Accessibility links

Нұр-Сұлтанда ондаған адам Торғай облысын қайта құруды талап етті


Ондаған адам Торғай облысын қалпына келтіруді талап етіп, митинг өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 17 сәуір 2022 жыл.
Ондаған адам Торғай облысын қалпына келтіруді талап етіп, митинг өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 17 сәуір 2022 жыл.

Сенбі күні Нұр-Сұлтанда орталық цирк аумағында ондаған адам митинг өткізіп, Торғай облысын қайта құруды талап етті. Шараны өткізуге әкімдік рұқсат берген.

Митингіге жиналғандар “Торғай елеусіз қалмасын!”, “Торғай ұлттың ұясы!”, “Тоқаев, Торғайдың тағдырына назар аударыңыз” деген жазуы бар плакаттар мен қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының суреттерін ұстап тұрды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, Торғай облысын құруды сұраймыз. Егер облыс құрылса, біз, астанада білім алып, жұмыс істеп жүрген жастар, Торғай облысына қайта барып жұмыс істеуге дайынбыз, - деді митингіні ұйымдастырушы Ербол Бекбосынов.

Митингті ұйымдастырушылар аймақтан шыққан есімі белгілі адамдар туралы сөз сөйледі. Бірақ 2020 жылы ақпанда Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған, бұрынғы Жангелдин ауданының тумасы азаматтық белсенді Дулат Ағаділ туралы ешкім ештеңе демеді.

Митингіден соң жиналғандар Торғай облысын ашу туралы петицияға қол қойды.

Наурызда Қазақстанда тағы үш облыс пайда болатыны белгілі болғаннан кейін Торғай облысын қайта құру мәселесі жиі айтыла бастаған.

Наурыз ортасында Тоқаев жолдауынан кейін жазушы Амангелді Кеңшілікұлы Facebook парақшасында "Торғайдың сол ашылатын аймақтардың санатына енбей қалуы жаныма қатты батты" деп жазған еді.

"Ахмет пен Міржақып дүниеге келген Торғай – алты Алаштың алтын бесігі. Соңғы 30 жылда тап осы біздің Торғайдай азып-тозып кеткен елдімекен жоқ шығар. Басқасын айтпағанда Ахаң мен Жахаңның ауылына (Ақкөл мен Бидайық) баратын жол жоқ. Президентке жолдауды дайындап берген кеңесшілері неге Торғайды елеп-ескермеген? Тоқсаныншы жылдардағы асырасілтеушіліктің кесірінен жабылған облыс қайта ашылса бұл Торғайға ғана емес, ұлтымыздың рухына көрсетілген құрмет болар еді ғой. Кезінде Назарбаевтың солақай реформасынан зардап шегіп оңала алмай жатқан Торғайдың қашан бағы ашылады екен? Биыл Ахаңның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткіземіз деп жарты әлемге жар салып жатырмыз. Ал, ұлт ұстазының ауылына баратын жолды салуға тиесілі қаражат әлі бөлінген жоқ. Не деген сұмдық?" деп жазды.

Бұған дейін осы мәселені талқылаған жергілікті сарапшылар әбден тозған Торғай өңірін дамытудың жеке бағдарламасын үкімет деңгейінде қабылдау қажеттігін, инфрақұрылымын дамыту маңызды екенін айтқан.

Торғай облысы алғаш рет 1970 жылы қараша айында Қазақ КСР құрамындағы Қостанай мен Ақмола облысының кей аудандарын біріктіру арқылы құрылған. 1988 жылы маусымда облыс таратылып, 1990 жылдың тамыз айында облыс болып қайта құрылған. Ал 1997 жылы Торғай облысының аумағы Қостанай мен Ақмола облысына берілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG