Accessibility links

Бас прокуратура Украинадағы соғыс тақырыбына арналған митингілерге рұқсат берілмегенін ескертті


Украинаны қолдау митингісі.
Украинаны қолдау митингісі.

1 мамыр күнгі наразылықтар қарсаңында Бас прокуратура мәлімдеме жасап, Украинадағы соғыс тақырыбына арналған митингілерге биліктің рұқсат бермегенін ескертті. Ведомство сенбі күнгі хабарламасында әлеуметтік желілерде "жекелеген тұлғалар" Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының әкімдіктері "1 мамырда Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты митингілер өткізуге келісім бергені туралы жалған ақпарат" таратып жатқанын жазған. Ведомство мұның шындыққа сәйкес келмейтінін айтады.

"Ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдарға жоғарыда аталған қалаларда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы тиісті хабарламалар бермеген не келісілмеген. Осылайша заң тәртібімен ұйымдастырылатын бейбіт жиналыстар 1 мамырда қарастырылмаған" деген ведомство "бейбіт жиын өткізу тәртібін" бұзғандар жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Бас прокуратура халықты заңды сақтауға, "арандатушылыққа бой алдырмауға" және "заңсыз акциялардан бас тартуға" үндеген.

Осыған дейін Қазақстанның әр аймағындағы азаматтық белсенділер 1 мамырда Украинаға қолдау білдіріп, соғысты тоқтатуды; Қазақстанның ҰҚШҰ мен Еуразия экономикалық одағынан шығуын талап етіп; халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып; жалақыны, зейнетақыны көбейтуді сұрап митингіге шығатындары жөнінде өтініш тапсыра бастаған. Белсенділер жергілікті әкімдіктің рұқсат бермегенін, кейбірі атқарушы биліктен жауап ала алмағанын хабарлаған.

Осыған дейін "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов та халықты 1 мамырда жаппай митингіге шығуға үндеген. Әблязов ұсынысынан соң кейбір аймақта азаматтық белсенділер полицияға шақырыла бастады.

Қазақстанда оппозициялық күштер митингісі қарсаңында және митинг күні полицияның белсенділерді ұстауы жиілейді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға жиі шақырады. Ал билік кез келген митингіге рұқсат алуды талап етеді, рұқсатсыз митингіне заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.

Қазақстанда бұған дейін Ресей басқыншылығын айыптап, Украинаны қолдаған акциялар өткен. Кейбірінде полиция акцияға қатысқандарды ұстаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG