Accessibility links

Мариуполь маңында тағы бір бауырластар зираты табылды


Виноградное ауылында бауырластар зиратына ұқсас орын. 20 сәуір 2022 жыл.
Виноградное ауылында бауырластар зиратына ұқсас орын. 20 сәуір 2022 жыл.

Спутник Ресей бақылауға алған Виноградное селосы маңынан тағы бір бауырластар зиратына ұқсас орынды анықтады. Аталған елді мекен Мариупольден шамамен бес шақырым жерде орналасқан. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин қызметінің "Схема" жобасы хабарлады.

Журналистердің қолына түскен спутник суреттеріне қарағанда, траншея село маңындағы зират аумағында наурыздың соңында пайда болған. Соңғы үш аптада траншея аумағы кеңейген.

17 және 29 наурыз күні түсірілген спутник суреттері.
17 және 29 наурыз күні түсірілген спутник суреттері.

Ресей әскерінің Виноградное селосын басып алуы кезінде зират аумағында бауырластар зираты пайда болғанын жергілікті тұрғындар қала басшылығына хабарлаған. Мариуполь мэрі Вадим Бойченконың сөзіне қарағанда, онда жүздеген мәйіт жерленген болуы мүмкін. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, қалада 20 мыңнан астам адам қаза болған.

21 сәуірде "Схема" жобасы Мариуполь қаласынан 20 шақырым жердегі Мангуш поселкасынан бауырластар зираты табылғанын хабарлаған. Спутник суреттеріне қарағанда бауырластар зираты наурыздың соңында пайда болған. 23 наурыз күнгі суретте траншея жоқ болса, 29 наурызда ұзындығы 300 метрден асатын траншея байқалған.

Мариуполь басшысының кеңесшісі Петр Андрющенко "Схема" журналистеріне Ресей сарбаздарының қаза тапқандардың мәйітін өнеркәсіп аумақтарындағы тоңазытқыш камераларына апаратынын, сол жерде пакетпен орап жерлеуге әкететінін айтты.

Ресей күштері және "Донецк халық республикасының" сепаратистері Мариупольді наурыз басында қоршаған. Қала ішінде шайқас қызып, Мариупольдің басым бөлігін орыс әскері бақылауға алған. Кей мәліметке қарағанда, қазір қалада 3 мыңға дейін украин әскері қалған болуы мүмкін. Басым бөлігі – Ұлттық гвардияның "Азов" полкінің өкілдері мен теңіз жаяу әскерінің 36-бригадасы. Украина билігінің мәліметінше, қалада шамамен 120 мың қала тұрғыны қалған.

XS
SM
MD
LG