Accessibility links

Қазақстан Қырғызстанмен шекарада бақылауды қайта күшейтетінін мәлімдеді


Қазақ-қырғыз шекарасында кезекте тұрған жүк көліктері.
Қазақ-қырғыз шекарасында кезекте тұрған жүк көліктері.

Қазақстанның мемлекеттік кіріс комитеті қырғыз жүк тасымалдаушылары тарапынан контрабанда көбейгенін айтып, шекарадағы бақылауды қайта күшейтетінін мәлімдеді.

Бірнеше апта бұрын ғана тараптар жүк көліктерін шекарадан өткізуді жеңілдетуге келіскен.

Қазақстан тарабы бұл жеңілдікті пайдаланып, бірқатар қырғыз кәсіпкерлері өздерінің көлеңкелі схемаларын қолданып жатыр деп мәлімдеді. Мәселен 28 сәуірде Қырғызстаннан келген жүк көлігінде 1,1 млн дана қолдан жасалған Беларусьтің акциз маркасы анықталған. Сонымен бірге ұсталған көлікте екі мыңнан астам анықталмаған тауар шыққан. Олардың арасында видеобақылау құрылғысы, киім-кешек және спорт тауарлары табылған.

Қазақстанның кіріс комитеті жеңілдетілген ереже орнағаннан кейін Қырғызстаннан Ресейге жол тартқан, бірақ Қазақстанда қалып жатқан заңсыз майнинг құрылғылар, электронды темекілер анықталды дейді.

"Мұндай заңсыз әрекеттер ЕАЭО-ға мүше елдердің бюджетіне кері әсерін тигізеді, сол себептен бақылау қайта күшейеді", - деп мәлімдеді Қазақстан жағы.

Қырғызстанның ресми тарабы әзірге жауап бермеді.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында көлік кептелісі жиі пайда болады. Кей кезде кезектің ұзындығы бірнеше шақырымға созылып кетеді. Шекарада бақылаудың күшеюі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дауға жиі негіз болады.

Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше, ұйым мүшелері арасында еркін тауар тасымалдау туралы келісім бар. Ал іс жүзінде оған мүше елдер бір-біріне шектеу шараларын қолданып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG