Қазақстанда биылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) миссиясына қатысқан Қырғызстан әскерилері іссапарға төленуі тиіс ақшаны әлі күнге дейін алмағанын айтып, өз елінің президенті Садыр Жапаровқа үндеу жасаған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
"Біз әскери тапсырманы орындағанымыз үшін төленуі тиіс ақшаны әлі ала алмай жүрміз. Қаржы министрлігі мәселе әлі шешілген жоқ дейді. Сізден осы мәселені шешуге көмек сұраймыз" делінген үндеуде.
Қырғызстан қорғаныс министрлігінен бұл мәселеге байланысты түсініктеме алу мүмкін болмады.
Қазақстанда биыл қаңтардың басында халықтың қымбатшылық, кедейлік, жұмыссыздық пен әділетсіздікке қарсы жаппай наразылық шеруі бірнеше қалада тәртіпсіздіктерге ұласқаннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен терроршылар" шабуыл жасағанын (терроршылар жайлы мәлімдемеге билік сол күйі ешқандай дәлел келтірмеді) мәлімдеп, ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Ресейдің ықпалы басым бұл ұйым Қазақстанға екі мыңнан астам сарбаз жіберген. Қазақстан билігі ҰҚШҰ күштері тек стратегиялық нысандарды күзетеді, "террорға қарсы операцияларға" қатыспайды деп мәлімдеген. Ресми ақпар бойынша, Ресеймен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь пен Тәжікстан кіретін ҰҚШҰ әскері Қазақстанда екі апта болғаннан кейін шығарылған.
Қырғызстан парламенті Қазақстанға әскер жіберуді 7 қаңтарда мақұлдаған. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев ҰҚШҰ миссиясына қатысуға елдің 150 әскери қызметкер жіберілгенін хабарлаған. 14 қаңтарда Қырғызстан әскери контингенті еліне оралды. Қырғыз әскерилері Алматыдағы 2-жылу орталығын күзеткен.
Сәуірде Қырғызстанда Қазақстандағы ҰҚШҰ миссиясына қатысқан әскерилерге құрмет көрсетіліп, президенттің атынан бағалы сыйлықтар тапсырылғаны жайлы хабар тараған.
ПІКІРЛЕР