Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған істер бойынша жаңа мәлімет айтты. 8 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Алматы соттары 13 адамға түрме жазасын берген.
"Ұрлық" бабы бойынша айыпталған алты адам 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. "Қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен жабдықтарды ұрлау немесе бопсалау" бабы бойынша айып тағылған екі адам әрқайсысы 5 жылға түрме жазасына кесілген. Осы бап бойынша айыпталған тағы бір адам үш жылға бас бостындығынан айырылды. "Қару-жарақ, оқ-дәріні заңсыз иемдену, беру, сату, сақтау және ұстау" бабы бойынша айыпталған үш адамның екеуіне – бір жыл, біреуіне екі жыл түрме жазасы берілген. "Заңсыз қару-жарақ әзірлеу" бабымен айыпталған тағы бір адам үш жылға колонияға жіберілді.
Соттың баспасөз қызметінің Азатттыққа хабарлауынша, түрме жазасын алған 13 адамның кейбірі сот жазасын толық өтемеген, кейбірі шығынды толтырмаған немесе сот жазасын ауырлататын жағдайлары болған.
Алматы сотының хабарлауынша, осы күнге дейін Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 117 адамның бостандығы шектелген. "Ұрлық" бабы бойынша айыпталған 114-і – 1-5 жыл аралығында шектеу жазасын алған. "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша күдікке ілінген бір адам 40 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза алған. "Көлікті заңсыз иемдену" бабы бойынша екі айыпталушының бостандығы бір жылға шектелді. Үш адамның ісі (екеуі – "Ұрлық", біреуі "Көлікті заңсыз иемдену" бабы ) тараптардың келісімімен аяқталған.
"Қару-жарақты жымқыру немесе бопсалау" және "Тонау" баптары бойынша айыпталған сегіз қылмыстық істі судьялар прокурорларға қайтарып берген.
Алматы соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 8 сәуір күнгі жағдай бойынша Алматы соттарына 241 адамға қатысты 161 қылмыстық іс түскен. 145 адамға қатысты 101 іс қаралған. Сотқа негізінен "Ұрлық", "Қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен жабдықтарды ұрлау немесе бопсалау", "Тонау" баптары бойынша істер түскен.
"Жаппай тәртіпсіздік" және "Терроризм" баптары бойынша істердің түскені жайлы әзірге ақпарат жоқ.
Қазір Алматы соттары қаңтар оқиғасы бойынша 96 айыпталушыға қатысты 60 қылмыстық істі қарап жатыр.
- Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, бұл наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.
- Ақорда қаңтар қырғынына "террористерді" айыптағанымен, нақты дәлел ұсына алмады. Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптау көргенін мәлімдеген. Билік ұсталғандарды азаптау фактісі болғанын мойындап, бірнеше қызметкердің үстінен іс қозғаған. 14 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды азаптау бойынша 234 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бас прокуратураның айтуынша, ҰҚК мен полицияның сегіз қызметкері ұсталған.
- Қазақстан билігі құқық қорғаушылардың қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу туралы ұсынысынан бас тартқан.
ПІКІРЛЕР