Accessibility links

Мәскеудегі парадта Путин Украинаға шабуылды "ескерту соққысы" деп атады


Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіру арқылы "ескерту соққысын берді", "жалғыз дұрыс шешім осы еді". Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадта сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин осылай деп мәлімдеді.

Ресеймен қоса СССР-дың басқа біраз елі бүгін Жеңіс күні тойлап жатыр. 77 жыл бұрын 9 мамырда нацистік Германияның Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгені хабарланған.

Биыл бұл дата Украинадағы "әскери операциямен" қатар келді. Ресей басшылығы Украинаға шабуылын осылай атайды, ал оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жауапқа тартады. Путиннің айтуынша, АҚШ пен НАТО елдері Ресейге қауіпсіздік кепілдігін беруден бас тартты және Украинаны Ресейдің "тарихи жеріне", соның ішінде Қырымға шабуыл жасауға дайындады. Шабуылды бастауға осы жайттар себеп болды дейді Ресей басшысы.

Дәстүр бойынша бір минут үнсіздік жариялаған Путин тек совет кезінде соғысқа қатысып, қаза тапқандарды ғана емес, "неонацистер атқылаған" Одессадағы кәсіподақ үйінде көз жұмғандарды және Украинада оққа ұшқан Ресей солдаттарын еске алуға шақырды. Бұған қоса ол қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасына көмек көрсету жөнінде жарлыққа қол қойғанын айтты.

Жеңіс күні қарсаңында британдық және америкалық ақпарат құралдары барлау қызметіндегі дереккөздерге сүйеніп, Путин мейрам күні Украинаға соғыс жариялауы не мобилизация туралы мәлімдеуі мүмкін екенін жазған. Ресей президенті мұндай ештеңе айтқан жоқ.

Мінбеде үкімет басшысы Михаил Мишустин, Қауіпсіздік кеңесіндегі Путиннің орынбасары Дмитрий Медведев, патриарх Кирилл және басқалар тұрды.

Әскери парадты қорғаныс министрі Сергей Шойгу басқарды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты әуедегі ұшақтар шеруі өтпей қалған.

Бұған қоса, бүгін Ресейдің көп қаласында "Ажалсыз полк" шеруі өтіп жатыр. Коронавирус инфекциясы таралуына байланысты соңғы бірнеше жылда бұл шеру онлайн форматқа ауысқан. Жұрт соғыста қаза тапқан азаматтардың суреттерін ұстап, түрлі ұран көтеріп, шеру жасайды. Қатысушылар Совет одағының туын, символдарын көтеріп, әскери киімдерін киеді. Ұйымдастырушылар Украинада қаза болған солдаттардың суретін көтеріп шығуға да рұқсат берген.

Ресейдің кей аудандарында "Ажалсыз полк" шеруіне соғысқа қарсы ұран ұстап шыққандарды қамады деген де ақпарат бар. "Весна" қозғалысы Жеңіс күні осылай қарсылық білдіруге шақырған. Ұйымның Петербургтегі және басқа қалалардағы бірнеше белсендісі осындай ұран тастағаны үшін қамауға алынған.

Бүгін Украина да жеңіс күнін атап өтіп жатыр, бірақ мұнда кісі көп қатысқан жиын болмады.

Украина президенті Владимир Зеленский жақында гитлерлік Германиясы мен қазіргі Ресейді салыстырған. Халыққа жаңа видеоүндеуінде ол Украина таяуда екі бірдей жеңіс мейрамын тойлайды, ал "өзге бір елде бірде-бір жеңіс мерекесі болмайды" деді.

Ресей басып алған украин қалаларында, соның ішінде Херсонда мерекелік шаралар өтті. Ал өзін тәуелсіз деп жариялаған сепаратистік аймақ – "Донецк халық республикасында" атыс болуы мүмкін деген себеппен бұқаралық шара өтпеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG