Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: ШҚО-да құқық қорғаушылар тергеу барысына алаңдаушылық білдірді


Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожина. Семей, 28 сәуір 2022 жыл.
Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожина. Семей, 28 сәуір 2022 жыл.

Семейде құқық қорғаушылар мен Қаңтар оқиғасын зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссия өкілдері тергеу изоляторында Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған ондаған адам отырғанын, арасында азаматтық белсенділер де барын мәлімдеді. Оларға ауыр қылмыс баптары бойынша айып тағылып жатыр. 28 сәуір Семейде өткен жиында құқық қорғаушылар тергеудің "қудалау сипатына" тоқталып, алаңдаушылық білдірді.

—Жуырда Таразда болдық, ол жақта оқиғадан кейінгі жағдай адам шошырлық: жеті әкімшілік ғимараты басып алынған, тоналған, полиция департаментінен көп қару-жарақ ұрланған. Бірақ соған қарамастан ол жақта Семейдегідей тағылып отырған айыптар саны көп емес. Семейде алдын ала мәлімет бойынша, 118 күдіктінің 44-і "террористік" бап яғни, "Қылмыстық топтың ғимаратқа шабуыл жасауы" - 269-баптың 3-тармағы бабы бойынша айыпталып отыр. Бұл жақта ешқандай ғимарат басып алынбаған, Тараздағыдай бүлік болмаған. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды, – деді алматылық құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Оның айтуынша, 269-бап бойынша бостандықты шектеу жазасы қарастырылмаған, тек бостандықтан айыру жазасы ғана бар: "Бұдан бөлек, егер оларға айып тағылса, құқықтары шектеледі, жұмысқа, банкке барғанда қиындыққа ұшырайды. Бұл "террористік" бап " деді ол.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының заңгері Әсем Жапалованың сөзінше, қазір тергеу изоляторында 54 адам отыр. 19 қаңтарда олардың саны 114 болған. Тергеу изоляторындағы 41 адамға "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап, 2-тармағы) бабы бойынша айып тағылған. Бір адамға "Ғимаратқа шабуыл жасау" (269-бап, 2-бөлігі), 11 адамға – 269-баптың 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Тағы бір адам "билік өкіліне күш қолдану" (380-бап, 3-тармағы) бойынша күдікке ілінген.

— Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы арқылы БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің арнайы баяндамашысына 15 хабарлама жіберілді. Олар әлі күнге дейін қарастырылып жатыр. Алғашқы күндері ұсталғандар дене жарақатын тіркете алмаған, көбінің медициналық құжаттары жоқ. Қамалғандардың көбі жұмысына немесе оқу орнына ұсталғаны жөнінде дер кезінде хабарлай алмаған, сол себепті оларды жұмыстан немесе оқудан шығарып жіберген. Бірнеше күн бұрынғы жиында тергеу амалдарының қатты созылып бара жатқаны, ал тергеу әрекетінің самарқау жүргізілгені туралы айтылған. Қазір бірде-бір қылмыстық іс сотқа жіберілген жоқ, – деді Әсем Жапалова.

Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина күдіктілердің "террористік әрекет жасағанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ" қоғамға көрсетілмегенін атап өтті.

"Террористік базада арнайы дайындықтан өтіп жатқаны туралы сурет немесе видео сияқты нақты дәлел-айғақ көрсетпейінше, біз оларды бейбіт тұрғындар деп санай береміз. Адамның жәй алаңда тұрғаны туралы видео – оны бап бойынша айыптауға негіз бере алмайды" деді ол.

Ол сонымен бірге өзіне парламенттен хабарласып, белсенділер көп ұсталған қалалардағы жағдайды талқылау туралы ұсыныс айтылғанын жеткізді.

— "Жаңа Қазақстан" фракциясы оқиға дұрыс тергелмей жатқан, әділетсіздік қатты байқалған қалалардан кейстерді жинап, ведомствоаралық тергеу тобына жіберуді ұсынды. Бұлар: Семей, Өскемен, Шымкент, Алматы. Мұнда бейбіт жиындарға шығып, пікірлерін бейбіт түрде жеткізіп жүрген көп белсенді қамалған. Тергеу тобы айыптың қаншалықты негізді екенін айтуы тиіс. 12 мамырда парламентте жұмыс тобы аясында кездесеміз. Ол жақта Семей, Шымкент, Алматы, Қызылорда, Тараз бойынша шамамен 20 кейс қаралады. Мұндай кездесу ұйымдастыру туралы бастаманы парламент көтеріп отыр, – деді Төреғожина.

Бейсенбі күнгі жиын кезінде ұсталғандардың туыстары тергеу амалдары бастапқыда екі айға созылады деп айтылса да, қазір бес айға созылғанын жеткізді. Осыған дейін Өскемендегі тергеу изоляторында отырған кейбір айыпталушылар тергеудің ұзартылғанына наразы болып, аштық жариялаған. Прокурорлар келгеннен кейін наразылық акциясы тоқтаған.

Жиында Қаңтар оқиғасы кезінде Семей мен Өскеменде қанша адамның қаза болғаны әлі күнге дейін белгісіз екені айтылды. Әсем Жапалованың сөзінше, күштік құрылымдар санын айтудан бас тартқан. Бейресми мәлімет бойынша, Семейде екі адам ұсталғаннан кейін қаза болған, Өскеменде оқ жарақатынан үш адам қайтыс болған.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.
XS
SM
MD
LG