләззат Досмамбетова да, Төреғожинаның айтуынша, бас ауруына шағымданған. Оның созылмалы аурулары да бар. Қазір асқынып жатқанға ұқсайды. Досмамбетованың қамау мерзімі 8 маусымға дейін ұзартылған. "Ол МРТ-дан өтіп, диагнозын анықтап, емделуі керек. Бірақ оның барлық шағымына назар аударылмай жатыр. Мекемеде тамақ сапасы нормаға сәйкес емес. Ләззаттың шағымдарына Шымкент қалалық прокуратурасы жалтарма жауап қайтарған" деді Төреғожина.
  • Көп балалы ана Карима Хайдарбекова 9 қаңтардан бері изоляторда отырды. 15 наурызда ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілді. Төреғожинаның ақпараты бойынша, қаңтар басында Карима Хайдарбекова Жаңаөзен қаласы тұрғындарына қолдау білдіріп, сұйытылған газдың қымбаттауына қарсылық білдірген. Көп балалы ананың тұрақты жұмысы жоқ, жалғыз өзі алты баланы асырап отыр. Екеуінің мүгедектігі бар.

Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, құқық қорғаушыларда әзірге қаңтар оқиғасына байланысты 29 белсендінің қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқаны жөнінде ақпарат бар, бірақ олардың саны бұдан да көп болуы ықтимал.

– Аймақтарда белсенділікпен айналысқан өзге де азаматтар болуы мүмкін, бірақ олар жайлы ақпаратымыз аз. Белсенділер деп бұрын бейбіт митингілерге қатысып, көзқарасын ашық айтқан, пікірлерін жеткізгендерді айтып отырмын. Олардың қатарына блогерлер де кіреді. [Қаңтарда алаңға] алғаш рет шыққан адамдар бұл бейбіт тұрғындар, – деді Бақытжан Төреғожина Азаттық тілшісіне.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.
  • Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптау көргенін мәлімдеген. Билік ұсталғандарды азаптау фактісі болғанын мойындап, бірнеше қызметкердің үстінен іс қозғаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG