Accessibility links

Пентагон өкілі Путиннің "қатыгездігі" мен "азғындығы" туралы айтты


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джон Кирби 29 сәуірде журналистермен брифинг кезінде саясаткер Владимир Путиннің Украинаға қатысты әрекетін қатаң сынады.

Атап айтқанда, Кирби Ресейдің АҚШ және Батыс елдерінен "қауіп төніп тұрғаны" және Украинадағы "нацистер" жайлы мәлімдемесін "оғаш" әрі "қисынсыз" мәлімдеме деп атады. Кирбидің ойынша, нақты жағдайда Ресейдің өзі озбырлық көрсетіп отыр.

"Осы сарындағы [мәлімдемелерін] Украинада жасап отырған әрекетімен байланыстыру қиын: жазықсыз адамдарды атып жатыр, жүкті әйелдерді өлтіріп жатыр, ауруханаларды бомбалап жатыр. Бұл ардан безгендік" деді Пентагон өкілі.

Кирби Путинді "қатыгездігі" үшін айыптап, Украинадағы жағдайға жүрегі ауырмай қарай алмайтынын жеткізді. Парасатты адам, кемеліне келген лидер мұндай әрекеті үшін өзін ақтай алмас еді деді.

"Оның психологиясы туралы айта алмаймын, бірақ бәріміз оның азғындығы туралы айта аламыз деп ойлаймын" деді Джон Кирби.

Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов Пентагон өкілінің сөзін "намысқа тиетін" сөздер деп атап, оған жол беруге болмайтынын жеткізді. Антоновтың пікірінше, АҚШ Киев режимінің "қылмысына көз жұма қарайды".

  • 2022 жылы наурыз айында АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинді "әскери қылмыскер" деп атаған. Ал бұған жауап берген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "бомбалауының салдарынан әлемде жүз мыңдаған адам қаза болған мемлекет басшысының мұндай тіркесті қолдануына жол беруге болмайды" деген.

XS
SM
MD
LG