Accessibility links

Қаржы министрлігі: Каспий құбыр желісіндегі апат зардабы 150 миллиард теңгеге жетуі мүмкін


Каспий құбыр консорциумының Новороссийскідегі терминалы
Каспий құбыр консорциумының Новороссийскідегі терминалы

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбыр желісінде болған апат салдарынан мемлекет қазірге дейінгі есеп бойынша, шамамен 100-150 миллиард теңгенің (218-327 миллион доллар) зардабын шекті деді.

"[Зардап] көлемі – 100-150 миллиард теңге. Егер "жылдам жөнделсе, онда әрине, оның көлемі де азаяды" деген Жамаубаев 19 сәуірде үкімет отырысына барған кезде журналистерге. Ол зардаптың нақты көлемін есептеп шығу әзірге мүмкін емес екенін айтып, "барлығы ақауды қашан жоятынына және [Ресейге] тағы да санкциялар салына ма, соған байланысты" деген.

Өткен аптада Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан КҚК магистралі осы айдың аяғына дейін толық жөнделіп бітеді деп үміттенетінін, бірақ Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары қалай ықпал етер екен деп, мұнай шикізатын жеткізуде проблемалар пайда болады ма деп алаңтайтынын айтты. Бұған қоса ол Еуропаға мұнай жеткізетін маңызды магистраль болғандықтан, Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары жұмыс істеуіне ешқандай шектеу келтірмейтіндей етіп, КҚК-ға "ерекше статус" берген жөн болар еді дейді.

Биыл наурызда құбыр консорциумының (КҚК) Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан. КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың 90 пайызға жуығы – Қазақстаннан келеді және олар түгелге жуығын шикізатпен "Теңіз", "Қашаған", "Қарашығанақ" мұнай жобалары қамтамасыз етіп отыр. Осы құбырмен Ресей мұнай кеніштерінде өндірілген біраз шикізат та тасымалданады.

Екі қондырғы істен шыққан соң сарапшылар мұнай экспорты бәсеңдеп қалған Қазақстан экономикасы кезекті рет дағдарысқа тап болуы мүмкін деп болжаған. Елдің энергетика министрлігі мұнай көлемінің азаюы Қазақстан үшін айтарлықтай қауіпті емес деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG