Accessibility links

БҰҰ Бас хатшысы Киевте жүргенде қалаға шабуыл жасалды


Киев маңындағы елді мекендерді аралап жүрген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш. Бородянка қаласы, 28 сәуір 2022 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Киевте жүрген уақытта украин астанасына бірнеше зымыран құлады. Украина билігінің айтуынша, қалаға Ресей зымырандары түскен. Алты адамның зардап шеккені айтылады.

БҰҰ бас хатшысының сапарындағы негізгі мәселе – Украинаның Мариуполь қаласындағы азаматтарды эвакуациялау ісін ұйымдастыру.

Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк БҰҰ хатшысы кезінде жасалған шабуыл туралы мынадай пікір білдірді:

"Антониу Гуттериштің ресми сапары кезінде Киевті зымыранмен атқылау. Бір күн бұрын ол Кремльде ұзын үстелдің басында отыр еді, бүгін одан бір шақырым жерде жарылыс болды. Мәскеудің сәлемі ме? Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі орнын қалай сақтап отырғанын еске салыңыздаршы?".

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің Украинаға сапарында Мариуполь қаласының бейбіт тұрғындарын эвакуациялау мәселесі сөз болды.

Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірге өткізген баспасөз конференциясында Гутерриш Мариупольде орыс әскерінің қоршауында қалған "Азовсталь" зауытындағы адамдарды құтқару үшін бар күшін салатынын мәлімдеді. Ол бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жөніндегі келіссөздердің мән-жайын жарияламады, өйткені оның үзіліп кетуінен сескенеді. Дегенмен Гутерриш Мәскеуге сапарында Ресей президенті Владимир Путин бейбіт тұрғындарды зауыттан шығаруға БҰҰ мен Қысыл Крест ұйымдарын қатыстыруға келісім берді деп мәлімдеді.

Алайда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Азовсталь" зауытындағы адамдарды эвакуациялау жөніндегі келіссөзді жоққа шығарып отыр.

"Азовсталь" зауыты - Мариуполь қаласында орыс басқыншылығына қарсы күресін тоқтатпаған соңғы атыс ошағы. Қалада ұрыс басталғанына екі болды. Ірі зауыт ғимаратына қарулы жауынгерлер, бірнеше жүз жаралы адам, сонымен бірге бейбіт тұрғындар бас сауғалап отыр. Украина зауыттағыларды Киев бақылауындағы аумақтарға эвакуациялауды талап етсе, Ресей билігі әскерилердің берілгенін, ал бейбіт тұрғындардың орыс әскері бақылауындағы аумақтарға өтуін қалайды.

Гутерриш Украинаға сапары кезінде Киев түбіндегі Буча, Ирпень және Бородянка қалаларын да аралады. Мұнда көптеген бейбіт тұрғын опат болған. Ол Ресей күштерінің әскери қылмыстары Халықаралық қылмыстық сотта қаралғанын қолдады. БҰҰ бас хатшысы Ресей әрекетін сынап, Украинаның тұтастығын жақтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG