Accessibility links

Ерғали Құлбаев Қаңтар оқиғасына байланысты тағылған айыпты белсенділігімен байланыстырды


Азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевтың соты. Шымкент, 4 мамыр 2022 жыл.
Азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевтың соты. Шымкент, 4 мамыр 2022 жыл.

4 мамырда Шымкенттің Еңбекші аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздікке қатысты және шақырды" деген айыппен қамалған азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевтың ісін қарай бастады. Айыптау актісінде белсенді "жаппай тәртіпсіздікке қатысып полиция мен әскерилерге зорлық-зомбылық көрсетті, полиция көлігі мен жеке көліктерді, мемлекеттік ғимараттарды қиратты" деп жазылған. Белсенді Азаттыққа "бұл істі белсенділігіммен байланыстырамын, істің саяси астары бар" деді.

Құлбаевты сотқа арнайы күзет төрт айдан астам уақыттан бері жатқан тергеу изоляторынан жеткізді. Процеске туыстарымен бірген жиырмадан аса жақтасы келді.

Әуелі прокурор Айдос Лебаев айыптау актісін оқыды. Ол Құлбаевты Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-3 бөлігімен айыптап, "қасақана топ болып жаппай тәртіпсіздікке қатысып, полиция мен әскерилерге зорлық-зомбылық көрсетіп, қызметтік және жеке көліктерді, мемлекеттің ғимараттарды қиратып, өртеді" деді. Белсенді сот кезінде "ештеңені бүлдіріп, қиратпағанын, ешкімге күш көрсетпегенін" айтты, "бірақ митингіге барғаным рас" деді.

- Іс белсенділігіммен байланысты деп ойлаймын. Саяси астары бар. Заң үстемдік құрғанша күресті жалғастыра беремін, - деді ол Азаттыққа.

Азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевтың соты. Шымкент, 4 мамыр 2022 жыл.
Азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевтың соты. Шымкент, 4 мамыр 2022 жыл.

Сотта судья Айнұр Орақбаева куәлерден жауап алды. Айыптау жағынан полиция қызметкерлері жауап берді. Олар наразылық кезінде Құлбаевты алдыңғы қатардан көргенімен, оның қандай да бір мүлікті қиратып, полиция не әскери қызметкерлерді ұрып-соққанын көрмегенін жеткізді.

Бірнеше куәгердің жауабынан соң судья істі 12 мамырға қалдырды.

4 қаңтар күні Шымкент қаласы әкімдігінің алдына жаңаөзендіктерді қолдап, сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылық білдіріп Құлбаев та барған. Оны келген бойда полиция күштеп әкеткен. Кешке Орыс драма театрында басталған бейбіт шеру қала әкімдігінде жалғасты. Полициядан кешке босап шыққан белсенді өзінің айтуынша, қайта әкімдік алдына барып, елді арандап қалмауға, ештеңені қиратпауға шақырған. Мұнысы видеоға да түсіп қалған. Белсендінің айтуынша, 5 қаңтар күні алаңда бейбіт тұрғындарға оқ атылғанын көріп, ертеңіне азаматтық қоғам штабын құрған. 6 қаңтарда штаб мүшелері қолына ақ лента тағып шыққанда полиция оларды тағы ұстаған. 7 қаңтар күні түнде қара киім киген полиция қызметкерлері үйінен күштеп әкеткен. Содан бері қамауда жатыр.

Шымкентте қаңтар оқғасына байланысты жеті белсенді ұсталып, қамалған. Олардың екеуі – көп балалы ана. Кейіннен екі белсенді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілген. Қамауда жатқан бес белсендінің екеуінің ісін сот қарай бастады.

Шымкентте қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтарда өтті. Бейбіт шерумен басталған наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Ондаған полиция көлігі мен жеке көліктер, автобустар өртенген, қала әкімдігі ғимаратымен бірге бірнеше мемлекеттік мекеме бүлінген.

Ресми мәлімет бойынша, тәртіпсіздік кезінде 120-дан аса адам түрлі жарақат алып, 20 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG