Accessibility links

"Халықты ашықтан-ашық тонау!" Алматыда утилизация алымына қарсы митинг өтті


Утилизация алымына қарсы митинг. Алматы, 17 сәуір 2022 жыл.
Утилизация алымына қарсы митинг. Алматы, 17 сәуір 2022 жыл.

17 сәуірде Алматыда утилизация алымына қарсы митинг өтті. Оған шамамен жүзге жуық адам жиналды. Азаттық Инстаграмдағы парақшасында тікелей эфирде хабар таратты.

Утилизация алымы мәселесін көтеріп жүрген саясаткер Санжар Боқаев белсенділер тек шарықтаған көлік бағасын тежеуді немесе әрбір сатып алынған картоп немесе ұнның құнындағы утилизация алымының "үлесін" жоюды ғана көздемейді деді. "Утилизация алымына қарсы шыға отырып біз ашық, арсыз тонауға "жоқ" дедік" деді ол.

Саясаткер утилизация алымын олигархтар мен шенділердің халық қалтасына қол сұғуы деп атады.

"Егер үкіметте [алым ұстауға] қандай да бір негіз болса, тым болмағанда бір ғылыми түрде негізделген есептеу әдісі болса, мен тіпті 40-60 пайызға да келісер едім. Бірақ оларда ештеңе жоқ! Неге біз келісуге тиіспіз? Осы бассыздықтың бәрін олигархтар мен шенеуніктер ұйымдастырған, қазір олар жақсы қызметтерге жайғасты. Ешкім жауапқа тартылған жоқ. Ал мемлекетке 3 трлн теңге көлемінде шығын келді. Миллиард емес – триллион. Адамдардың қалтасынан 2 млрд теңге ақшасын алды. Басым бөлігі ұрланған, шетелге шығарылған" деді ол.

Жиналғандар утилизация алымын жоюды талап еткен резолюцияға қол қойып жатыр. Алматы, 17 сәуір 2022 жыл.
Жиналғандар утилизация алымын жоюды талап еткен резолюцияға қол қойып жатыр. Алматы, 17 сәуір 2022 жыл.

Саясаткер Болат Әбілов утилизация алымын саяси алым деп атап, бұл мәселенің тамыры тереңде жатыр деді. Оны елдегі жемқорлықтың бір көрінісі деп атады. Оның айтуынша, Қазақстан Қырғызстан, Армения сияқты елдерден арзан көлік тасуға мәжбүр, себебі ол елдердің биліктері ауыспалы, демократия бар, сайлау өтеді. Ол елдерде жаңадан сайланған президент туыстарын жауапты қызметтерге отырғызуды ойламайды деді.

– Неге біз утилизация алымын төлеп жатырмыз? Назарбаев отбасының мүшелері мұнай-газ, мыс, темірді талан-таражға салды. Отбасының өзге мүшелері – банктерді, тағы бір мүшесі Қорғасты иемденді. Елдегі барлық ірі базарлар. Бұл да үлкен тақырып. Біз әлемде азық-түлікті ең қымбат бағаға сатып алып отырмыз. Біз ауыл шаруашылығы елі саналғанмен елде еттің бір килосы Еуропадан да қымбат. Мұндай мәселелер неге көтерілмейді? Назарбаевтың кіші қызы халыққа осындай салық салуды ұйғарған. Арсыз, ұятсыз тонау, - деді ол.

Украинадағы Буча қырғыны туралы айтқан саясаткер "біздегі Буча қаңтарда болды" деді. Кемінде 238 адамның өмірін қиған қанды қырғыннан бері үш ай өтсе де, билік уәде еткен өзгерістердің ешқайсысын орындамады деді саясаткер. Халық өзгерісті күтсе, ол ешқашан келмейді, өзгерістің болуына өзі түрткі болуы керек, халық билікті қолына алуы керек деді.

Митингіде атыраулық азаматтық белсенді Макс Боқаев та сөз сөйледі.

– Әріптестерімнің шақыртуымен осы бейбіт жиында ойымды айтуға келдім. Утилизация алымы сөзсіз жойылуы керек. Бұл Назарбаев режимінің метастазы, жоюды қажет ететін қатерлі ісік. Мұны жүзеге асыруға халықтың күші жетеді деп сенемін. Билік ол — халық, - деді ол.

Шара кезінде президент, парламент, үкімет және өзге де билік тармақтарына жолданатын резолюцияға қол жинау жүріп жатты. Митинг соңында оған шамамен 400 адам қол қойғаны белгілі болды.

Митинг ұйымдастырушылары утилизация алымының кесірінен халық жаңа көлік міне алмайтынын, елде ескі көліктердің көбейіп жатқанын айтып, бұған дейін утиль алымы жойылмайтынын айтқан вице-премьер министр Роман Склярға "ескі көлік" сыйлады.

  • Қазақстанда кейінгі жылдары белсенділер көлікті утилизациялау үшін алынатын салық мөлшерінің қымбаттығын айтып келеді. Қазір алым мөлшері көлік көлеміне қарай 437 мың теңгеден басталып, 5,9 миллион теңгеге дейін барады. Белсенділердің айтуынша, бұл тым қымбат және алымды жинау процесі ашық емес. Олар дамыған елдерде утилизация алымы 100 мың теңгеден аспайтынын, ал кей мемлекетте көлікті утилизациядан өткізетін зауыттар өзін-өзі қамтамасыз ететінін айтқан.
  • Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған. Ақпанның соңында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанда автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымының мөлшері 50 пайызға азаятынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG