Accessibility links

"Саяси тұтқын" Асқар Қайырбектің жазасы жұмсартылды


Асқар Қайырбек "55 зауыт Қытайға қайтарылсын!" деген жазуы бар плакат ұстап, Бəйтерек монументі алдында бір адамдық пикет жасап тұр. Нұр-Сұлтан, 18 тамыз 2019 жыл.
Асқар Қайырбек "55 зауыт Қытайға қайтарылсын!" деген жазуы бар плакат ұстап, Бəйтерек монументі алдында бір адамдық пикет жасап тұр. Нұр-Сұлтан, 18 тамыз 2019 жыл.

Петропавл қалалық соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен 2021 жылы екі жыл екі айға абақтыға қамалған "саяси тұтқын" Асқар Қайырбектің түрме жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырды. Белсендінің арызын прокурор мен колония басшылығы да қолдады. Егер бұл өтінішке шағым түспесе, Асқар Қайырбек 18 мамырда бостандыққа шығады.

Асқар Қайырбектің жазасын жеңілдету туралы өтініші 3 мамырда қаралды. Істі қараған судья Алмас Жұмағазин оны бірден қанағаттандырған.

– Асқардың туған інісін қорғаушы ретінде іске де қоспады, сотқа да қатыстырмады. Асқардың өзі сотта тек өтінішін қанағаттандыруды сұрады. Процесс жылдам өтті. Судья тек сот шығыны саналған 840 теңге мен жәбірленушілер қорына 51 мың теңгенің аударылғанын тексерді. Ал сот басталмай жатып ол өзіне "қол көтерген" колония қызметкерлеріне қатысты “қызмет бабын асыра пайдалану” туралы іс қозғалғанын айтты, - дейді сотқа қатысқан белсендінің жақтастарының бірі Жанат Нұркішев.

25 сәуірде түрмеде белсендінің таяққа жығылғаны хабарланған еді. Ақпаратқа қарағанда, оны түнде "сотталушының камерасына кірген арнайы жасақ ұрып-соққан". Кейін мұны Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті растап, Қайырбектің денесіндегі көгерген дақтар туралы ресми жауап берген.

14 сәуірде Қайырбектің жақтастары бас прокуратураға арызданып, оның құжаттарында бұрмалаушылық болғанын, белсенді төлеуге тиісті 840 теңгенің 840 мың теңге деп көрсетелгенін айтқан. Нұркішев бұл мәліметке қатысты да тәртіптік жаза қолданылғанын айтты.

Асқар Қайырбек 2020 жылы қыркүйекте ұсталып, былтыр маусымда бір жарым жылға сотталды. Былтыр 2 қыркүйектегі сот қаулысынан соң Асқар Қайырбекке тағы да 6 ай түрме жазасы қосылды. Сот үкімі бойынша ол бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен де айналыса алмайды. Оны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған ) қатысы бар деп айыптаған.

Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Сарапшылар елде "саяси тұтқындар" тізімі жиі толығатынын айтады. Бір күн бұрын елде "саяси тұтқындар" тізіміне алты адам қосылды. Үшеуі атап айтқанда, саяси белсенді Жанболат Мамай, Дархан Уәлиев және Мұратбай Баймағамбетов Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG