Accessibility links

Оралда екі белсендіге қылмыстық іс қозғалып, үйлеріне тінту жүргізілгені хабарланды


Маруа Ескендірованың үйіне тінту жүргізген полиция қызметкерлерінің бірі.
Маруа Ескендірованың үйіне тінту жүргізген полиция қызметкерлерінің бірі.

Орал қаласында жергілікті екі белсенді Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевқа қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде 20 сәуірде Маруа Ескендірова Азаттық тілшісіне хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, ол Оразбаев екеуі 1 мамырда митинг өткізу үшін әкімдікке өтініш беріп, ұсталғаннан кейін Орал орталығында үнпарақ таратқан.

—Орталық базар маңында маған бірнеше полицей жабылып, ұстап, Абай полиция бөліміне апарды. Ол жақта халық көп болды. Амангелді екеумізді қас қарайғанша ұстады. Бізге қылмыстық іс қозғағанын айтты, – деді Маруа Ескендірова.

Оның айтуынша, екі күн бұрын кешке полиция үйіне барып, тінту жүргізген. Тінту кезінде полицейлер плакаттар мен үнпарақтар, жазбаларын, телефон, компьютерлері мен портативті құрылғыларын тәркілеген.

Маруа Ескендірованың әпкесі Мүслима Ахманбетова Азаттыққа полиция қызметкерлері төрт көлікпен келіп, "үйін төңкеріп тастағанын" айтты.

—Шамамен жарты сағат бұрын келген, олар көп, үйдің бәрін ақтарып, төңкерді. Есеңгіреп қалдым. Қолда бар барлық плакатты бердік, бірақ полицейлер соған қарамастан бәрібір төңкеріп-қопаруды жалғастыра берді, – деді Ахманбетова.

Белсендінің Азаттыққа жіберген суреттерінен пәтерде полиция қызметкерлері жүргені көрінеді. Оның сөзінше, полицейлер үйде тінту жүргізуге рұқсат беретін қағаз көрсетпеген, не үшін тінтіп жатқанын да түсіндірмеген. Сәрсенбіге қараған түні Маруа Ескендірова өзін нашар сезініп, туыстары жедел жәрдем көлігін шақырған.

Шамамен осы уақытта белсенді Амангелді Оразбаевтың үйінде де тінту болған. Өзінің айтуынша, полицейлер одан телефон және "мен саяси қудалауға ұшырадым" (Я политически преследуемый) деген жазуы бар қағазды тәркілеген. Оразбаев 20 сәуірде үйінде екенін айтты.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәрсенбі күні "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" (405-бап, 2-бөлігі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция басқа ақпарат айтпады.

Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаев – бейбіт митингілерге қатысып, саяси-қоғамдық мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділер. Сол үшін талай қамалып, әкімшілік жазаға тартылды.

  • Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2021 жылдың соңына қарай кемінде 70 адам "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша сотталған, 150 адам қорғауға құқығы бар куәгер атанған. Құқық қорғаушылар Қазақстан заңнамасында "экстремизм" ұғымының бұлыңғыр жазылғанын алға тартып, Нұр-Сұлтанды экстремизммен күрес заңын белсенділерге қарсы қолданды деп айыптайды.
XS
SM
MD
LG