Accessibility links

Шымкент соты спорт алаңының орнына жекеменшік емхана салуды заңсыз деп таныды


Шымкенттегі даулы стадион. Сот шешімінен кейін халық стадионды қайтара аламыз деп үміттенеді. 7 мамыр 2022 жыл. Оқырман жіберген сурет.
Шымкенттегі даулы стадион. Сот шешімінен кейін халық стадионды қайтара аламыз деп үміттенеді. 7 мамыр 2022 жыл. Оқырман жіберген сурет.

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Абай ауданы Қызылжар ықшамауданындағы спорт алаңының орнына жекеменшік емхана салуды заңсыз деп таныды. Бұған дейін қала әкімдігі жанындағы «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы бұл жерді жекеменшік емхана салу үшін Medical Center Shubarsu жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берген. Бұған тұрғындар қарсы болып, бірнеше рет наразылық білдірген. Содан кейін жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор қалалық әкімдіктің жерді аталған компанияға беру кезінде "заңбұзушылық анықталғанын" мәлімдеп, сотқа жүгінген.

Істі қараған судья Ерлан Серәлиевтің айтуынша, Жер кодексінің 109-бабына («Елді мекендердің жерін пайдалану» бабы) сәйкес жер телімдері қаланың егжей-тегжейлі бас жоспарына сай қолданылады. «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына берілген кезде даулы жерде спорт алаңы болады деп көзделген. Осы талаптың нормасы бұзылған.

- Жер кодексінің 48-бабында («Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі» бабы) инвестициялық жобаларға аукционсыз жер берілетіні көрсетілгенімен, бұл іс бойынша шешім шыққан кезде инвестициялық жоба болмаған. Сондықтан сот мемлекеттік инспектордың талабы заңды деп тапты, - деді судья.

Стадион маңында тұратын жұрт сәуір айында "сот емхана құрылысын тоқтатуды бұйырса да, құрылыс тоқтамады" деп шағымданған еді. 7 мамырда тұрғындар стадионнан "техника кетпегенмен құрылыс тоқтады" деп хабарлады. "Сот шешімі күшіне еніп, стадион халыққа қайтарылады деп үміттенеміз" деді аты-жөнін айтқысы келмеген тұрғын Азаттық тілшісіне.

2021 жылдың қыркүйек айында Қызылжар ықшам ауданының ондаған тұрғыны елді мекендегі жалғыз стадионға жекеменшік емхана салдыруға қарсылық білдірген. Стадион маңына жиналған тұрғындардың кейбірін полиция ұстап, арнайы жасақ күзеткен.

Қарай отырыңыз: Шымкент тұрғындары стадион орнына емхана салуға қарсы (15 сәуір 2022 жыл).

Шымкент тұрғындары стадион орнына емхана салуға қарсы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

22 қазан күні жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы кезектен тыс тексеру кезінде заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлап, істі сотқа жібергенін мәлімдеген. Бірақ жерді жекеменшік емхана салу үшін алған Medical Center Shubarsu жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты тоқтатпаған.

2022 жылдың 5 сәуірінде қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ұйғарым шығарған. Онда бұрынғы стадион орналасқан жер теліміне «құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттарын алуға және құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынсын» деп бұйырған. Ұйғарым тез арада орындалуға жатады деп көрсеткенімен құрылыс тоқтамаған. Бұған наразы тұрғындар 14 сәуірде тағы наразылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG