Accessibility links

Мариупольден 156 адам эвакуацияланды, Ресей әскері "Азовсталь" зауытына басып кіруге талпынып жатыр


Мариуполь қаласы.
Мариуполь қаласы.

Ресей әскері қоршауындағы Мариупольде 3 мамырдан бері "Азовсталь" зауытынан жүзден астам адам эвакуацияланған, барлығы Запорожье қаласына жеткізілген. Бұл жөнінде Мариуполь қалалық кеңесі хабарлады. Украина билігінің айтуынша, Ресей күштері "Азовсталь" зауытын басып алуға талпынып жатыр. Аталған зауытта Украина әскерилері бар.

Мариуполь қалалық кеңесінің хабарлауынша, Запорожьеге келген азаматтарға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Украина премьер-министрінің орынбасары Ирина Верещуктің хабарлауынша, "Азовсталь" зауытынан 156 адам эвакуацияланған. Кәсіпорын аумағында тағы бірнеше жүз адам қалған, қалада жалпы ондаған мың әйел, бала, қарт бар.

"Қалада дәрі-дәрмек, су жоқ, байланыс та жоқ" деді 3 мамыр күнгі брифинг кезінде Ирина Верещук.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш осыған дейін гуманитарлық үзіліс жиі болып, азаматтарды эвакуациялауға көбірек мүмкіндік болатын шығар деп үміттенетінін жеткізген.

3 мамырда Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіне қарасты Стратегиялық коммуникациялар орталығы Ресей әскері Мариупольде "Азовсталь" зауытына қайта штурм жасай бастады деп мәлімдеді.

  • Мариуполь мэрі Вадим Бойченконың айтуынша, 200-ден астам азамат "Азовсталь" зауытында жасырынып отыр.
  • 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше күннен соң Мариуполь қаласы қоршуда қалған. Онда қалған Украина әскері екі айдан бері Ресей күштеріне төтеп беріп жатыр. Қазір қаладан азаматтар мен жаралы әскерилерді шығаруға талпыныс жасалып жатыр.
XS
SM
MD
LG