Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Талдықорғанда ұсталғандардың көбі үйқамаққа шыққан. Құқық қорғаушы азаптау істері сылбыр жүріп жатқанын айтты


Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды талап етіп, прокуратураға келіп тұр. Талдықорған, 3 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды талап етіп, прокуратураға келіп тұр. Талдықорған, 3 ақпан 2022 жыл.

28 сәуірде Талдықорғанда Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың тағы бірнешеуі үйқамаққа босатылды. Құқық қорғаушы "ұсталғандарды азаптау істерінің" сылбыр жүріп жатқанын айтты.

Бейсенбі күні тергеу изоляторынан босатылған бірнеше адамның арасында 19 жастағы Ролан Маратов та бар.

– Үш ай бойы тергеуде жатты. Оның ешқандай "қылмыстық топ" құрамында емес екеніне көздері жеткен болар. Осы уақыт аралығында оның қандай адам екенін, түп-тұқиянымызға дейін бәрін тексерді ғой. Бабын жеңілдетіп, үйқамаққа жіберді. Бұрын 291-баптың 4-тармағы болған ("Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу"), қазір 287-ге ("Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену") түсірді. Оның қару-жарақты әдейі алмағаны, қандай да бір қастық ниеті болмағаны белгілі болды ғой. Шынымды айтсам, қуанғанымнан сөйлей де алмай қалдым, - деді Ролан Маратовтың анасы Шынар Рахимова Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде "азаптауға ұшыраған ұлы қазір емделіп жатыр".

– Ұлым дәрі ішіп жүр. Қатты ұрған кезде бір көзі дұрыс көрмей қалған. Көзінде шрам бар. Окулистер тамшы жазып берді. Бұлшық еті жырылған дейді. Стресске қарсы да дәрі ішіп жүр. Балам бұрынғыдай емес. Қазір тұйықталып қалған. Қазір көп өзгерген, - деді Шынар Рахимова.

Құқық қорғаушы Виктор Теннің айтуынша, Қаңтар оқиғасына байланысты Талдықорғанда ұзын саны 180 адам ұсталған болса, қазір тергеу изоляторында оннан астам адам қалған. Көбінің бабы жеңілдетіліп, 291-баптың 1-тармағы немесе 287-бапқа ауыстырылған. Көбі ақпан, наурыз айларында үйқамаққа шығарылған.

Құқық қорғаушы Қаңтар оқиғасы кезінде немесе одан кейін Талдықорғанда азапталған азаматтардың шағымы бойынша істер сылбыр жүріп жатқанын айтты. Құқық қорғаушының айтуынша, қазір істерді ведомствоаралық тергеу тобына кірген арнайы прокурорлар және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Талдықорғандағы департаменті жүргізіп жатыр. "Істердің бұл екі ведомство арасында қандай принцип бойынша бөлінгені де белгісіз" дейді ол.

Қарай отырыңыз: Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж (11 ақпан 2022 жыл).

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

Құқық қорғаушы азаптау істерінің жүріп жатқанына төрт ай болса да, әлі күнге дейін істің жылжымай отырғанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, күдіктілердің басым бөлігі өздерін "азаптаған" полиция қызметкерлерін таныған. Бірақ полицейлердің ешқайсысына қамау шарасы таңдалмаған (бұған дейін құқық қорғау органдары бір полицейдің қамалғанын хабарлаған – ред.), олардың статусы да әзірге құқық қорғаушылар мен адвокаттарға белгісіз, қызметінен алынғаны-алынбағаны туралы да ақпарат жоқ.

"Кейбір жәбірленушілер өздерін азаптағандардың оларға әлі кіріп жүргенін, кездесуге келгенін айтты. Мысалы, Қалибеков есімді күдікті (ол өзінің аты-жөнін атауға қарсы болған жоқ – ред.) көзбе-көз беттестіру кезінде өзін азаптағандарды таныған. Осыдан соң сол төрт адамның оның үйінің ауласында жүргені анықталған. Күдіктінің туыстары дер кезінде шағым жазды. Бұдан соң полицейлердің бірі түсініктемесінде сол тұрғын үйде әпкесінің тұратынын айтқан. Әрине, нақты жағдайда олар келіп, күдіктіге қысым жасады деп тұжырым жасай алмаймыз" деді ол.

Құқық қорғаушы бірінші күннен бастап заңгерлердің азаптауға ұшыраған адамдарға қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұрап келе жатқанын, әлі күнге дейін өтініштері орындалмағанын айтты.

  • 2 қаңтарда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсылықтан бастау алған жаппай наразылық бірер күнде Қазақстанның барлық өңірін қамтыды. Бірқатар қалада наразылықтың аяғы қантөгіске ұласты. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды (арасында күш құрылымдарының 19 қызметкері бар). Бірақ билік қаза болғандардың аты-жөнін әлі күнге жарияламай отыр.
  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған істер бойынша елде 243 адам сотталған. Олардың кемінде 20-сына түрме жазасы кесілген. Көбіне шектеу жазасы берілген.
  • Прокуратура мәліметінше, Қаңтар оқиғасынан кейін азаптау және тергеудің заңсыз әдістері бойынша бірнеше жүз шағым түскен. 200-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің сегіз қызметкері мен бір полицей ұсталған.
  • Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG